Асуларды алады жастар әлі, зор болашақ бүгіннен басталады
Ауданға қарасты Аманкелді ауылында Қызылорда облысының «Волонтёрлер фронт-офис» жетекшісі Болатбек Әйтбенбетов, «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Сиюов, Сырдария аудандық «Жастар» ресурстық орталығының директоры Ғани Оралов белсенді жастарымен еркін форматта кездесті.
Кездесу барысында Қызылорда облысының «Волонтёрлер фронт-офис» жетекшісі Болатбек Әйтбенбетов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауынан туындаған міндеттерді, оның ішінде ел ертеңі саналатын жастар саясатын іске асыру бойынша өз ойын ортаға салды. Жыл сайын жастарды қолдау назардан тыс қалмайтынын айтып, өңірдің, ауданның дамуына да жастар белсенді болу керектігін тілге тиек етті. Кездесуде «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Сиюов ерікті болу – ерлік болып саналатынын, қоғамдағы осал топтағы жандарға көмек көрсетуде жастар алғы шепте жүру керектігін айтты. Өз кезегінде аудандық «Жастар» ресурстық орталығының директоры Ғани Оралов аудан жастарының белсенділігін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданып, тұрақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Жастармен кездескен құрметті меймандар жастардың алар асуы әлі алда екендігін атаса, ауыл жастары бос уақытты тиімді пайдалану, жастар саясатын іске асыруға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Және де кездесуге келген меймандарға алғыстарын айтып, сый-құрмет көрсетті. Ауылдық мәдениет үйінің өнерпаз жастары көңілді кездесуді керемет ән шашумен қорытындылады.
Аманкелді ауылдық округі әкімі аппараты