Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№43 газет

09 маусым 2026 ж.

№42 газет

06 маусым 2026 ж.

№41 газет

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Зерделі ұлт және Шәкәрім мұрасы

Зерделі ұлт және Шәкәрім мұрасы

Қазіргі кезеңде кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесі қоғамдағы маңызды рухани бағытының біріне айналып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі» Жарлығы – ел болашағының дамуына бағытталған маңызды және өзекті қадамның бірі.

Бүгінгі таңда жасанды интел­лект дамып, ақпарат ағыны күшей­ген сайын адамдардың кітапқа деген ықыласы әлсірей баста­ғаны байқалады. Әсіресе жас­тар арасында қысқа бейнероликтер мен әлеуметтік желілерге тәуел­ділік артып, үздіксіз қысқа ақпарат қабылдауға негізделген клиптік ойлау үрдісі күшейіп келеді. Терең ойлау, сабырмен оқу, саралау мәдениеті әлсіреген көрініс­тері байқалады. Кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесінің мемлекеттік деңгейде көтерілуі интеллектуалдық және рухани ка­питалды нығайтудың маңызды тетігі деп есептеймін.

Қазақтың ұлы ойшылы, ақын әрі ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясы арқылы қазақ халқын білім, ғылымға ұмтылып, зерделі ұлт болуға шақырған. Шәкәрім шығармаларында адамгершілік, білім, ар-ождан, рухани тазалық мәселелері кеңінен қозғалады. Білімді тек дүниелік мақсат үшін емес, адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелеу үшін қажет деп санады. Шәкәрім ғылымды адам өмірінің бас­ты құндылықтарының бірі ретінде бағалай отырып:
«Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң, емің ғой.
Бәріне жетеді,
Таусылмас көлің ғой»
деп, ғылым мен білімді адам­заттың сарқылмас рухани байлығы ретінде сипаттайды. Бүгінгі «зерделі ұлт» идеясының негізінде де білімге сүйенген, ойлау мә­дение­ті қалыптасқан қоғамды құру мақсаты жатыр.
Ағартушы өз «Қош» өлеңінде надандықты қоғамның үлкен дерті ретінде қарастырды.
«Надандық жаман ғой,
Оқыған – адам ғой.
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой»
деген жолдары адамның тұл­ға ретінде қалыптасуындағы білім­нің маңызын айқын көрсетеді. Айтылған ойы қазіргі қоғам үшін де өзекті. Себебі кітап оқымайтын, ізден­бейтін қоғамның рухани және интеллектуалдық дамуы баяулайтыны анық.
Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы ғылым мен адам­гершіліктің өзара байланысына ерекше назар аударды.
«Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да, ғылым бiл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл»
деп, білімнің адамға рухани жауап­кершілікпен бірге қажет екенін көрсетеді. Философ ойын­ша, ғылым адамгершілікпен ұштасқанда ғана қоғамға пайда әкеледі. Осы өлең жолдары арқылы, бүгінгі зерделі ұлт қалыптастыру идеясымен үнде­сетін маңызды тұжырымды бай­қаймыз.
Шәкәрім халықтың рухани дам­уы оқу мен ағартушылық арқылы жүзеге асатынын ерекше атап өтті.
«Құлағы мен көзiн аш,
Оқу оқыт, ғылым жай.
Насихатты сөйтiп шаш...»
деп, қоғам санасын оятудың басты жолы білім мен тәрбиеде екенін көрсетеді. Ал оның:
«Газетке жаз, кiтап жаз,
Бастыр, оқыт қазаққа»
деген ойлары ұлттық сананы дамытудағы кітап пен баспасөздің маңызын айқындай түседі.
Бүгінде мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бас­тамалар – қоғамның рухани сапасын арттыруға жасалған маңызды қадамдардың бірі. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы әр адамның кітапқа деген ішкі қажеттілігін қалыптастырумен тікелей байланысты.
Қорыта айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасы – бүгінгі «зерделі ұлт» идеясымен терең үндесетін рухани құндылықтардың қайнар көзі. Кітап оқитын, ізде­нетін, ойлайтын қоғам ғана рухани мықты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыра алады. Сон­дықтан кі­тап оқу мәдениетін дамытуды назарға алу – болашақ ұрпақтың интеллектуалдық әрі рухани дамуы­на салынған маңызды инвестиция.

Шыңғыс ҮМБЕТАЕВ
09 маусым 2026 ж. 304 0