Аудан әкімі Тереңөзек кентіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты

Алдымен, аудан басшысы А.Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер аула аумақтарының қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Қайта жаңғырту жұмыстарын «СП Бірлік Инжиниринг» ЖШС жүргізуде. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлер аулаларына спорттық ойын алаңы салынып, балалар ойнайтын құрал-жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ, аула аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан соң аудан әкімі кент көшелеріне салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының сапасына назар аударды. Биыл аудан орталығында Ғ.Мұратбаев, Ә.Тәжібаев, О.Абдулпаттаев, Д.Керейтбаев көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл жұмыстарды «Шиелі Жолшы» ЖШС мен «Ақнұр-Авто» ЖШС мекемелері атқаруда.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне абаттандыру және жаяу жүргіншілер жолдарының тұрғындарға маңызын атап, жұмыстарды сапалы жүргізуді және уақытылы аяқтауды ескертті. Тереңөзек кенті әкіміне қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, өткен жылы Тереңөзек кентінде Д.Қонаев, Р.Алшынбаев, Ж.Құттыбаев, Жеңістің 50 жылдығы, Қ.Бөдеев және Қазақ көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынған болатын.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі