Газетке жазыл, туған өлке тынысына үн қос!
Тұрақты оқырманымызға таныс, қазіргі таңда жергілікті баспасөзге жазылу науқаны қызу жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың екінші жартыжылдығында аудан жаңалықтарымен сусындап, рухани қазынаны байытуды көздеген көпшілік аудандық газетке жазылып үлгерді. Бұл ретте, жергілікті басылымдар әр шаңырақтың төрінен орын алуға лайық екенін айта кету орынды.Бүгінде басылым қырық мыңға жуық аудан халқы мен алыс-жақын қала, облыстағы тұрақты оқырмандарына қызмет етіп отыр. Жыл бойындағы атаулы даталарға байланысты уақытша айдарлармен бірге тұрақты айдарлар аясында тұшымды мақалалар жазып, көрермен көзайымына айналған газет мамандары оқырман үдесінен шығу жолында аянбай еңбек етуде. Сондай-ақ ресми сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар заман талабына сай тәулік бойына оқырманға ақпарат таратып, жүйелі жұмысты үйлестіріп келеді.
Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Бетте қатталып, жылнамалар жазылған иісі ерекше парақтар тарих қойнауына енеді. Ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері көп болғанымен, газет бетіндегі шынайы ақпарат, байыпты сөз, нақты тұжырымды алмастыра алмайтыны анық.
Әдетте біз газетке жазылу науқанында алғашқы болып межені толық орындаған мекемелерді газетке шығарып, ақпараттық қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ аудандық газетті жыл сайын тұрақты түрде қолдап, демеушілікпен еңбек ардагерлерінің мекенжайына тегін газет жазып беретін жомарт жүректі жандар бар. Біз олардың еңбегін жоғары бағалап, төл басылым арқылы тілектестігімізді білдіреміз.
Осы жылы аудандық мәслихат, Отбасын қолдау орталығы, Су шаруашылығы, Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері, «Жалын» лагері, Айдарлы, Аманкелді ауылдық клуб үйлері, кент мәдениет үйі, кент клубы және «Шаттық», «Ақкөгершін», «Қызғалдақ», «Алтын сақа», «Балдырған», «Айгөлек» балабақшасының қызметкерлері алғашқылардың бірі болып аудандық газетке толық жазылып, межені жүз пайызға орындап отыр. Сондай-ақ Ақжарма ауылындағы берекесі тасыған «Ақжарма және К», «Ақжарма 2», Н.Ілиясов ауылындағы іргелі «Мағжан және К» ЖШС жергілікті басылымға қолдау көрсетуде. Бұл ретте, білім беру, денсаулық сақтау салалары мен жергілікті бөлім мен мекемелер ақпарат тарату қарқын алып тұрған кезеңде мерзімді басылымдардың рөлі зор екенін жақсы түсінеді. Жалпы аудан тұрғындары – аудандық газеттің тұрақты оқырмандары. Өз кезегінде зейнеткерлеріміз жеке-дара келіп, газетке арнайы жазылып, ақ батасын беріп жатады. Ауданның абыройын ту етіп, күндіз-түні газеттің сапалы шығып, уақытылы халыққа тарауына өзіндік үлесін қосып жүрген редакция қызметкерлері үшін бұл – зор абырой, мәртебе. Бұл ретте басылым жанашырларына, тұрақты оқырмандарына шексіз алғысымызды білдіреміз!
Қоғам қайраткері, ғасырдан аса тарихы бар ұлт басылымы «Қазақ» газетінің екінші тынысын ашқан жазушы Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетінің бас редакторы болып тұрғанда газет шыққан күні Алматы көшелеріндегі дүңгіршекке арнайы барып, кеше өзі баспаханаға жіберген газетті сатып алып оқиды екен. Бұл – газетке ғана емес, ұлтқа, тілге, руханиятқа жасалған құрмет, қамқорлық. Бұл ретте, ойлы оқырманымызды жаңалық жаршысы, тіршілік тынысына айналған газетімізді қолдауға шақырамыз!
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ








