Жастарды белсенді еңбек етуге шақырды
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Ергешбаев пен Мархабат Жайымбетов ауданға жұмыс сапары барысында ауданның белсенді жастарымен кездесті.Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Сейтжан орталықтың, жалпы аудан жастарының атқаратын және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары мен жобаларын таныстырып өтті. Мұнан соң мәжіліс депутаттары аудан жастарымен кездесіп, ой-пікірін тыңдап, пікірлесті.
– Еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Бүгінде елімізде жастарға көптеген мүмкіндіктер де жасалып жатыр. Соны дұрыс жағына пайдаланып, елдің дамуы жолында аянбай, белсенді еңбек етуге шақырамын, – деді мәжәліс депутаты Мұрат Нәлхожаұлы.
Кездесуде аудан жастары сөз сөйлеп, өз салаларында атқарып жатқан ауқымды жұмыстары және жетістіктерімен бөлісті.
– Президентіміз 2026 жылды Қазақстанның жаңғырудың жаңа кезеңі деп атап, жастардың жарқын болашақ үшін маңызды рөліне баса назар аударады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жастарға арналған арнайы үндеуінде жаңа табыстарға жету үшін бірге жұмыс істеуге шақырды. Жастар – елдің болашағы, олардың білімді, рухани бай, белсенді болуы маңызды, сондықтан жастар талмай әркез ізденіп, еңбек етіп, даму қажет, – деді халық қалаулысы Мархабат Жайымбетов.
Сырдария ауданы бойынша 14-35 жас аралығында 12257 жас бар. Бұл аудан халқының 32,3 пайызын құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын аудан көлемінде «Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының» мамандары жүргізіп келеді. Өткен жылы жастардың қатысуымен жалпы саны 94 іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шаралар аясында 3619 жас қамтылды. «Отбасылық цифрлық картасы» базасын өзектендіру бойынша үй-үйді аралау бойынша 9 рет адрестік жұмыстары жүргізіліп, отбасылардың әлеуметтік жағдайына байланысты деректер нақтыланды. Жыл қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау бойынша үздік үштікте.
«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 110 жас жұмыспен қамтылды. Аудан бойынша 2732 кәсіпкер тіркелген болса, оның ішінде 819-ы жас кәсіпкерлер. Сонымен қатар «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай «Жұмысшы мамандық – еңбектің асқақ бейнесі» атты сұхбат тайм, «Мамандығым - мақтанышым» атты арнайы мамандардың қатысуымен семинар-тренинг мен мастер-класс және «Еңбек елдің - ертеңі» атты жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті.
Кездесу соңында мәжіліс депутаттары аудан жастарының жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы уақытта да жоғары нәтиже көрсетуге тілектестігін білдірді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










