Қаржыны тиімді басқару – табысты өмірдің кілті
Қаржылық алаяқтық тыйылмай тұр. Жаңа заң енгізіп, түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізілгенімен, алаяқтар ұрымтал тұсты дәл тауып, халықты қанаудың жолын табады. Мамандар дабыл қағып, түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, қолдағы қаражатынан қапыда көз жазып қалып жатқандар көп. Бұл орайда аудандық газет редакциясына «Халық» банкінің Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық басқармасының басшысы Асылбек Палымбетов арнайы келіп, мамандарға түсіндірме жұмысын жүргізді. Кездесу барысында банк қызметі, несие рәсімдеу шарты, қаржылық сауаттылық пен алаяқтан сақтану туралы айтылды.– Қолданысқа енген заңдылыққа сәйкес, қазір несие беру тәртібі өзгерген. Бұрын сұраған уақытта несие рәсімделіп, аударылып берілетін. Қазір бұл жұмыстардың жүзеге асуы 24 сағатты құрайды. Бұл ең алдымен алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қою үшін енгізіліп отыр. Жалпы қанша айтылса да, алаяқтардың тамырын жою мүмкін болмай отыр. Тек адам өз деректеріне абай болуы керек. Қазіргі таңда жасанды интеллект арқылы адамның түрін, даусын салып та өрескел әрекеттер жасалып жүр. Көбіне үлкен кісілер алаяқ құрбаны болып жатады. Алаяқ дегенде, өз туысынан, жақындарынан жапа шегіп жүргендер де аз емес. «Телефоныңды көріп берейін» деп сұраған адамға беруге болмайды. Алаяқтар сауатты заңгер, банк қызметкері секілді әңгіме өрбіте алады. Содан кейін олар көбіне қазақ тілінде сөйлей алмайды. Сұраған адамға ұялы телефонға келген кодты бермеу керек. Банк қызметкері сізден кодты ешқашан сұрамайды, соны есте сақтау қажет. Алаяқтан сақтанудың бірден-бір жолы мұқият болу, – дейді А.Палымбетов.
Осындай жағдайлар жиі кездесіп жүр. Үйдегі үлкендердің телефонын алып, атынан несие рәсімдеу жағдайы да тіркелген. Сондықтан ұялы телефонды, жеке деректерге қолжетімділікті екінші тұлғаға беруге болмайды. Арбаушылар жасанды интеллект арқылы, әлеуметтік желі арқылы жоспарын жүзеге асырады. Қоңырау шалған адам сіз туралы деректерді, заң баптарын айтып, өзін сауатты көрсетуге тырысады. Бұл ретте сабыр сақтап, ресми құқық қорғау органдарына хабарласу ләзім.
Одан кейін қаржылық сауаттылық тақырыбы тілге тиек етілді.
– Ресми деректерге құлақ салсақ, халықтың қаржылық сұранысы, қарыз мәселесі өзекті. Айлық алсақ, баратын, беретін, алатын жер бар дегендей, тапқан ақшаның желге ұшқандай жоқ болатыны белгілі. Дегенмен қаржылық сауаттылықты іске қосу керек. Айлығыңның белгілі бөлігін жинап қойсаң, көбейіп тұра береді. Қаржылық сауаттылық солай қалыптасады, – дейді маман.
«Тт» ақпарат










