Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Стоп, кредит» – қаржылық қауіпсіздік кепілі

«Стоп, кредит» – қаржылық қауіпсіздік кепілі

Несие мен қарыз бүгінде көп отбасының күнделікті өміріне айналған. Үй алу, той өткізу, оқу ақысын төлеу немесе басқа да тұрмыстық қажеттіліктің басым бөлігі қомақты қаражатты талап етеді. Қазіргі таңда тіпті киім-кешек пен азық-түлікті бөліп төлеу арқылы сатып алу қалыпты құбылысқа айналды. Соның салдарынан кейбір азамат аса қажет болмаса да, қарызға жүгінуді әдетке айналдырып келеді. Тіпті «байқамай, несие алып қоямын» дейтіндер де бар. Қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен несиеге тәуелділік мәселесі әлі де өзекті.

Бұл тұрғыда ерекше назар аударатын мәселенің бірі – микроқаржы ұйымдарының қызметі. Мұндай ұйымдарда несие рәсімдеу оңай әрі жылдам жүзеге асады. Көп жағдайда қарыз алушының табысы, жасы немесе несие тарихы басты талап ретінде қарастырылмайды. Алайда оның кері тұсы да бар. Микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, төлем уақытында өтелмесе, өсімпұл еселеп көбейіп, шағын қарыздың өзі бірнеше жыл ішінде қомақты берешекке айналуы мүмкін. Кей жағдайда мұндай несие уақытша қаржылық қиындықтан шығуға көмектескенімен, олар әсіресе жастардың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруі ықтимал. Бұл сала алаяқтардың да жиі пайдаланатын тетіктерінің біріне айналып отыр.

Осындай қауіптердің алдын алу мақсатында мемлекет «Стоп-кредит» қызметін іске қосты. Бұл сервис азаматтарға өз атына жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттер рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салуға мүмкіндік береді. Қызмет 2023 жылдың наурыз айынан бастап қолжетімді болғанымен, оның мүмкіндіктері туралы көпшілік әлі де толық біле бермеуі мүмкін. Сервисті «eGov.kz» порталында немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен қосуға болады.

Қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың түрі көбейіп, азаматтардың қаржысын заңсыз иемдену жағдайы жиілеп келеді. Әсіресе электрондық қызметті толық меңгермеген егде жастағы адамдар жиі зардап шегеді. Кей жағдайларда олардың телефоны немесе жеке дерегі арқылы өзге адамдар заңсыз нес­ие рәсімдеп, қаржыны жеке мақсатына жұмсайтын фактілер де кездеседі. Сонымен бірге кәсіби алаяқтар түрлі айламен азаматтардың жеке мәліметтерін алып, олардың атына қашықтан несие рәсімдеп жатады. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алуда «Стоп-кредит» сервисі маңызды қорғаныс құралы саналады.

Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген бұл қызметті алдын ала қосып қою тиімді. Ал егер кейін несие рәсімдеу қажеттілігі туындаса, өтініш негізінде қойылған шектеуді кез келген уақытта алып тастай алады. Қызметті қосу үшін алдымен eGov.kz порталына кіріп, жеке кабинетке тіркелу қажет. Кейін «Сервистер» бөлімінен «6 ай мерзімге банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдап, онлайн өтінім береді. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен расталғаннан кейін азаматтың атына жаңа несие рәсімдеуге тыйым салынады. Айта кету керек, ЭЦҚ кілтін бөгде адамдарға беруге немесе жариялауға болмайды, себебі ол азаматтың жеке қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Егер өз еркімен несие алудан бас тарту қызметі қосулы кезеңде оның атына заңсыз нес­ие рәсімделсе, онда сол қарызды өтеу міндеті сол адамға жүктелмейді. Мұндай жағдайда кредит берген банк немесе микроқаржы ұйымы заңсыз рәсімделген қарызды есептен шығаруға міндетті. Бұл норма азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, қаржылық алаяқтықтан келетін залалдың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 шілде 2026 ж. 94 0