Ауыл ажарына айрықша назар
Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жолдауларында, сондай-ақ өз сапарларында үнемі айтып келеді. «Жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр» дей келе, бүгінде ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өрістерге шығаруға септесетін үлкен жоба екендігін түсіндірген еді. Міне, сондай жұмыс осы ауылда ерекше қарқынмен іске асырылуда.
Жалпы, шаруашылық ауылдың көркейіп, гүлденуіне, абаттандырылуына үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Ол үшін жыл сайын серіктестік есебінен қомақты қаржы бөлініп отырады. Мәселен, жыл сайынғы ауылдың көгалдандыру, тазалығын сақтау жұмыстарына 40-50 млн. теңге жұмсалады екен. Бұл көрсеткіш биыл 60 млн. теңгеге жеткен. Осы жұмыстарды 3 бригада атқарады. Атап айтқанда, Батырбек Рахманшеев бригадасы ауылдың абаттандырылып, гүлденуіне еңбек етеді. Оның нәтижесі көпшілікке белгілі. Ал елді мекендегі барлық көшеге ағаш егіп, оны қоршап, суару жұмыстары Ерсайын Мархабаев бригадасының еншісінде. Сонымен бірге, көше тазалығына Жамал Еспенбетова бригадасы жауапты. Бұл жөнінде бізге шаруашылық төрағасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Нұрмағанбет Қуандықов айтып берді.
– Ауылдың ажары айшықты. Көптеген әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, ауылдың гүлденуіне шаруашылық жұмысшылары еңбек етіп келеді. Елді мекен тазалығына ерекше мән беріледі. Соның арқасында бұл ауыл үлгілі ауылдар қатарында, - деген Н.Қуандықов осы жылы ауылдағы бейітті қоршау жұмыстарын шаруашылық қолға алғанын жеткізді. Шаруашылық есебінен 7 300 000 теңге бөлініп, ауыл маңындағы қорым қоршалған. Қорым іші тазаланып, сәуір айының әр үшінші жексенбісі имандылық күні болып бекітіліпті.
Мұнан бөлек, үстіміздегі жылы ауылдағы спорт кешенін, балабақшаны, мектепті, мәдениет үйін ағымдағы жөндеуге, жаяу жүргіншілер жолын салуға, көше жарығын қалыпты ұстауға, көше аттарын ілуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалған. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында ауыл әкімдігінің ғимараты осы жылы қолданысқа берілді. Жалпы, бұл ғимаратқа аудандық бюджеттен 34 млн. теңге бөлінсе, «Абзал және К» ТС-нен 56 мнл. теңге қаралып, заманауи талапқа сай әкімдік бой көтерді. Шаруашылық әкімдіктің жиһаздарымен де қамтамасыз еткен. Осы тұста, ажарлы ауылдағы спорт кешені, 1000 орындық стадион, мешіт жеке меншік әріптестік аясында салынғанын атап өткен жөн.
Халық даналығында «Азаматтық жасай алмаған адам – бұл өмірге келмеген адаммен бірдей» деген тәмсіл бар. Ал азаматтық танытқан жан алғысқа бөленетіні хақ. Мұны айтып отырған себебіміз, «Ер дәулеті – еңбек» деп, бақытын еңбектен тапқан жандарға шаруашылық басшылығы азаматтық танытып, көмек көрсетіп келеді. Атап айтқанда, серіктестікте жанкешті еңбектерімен абыройға бөленіп жүрген еңбеккерлердің үй-жайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу дәстүрге айналған. Тіптен, өткен жылы шаруашылық бригадирі Бақтияр Кішәйевтің үйін бұзып, қайта тұрғызып берген. Және де 10 күрішші-механизатордың үйіне күрделі жөндеу жүргізіліпті. Ал биылғы жылы бұл жұмыстарға 2,5 млн. теңге бөлінген.