Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аулаға көлік қоюға тыйым салына ма?

Аулаға көлік қоюға тыйым салына ма?

Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы бүгіннен бастап басылым бетіне жаңа айдар ашып отыр. Енді шығармашылық құрам апта бойы көпшілік арасында жиі талқыға түскен мәселені «Назар» айдары бойынша оқырман қауымға ұсынады. Осы аптада қоғам өмірінде барлық әлеуметтік желі мен мессенджерде 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғын үйлердің ауласына көлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпарат кеңінен тарады. Бұл хабарлама көпшіліктің алаңдаушылығын туғызып, жүргізушілер арасында түрлі пікірдің қалыптасуына себеп болды. Алайда ҚР Ішкі істер министрлігі аталған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме беріп, оның шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үйлердің аулаларында кө­лік құралын қоюға толық тыйым салуды көздейтін қандай да бір жаңа заң немесе нормативтік-құқықтық акт қабылданбаған. Сондықтан 1 шілдеден бастап барлық аулада автокөлік қоюға шектеу енгізіледі деген ақпарат жалған болып табылады.

Мамандардың пікірінше, әлеуметтік желі­лерде таралатын мұндай негізсіз хабарлама тұрғындар арасында түсінбеушілік туғызып, қоғамда орынсыз дүрбелең қалыптастыруы мүмкін. Сол себепті азаматтарға ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, тек ресми дереккөздерге сүйену ұсынылады. Дегенмен бұл аулаларда көлік қою мәселесіне қатысты ешқандай талап жоқ дегенді білдірмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жүргізушілер көлік құрал­дарын тұрғындардың қауіпсіздігіне кедергі келтірмейтін жерлерге қоюға міндетті. Әсіре­се, өрт сөндіру техникасының, жедел жәрдем көліктерінің және басқа да арнайы қызметтердің еркін қозғалуына мүмкіндік беретін талап сақталуы тиіс.

Соңғы жылдары еліміздің көптеген өңір­лерінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында көліктердің шамадан тыс көбеюі өзекті мәселеге айналды. Кей жағдайда жүргізушілер көліктерін балалар алаңына жақын жерлерге, жаяу жүргіншілер жолына немесе арнайы техникалардың жүру бағытына қойып, тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Мұндай әрекеттер тек әкімшілік құқық бұзушылық қана емес, төтенше жағдай кезінде адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу барлық азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондықтан әрбір жүргізуші көлігін қою кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтап, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін ескеруі қажет.

Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үйлердің аулаларында тәртіп орнатудың ең тиімді жолы – заң талаптарын сақтау және өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру. Өйткені, кез келген аула ең алдымен балалар ойнайтын, тұрғындар демалатын және адамдар еркін жүріп-тұратын орта болып саналады. Бүгінде ақпараттық кеңістікте түрлі қауесет пен расталмаған мәлімет жиі таралады. Сондықтан мемлекеттік орган азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Егер заңнамаға қандай да бір өзгеріс енгізілсе, олар міндетті түрде мемлекеттік органның ресми сайты мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланатын болады.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің аулаларына көлік қоюға толық ты­йым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Дегенмен жүргізушілер қолда­ныстағы жол қозғалысы ережелерін сақтап, көліктерін тұрғындардың қауіпсіздігіне ке­дер­гі келтірмейтін жерге қоюы тиіс. Қоғам­дық тәртіп пен қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
20 маусым 2026 ж. 90 0