Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылға келді, жас маман

Ауылға келді, жас маман


Ел ертеңі болып саналатын жастардың қоғамда алатын орны ерекше. Алғыр да, парасатты, білімді жастардың ауыл өміріне араласуы құптарлық іс. Бір кездері тұралап қалған ауылдың тыныс – тіршілігіне қан жүрді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың ауылды түлетсем екен деген тілектері орындалып, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жастардың болашағына жол ашты. Қазіргі күні аталмыш жоба республикалық деңгейде кең қолдау тауып, өз жемісін беруі қуантады. Бұрынғыдай дип­ломын құшақтап жұмыс іздеушілер қатары да сиреген секілді. Әсіресе, әлеуметтік сала мамандарына сұраныс жоғары. Мәселен, білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт мамандықтарына бірінші кезекте жұмыс табылады. Ал, ветеринария мамандарына ерекше қолдау көрсетілуі – тағы бір жаңалық деуге болады.
Бағдарлама аясында ауылға аяқ басқан арманшыл жастарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Бір реттік көтерме ақы төленіп, жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін төменгі пайызбен қаржылай қолдау да бар. Әр жылда бұл қаржылай көмектің көлемі артып келеді.
Мемлекетке де, ұлтымызға пайдалы бұл бағдарламаның игілігін көріп отырған жаст­ар легі – Шаған ауылында да жетерлік. «Ауылым – алтын бесігім» деген қағиданы берік ұстаным жасаған, тегеуірінді мақсатпен ат басын бұрған білімдар жас­тар жоғары көбейгені қуантады. Осындай бағдарлама игілігін көріп отырған кейіпкеріміз - №37 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Рүстем Ержанов.
Аталған білім ошағын 2009 жылы тәмамдаған Рүстем Тұрмағамбетұлы есейгенде қандай мамандық иесі болатынын бала күнінен кесіп – пішіп қойыпты. Адам жананың бағбаны – ұстаз болуды армандаған арманшыл жас осы мамандықтың қыр – сыры мен қадір – қасиетін ерте ұғынып, жүрегіне жақын ұстаздарына еліктеп өседі. Бұған білім жүйесінде жемісті еңбек етіп келе жатқан қос апасы – Мейрамкүл мен Әзизаның да ықпалы, өнегелі істері аз болмаса керек.
Адам баласының бойында қашан да биік мақсат пен асқақ арман болады емес пе? Сондай арманшыл жас Рүстем 2009 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы жоғары оқу орнына студент болып қабылданды.
Әне – міне дегенше, қызығы мен қиындығы мол студенттік өмір өте шықты.
Білікті оқытушы – профессорлардан дәріс алған Рүстем 2013 жылы аталған оқу орнын бітіріп, география пәнінің мұғалімі дипломын қолына алды. Өзі туып өскен ауылына оралып, «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім нәрімен сусындаған алтын ұясына жұмысқа орналасты.
Осылайша кезінде сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарымен әріптес болып шыға келді. Шәкірт тәрбиелеу ісінде жас маманға Төребек Дүйсенов, Айгүл Рұсқұлова, Дүйсенбек Тәуекелов сынды тәжірибелі ұстаздары үнемі қолдау көрсетіп отырады.
Аталған мектеп – лицейі аудандағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының біріне саналатын қара шаңырақ. Мұнда ұстаз деген ұлағатты атқа кір келтірмей, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген білікті педагогтар жетерлік. Олар өздерінің бай тәжірбиелерін жаңадан келген жас мамандарға үйретуден әсте жалықпайды. Бұл қамқорлықты осынау мәртебелі мамандықты таңдап, еңбек жолдарын енді бастаған балаң бағбандар жүректерімен сезіне біледі. Білім ошағындағы – биік жетістіктерге жас ұстаздардың қосқан үлесі қомақты.
- Менің бұл бағдарламаның берері мол екендігіне көзім жетті. Елбасымыз жас мамандарға: «Ауылға елім деп, жерім деп өскелең ұрпақтың білім, тәлім – тәрбие алуына өз үлестеріңді қосуға келіп жатқандарың үлкен ерлік. Енді жас ұрпақты тәрбиелеп, отбасын құрып, осы ауылдың зиялы қауымына айналасыңдар...» - деп айтқан болатын. Осы мақсатпен туған ауылымды түлетуге, білімді ұрпақ тәрбиелеуге күш жұмсаудамын – дейді Рүстем бізбен әңгіме арасында.
Ауыл - қазақтың қаны, мәдениеттің, өнердің алтын қазығы. Өзім қарапайым еңбек адамның отбасында тәрбиелендім. Еңбектің не екенін білемін, түсінемін. Сондықтан жастық күш – жігерімді, білім – мақсатымды осы жолға жұмсауға бел будым. Осы орайда «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтан» деп айтқан Абаймен келешек кілтін ұстатқан Елбасы бастамасымен жүзеге асырып жатқан игі істерге өзімнің үлесімді қосамын.
2016 жылы жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болды.
Иә, Рүстем өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды, өте ұқыпты, тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындауға дағдыланған. Мектеп өмірінде өрелі істерге бел шеше араласады.
Ендеше, еңбек майданына араласқан жас маманның ел үмітін ақтаған, туған ауылының гүлденуіне өз үлесін қоса беретініне сенімдіміз.

Нағыман Әйтенов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
28 қараша 2017 ж. 3 140 0