Оңай олжа опық жегізбесін!
Қазіргі таңда қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу – қоғам алдындағы өзекті міндеттердің біріне айналып отыр. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтандыру маңызды. Жақында «Руханият» орталығында Қызылорда облысы бойынша тергеп тексеру департаментінің бастамасымен Алаяқтардан зардап шегу қаупі жоғары осал топтар үшін, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында аудан тұрғындарымен ашық диалог форматында кездесу өтті.Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов, Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы, Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева және аудан тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында Департамент өкілдері тұрғындарға кең таралған алаяқтық тәсілдері, олардың құрбаны болмаудың жолдары, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін қорғау, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тақырыпқа сәйкес арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, онда алаяқтардың әрекет ету тәсілдері мен олардан қорғанудың тиімді жолдары көрнекі түрде таныстырылды.
– Қазіргі таңда интернеттің дамуы адамдардың тұрмысын жеңілдеткенімен, онымен бірге түрлі қауіп-қатерлер де артып келеді. Соның ішінде интернет-алаяқтық, заңсыз брокерлік ұйымдардың арбауына түсу және лудомания мәселесі қоғам үшін өзекті проблемалардың біріне айналды. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, оңай табысқа кенелуді ұсынып, жалған инвестициялық жобалар мен түрлі қаржылық платформалар арқылы қаражаттарын иемденуде. Өкінішке қарай, көп жағдайда тұрғындар өздерінің жеке мәліметтерін, банк карталарының деректерін бөгде адамдарға беріп қою немесе күмәнді сілтемелерге өту арқылы алаяқтардың құрбаны болып жатады. Сондықтан әрбір азамат сақтық шараларын қатаң сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенім артуы қажет, – деді Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы.
Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева кездесу барысында тұрғындарға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, жалған брокерлік компаниялардың әрекет ету тәсілдері, сондай-ақ лудоманияның адам өміріне, отбасына және қаржылық жағдайына тигізетін кері әсерін жан-жақты түсіндірді. «Лудомания – тек ойынға тәуелділік емес, ол адамның психологиялық, әлеуметтік және материалдық жағдайына ауыр зардап әкелетін қауіпті дерт. Сондықтан кез келген оңай табысқа жетелейтін ұсынысқа сын көзбен қарап, заң талаптарын сақтап, қаржылық сауаттылықты арттыру – әр азаматтың өз қауіпсіздігі үшін маңызды қадам» деген білікті маман осындай кездесулердің басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру екенін айтты. «Қоғам болып сақтық мәдениетін қалыптастырып, алаяқтық әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастырсақ, көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады деп сенемін. Әрбір қылмыстық істің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпау қажет. Және қоғам дертімен барлығымыз бірге күресуіміз қажет» деді ол.
Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алаяқтықтың алдын алу және сақтану бағытында құқықтық кеңестер, заңнама талаптарына көптеген түсіндірмелер беріп, құқықтық көмек көрсету мақсатында ауданға арнайы келген мамандарға шынайы алғысын білдірді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









