Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№83 газет

01 қараша 2025 ж.

№82 газет

29 қазан 2025 ж.

№ 81 газет

25 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Гаджет газетті ауыстырмайды

Гаджет газетті ауыстырмайды

Заман қарыштап дамыған сайын ақпарат айдыны кеңейіп, әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған жайы бар. Осы орайда газеттің заманын «біттіге» балап жүргендер де кездеседі. Бірақ қағаз газеттің құны, мәні, маңызы, іздеушісі толастамақ емес.

Дамыған елдердің тұрмысына назар салсақ, ауқатты, зиялы адамдардың күні газет парақтап, жаңалықтармен танысудан басталатын әдемі көрініс жиі кездеседі. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Бетте қатталып, жылнамалар жазылған иісі ерекше парақтар тарих қойнауына енеді. Ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері көп болғанымен, газет бетін­дегі шынайы ақпарат, байыпты сөз, нақты тұжырымды алмастыра алмайтыны анық.

Осы орайда танымал журналист Нұртөре Жүсіптің бір сұхбатындағы сөзі ойға оралып отыр. «Газетке деген немқұрайлылық тек бізде ғана өріс алып отыр. Әлемнің кез келген озық мемлекетінде қағаз түріндегі басылымдар тұрақты шығуда. Технология жағынан дамыған Жапонияның өзінде күніге екі рет – таңертең және кешке 9 миллион  тиражбен шығатын газеттер бар. Сол Жапония неге жа­уып тастамайды газеттерін? Бәрі смартфон арқылы оқи бермей ме? Жоқ! Дамыған елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Олар содан айырылғысы келмейді» деген болатын. 

Расында да әлеуметтік желі мен ақпараттық технологиялар құн­ды­лық­тың орнын ауыстыра алатын болса, аузын айға білеген елдер не­ге газеттен түбегейлі бас тартпайды?! Жооқ, керісінше, даму мен алға жылжудың, өркендеудің түбірі – осы сауаттылықтан, кітап, газет-журнал оқудан қол үзбеуде жатқан секілді. Қазір Америка болсын, Түркия болсын, әлемге танымал елдерде ай сайын емес, күн сайын мыңдаған тиражбен газет шығып, таралып, оқылып, ізделіп жатады. Бұл бекерден-бекер емес.

Әлбетте оқудың маңызы айтпаса да түсінікті. Ол күнделікті көз ұйқыға кет­кенше оқитын әлеуметтік желідегі оқу емес. Бұл тұста ең бірінші ақпарат сенімділігін айтып өтуге болады. Яғни әлеуметтік желі әркімге-ақ қолжетімді болғандықтан, кез келген адам ойына келгенді жаза алады. Оның үстіне қазір жасанды интеллект арқылы түрлі фото, видео жасап, жалған ақпарат тарату тыйылмай отыр. Ал газет беттерінде ұтымды, анық әрі құнды ақпарат жариялануы үшін қаншама маман күні-түні көз ілмей еңбек етеді.

Одан кейін көпшілікке ең керегі – сауаттылық. Әлеуметтік желідегі кей жазуларға қарап, қызыл қаламмен шимайын шығарғың келеді. Бірақ ең қорқыныштысы, бұл көпшілік үшін үйреншікті нәрсеге айналып бара жатыр. Газетті гаджет ауыстыра алмайтынына тағы бір дәлел бұл. Телефонға үңілген бес сағаттың бір сағатында кітап, газет-журнал оқыңызшы, қан­шама құнды дүниеге көз жеткізер едіңіз. Балаларды да телефонға тел­міртпей, жақсы қасиетті бойына сіңіру маңызды.

Газет – қатталған тарих. «Өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік». Газетте қатталған тарих мұрағаттарда ұзақ жыл бойы сақталып қалады, тарих қойнауына енеді. Ал ғаламтордағы ақпараттың бір түймешікпен-ақ жо­йылып кетпеуіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Түптеп келгенде айтарымыз, газет оқырманымен құнды. Аудандық газет тілшілері оқырман үдесінен шығу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл ретте ауданның төл басылымы әр үйдің төрінен табылады. Аудан тұрғындары, газет жанашырларының әркез қолдауымен құндылығымыздың құны жыл өткен сайын артып отыр. Бізді әркез іздейтін ойлы оқырман мен төл басылымның тұрақты жанашырлары барда, біз «газеттің дәурені бітті» деген қасаң пікірге қосыла алмаймыз.

Жалпы аудан тұрғындары – аудан­дық газеттің тұрақты оқырмандары. Өз кезегінде зейнеткерлеріміз жеке-дара келіп, газетке арнайы жазылып, ақ батасын беріп кетіп жатады. Ауданның абыройын ту етіп, күндіз-түні газеттің сапалы шығып, уақытылы халыққа тарауына өзіндік үлесін қосып жүрген редакция қызметкерлері үшін бұл – зор абырой, мәртебе.

Құрметті, оқырман! Әне-міне дегенше 2026 жылдың І жартыжылдығына мер­зімді басылымдарға жазылу нау­қаны басталды. «Газет күнде шық­са, күнде оқуға бармын» дейді біз­дің тұрақты оқырмандар. Газет оқу мәдениеті – талғамы жоғары оқыр­манның талабы. Газет оқу – зия­лы­лықтың белгісі. Ендеше сіз де газетке жазылуға асығыңыз!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

01 қараша 2025 ж. 64 0