Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 23 газет

23 наурыз 2026 ж.

№ 20 газет

17 наурыз 2026 ж.

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шежірелі жылдар жаңғырығы

Шежірелі жылдар жаңғырығы

Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті 1939 жылдың 26 наурызынан бастап жарық көруде. Аптасына екі мәрте оқырманымен қауышатын төл басылым аудан халқына елдегі қоғамдық-саяси ахуалды таратушы, насихатшы қызметін атқарып келеді. Табиғат-ананың бүршік атып, күн шуағы молынан түсіп, аққа ауыз тиіп, көпшіліктің қуанышқа бөленер тұсы аудандық газет редакциясы үшін тіпті ерек. Олай дейтін себебіміз, 26 наурыз – төл газеттің ең алғаш жарыққа шыққан күні. Олжалы басылымның ойлы оқырманымен қауышқанына биыл 87 жыл толды.
Айта кетейік, тіршіліктің тамырына айналған «Тіршілік тынысы» газетінің өткен жылы 100 нөмірі жарық көрді. Біз бұл сәйкестікті жақ­сы іске балап, алдағы уақытта газет жұмысының жанданып, оқыр­манымен жүз пайыз толық қауы­шуын тілек еттік. Басылымның шы­ғар­машылық құрамы өткен жылы ауданға қарасты барлық елді мекенде іс-сапармен болып, «Жұ­мысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамы, кәсіпкерлік, атқа­рылған жұмыс, эксклюзив, тари­хи орын, медициналық емдеу мекемелері жөнінде танымдық мақа­­лалар жариялады. Аудандық басы­лымның тұрақты түрде «Шал­ғайда жүрген түлек», сараптама, эксклюзив, «Мәселенің мәнісі», «Құқықтық кеңес», «Блиц-сұхбат» секіл­ді бірнеше айдары жұмыс жасап келеді. Осы жылдан бастап «Шарайна», «Оймақтай ой» айдарын қолданысқа енгізіп отырмыз. Оқушы шығармашылығына арнал­ған «Рауан», оқырмандардың сұранысы бойынша «Сенбілік» демалыс беті бар. Бүгінде аудандық басы­лымда тұрақты авторлармен байланыс жақсы жолға қойылған. Қазіргі уақытта басылым тілшілері қоғамда болып жатқан сан түрлі оқиғаларды газет бетіне дер кезін­де жариялап келеді. Қырық мыңға жуық аудан халқы мен алыс-жақын қала, облыстағы тұрақты оқыр­мандарына қызмет етіп отыр­ған газеттің алыс-жақын шетелде де оқырманы қалыптасқанын мақ­таныш­пен айтып өту орынды. Қазіргі таңда жас әрі білікті мамандармен толыққан редакция ұжымы газет­тің мазмұнын байытуға әркез жұмыс жасап, мамандар ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Осы ретте аудан­дық газеттің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары заман талабына сай тәулік бойына оқырманға ақпарат таратып, жүйелі жұмысты үйлестіріп келеді.
Редакция ардагерлерімен жылы қарым-қаты­нас жолға қойылып, әрбір мерейтой мен атау­лы күннің лайықты атап өтіліп келе жатқанын, қызметкерлердің түрлі бағытта ауқымды жетістікке қол жеткізіп жүргенін де мерейлі күн қарсаңында айтып өту орынды.
Тарихқа көз жүгіртсек, ВКП (б) Орталық Комитетінің 1930 жылғы 17 тамызындағы «Округтардың жойылуына байланысты газет жүйелерін қайта құру туралы» қаулысына сәйкес негізгі өндіріс орындарында, сонымен қатар ауыл­шаруашылық аудандарында қалалық, аудандық газеттер ұйымдастырыла бастаған. Сол негізде 1938 жылы Тереңөзек ауданы қайтадан аудан мәртебесін алып, аудандық газет 1939 жылдан бастап жарыққа шыға бастаған. Нақтырақ айтсақ, 1939 жылдың 26 наурызы – төл газеттің алғаш оқырманға жол тартқан күні. Ол кезде «Сталин жолы» атауымен жарық көрген басылымның аты кеңестік жүйенің даму кезеңдеріне сәйкес саясат ыңғайына қарай өзгеріп отырған. Әр кезеңде әртүрлі атпен жарық көрген газет 1997 жылдан бастап «Тіршілік тынысы» деген атауымен көрермен көзайымына айналып отыр.
Дамыған елдердің тұрмысына назар салсақ, ауқатты, зиялы адамдардың күні газет парақтап, жаңа­лықтармен танысудан басталатын әдемі көрініс жиі кездеседі. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Бетте қатталып, жылнамалар жазылған иісі ерекше парақтар тарих қойнауына енеді. Ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері көп болғанымен, газет бетіндегі шынайы ақпарат, байыпты сөз, нақты тұжырымды алмастыра алмайтыны анық.
Жалпы аудан тұрғындары – аудандық газеттің тұрақты оқыр­ман­дары. Өз кезегінде зейнет­керлеріміз жеке-дара келіп, газетке арнайы жазылып, ақ батасын беріп жатады. Ауданның абыройын ту етіп, күндіз-түні газеттің сапалы шығып, уақытылы халыққа тарауына өзіндік үлесін қосып жүрген редакция қызметкерлері үшін бұл – зор абырой, мәртебе. Бұл ретте басылым жанашырларына, тұрақты оқырмандарына шексіз алғысымызды білдіреміз!
Біздің мақсатымыз – газет сапасын, шығар­машылық әлеуетті арттыру. Алдағы уақытта жұмыстың нәтижелі болуы үшін тың идеялар сараланып, тілшілер газет оқырмандарына ойлы мақала ұсынуда ізденіп, еңбек ете бермек. Табалдырығы төр, төрі тұғырға айналған редакция ұжымы алдағы уақытта аға ұрпақтың жолын лайықты жалғастырады.
23 наурыз 2026 ж. 48 0