Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есім де ем: адамның аты – тағдырдың айнасы ма?

Есім де ем: адамның аты – тағдырдың айнасы ма?

«Адамның аты – жарты ғұмыры» деген тәмсілді естуіңіз бар ма?! Адам есімін таңдауға ерекше мән беретін халқымыз сәбиіне есім беруде үлкен даналыққа, астарға мән береді. Тіпті балаға дұрыс ат қою – ата-ананың ең үлкен парызының бірі.

Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді екен. Есім өзгерткендер біздің арамызда да бар. Біз өміріне осындай маңызды шешім арқылы өзгеріс енгізген кейіпкерлерді іздеп көрдік. Айта кетейік, есімнің ұнамағаны үшін емес, кейде өзгертуге тура келетін жағдайлар болады. Бұл мәселе «Неке және отбасы туралы» кодекспен реттеледі.

Тың кейіпкер іздеу барысында мынадай қызық жайтқа тап болдық. Дүние есігін ашқанда Гүлсая деп ат қойылып, айдар тағылған кейіпкеріміз бұл күнде Айгүл деп есімін өзгерткен. Тіпті көп таныстары оның есімі өзгергенін білмейді де. Бірақ Айгүл бұл шешімге жайдан жай емес, тылсым жағдайда келгенін айтады.

– Сол кезде ауылда Айгүл деген емші бар еді, ағаммен көрші тұратын. Анамның маған аяғы ауыр кезде сол кісі анама «Сәбиің қыз бала болады, есімін Айгүл қой» деген екен. Бірақ әкем мен туғанда «қызымның атын өзім қоямын» деп, Гүлсая деп қойған, – дейді кейіпкеріміз.
Негізінен емші-көріп­келдерді ерекше қабі­лет дарыған жандар десек, ондайға сену-сенбеу әркімнің өзіне байланыс­ты. Десек те өмірде небір тылсым жайттар орын алатыны жасырын емес. Содан Гүлсая қыз 15 жасына дейін аурушаң болса керек. Тіпті тылсым жағдайлар орын алып, денесіне қаптаған жара жедел-жәрдем келгенше жоқ болып кететінді шығарған. Одан бөлек ішкі эмоциялық күйі тұрақсыз қалыптасып, бала бойында түсініксіз ерек­шеліктер орын ала бастайды. Осындай бір күні анасына әлгі емші қайта кездесіп «Апа, қызыңыздың есімін басқа қойыпсыз. Енді бұл қыз өмір бойы аурушаң болады» депті. Содан кейіпкеріміздің анасы жолдасымен ақылдасып, қызының есімін Айгүл деп өзгерткен екен. Тылсым жайтты басынан кешкен Айгүл содан кейін ауру-сырқауды біржола ұмытып, сергек, сау болып өскен екен. Расында адамның есімінде үлкен астар мен мән жатқанын назарға алсақ, бұндай жағдайлардың ара-тұра кездесетіні ақиқат. Бүгінде Айгүл көпбалалы ана атанған бақытты жан. Осындай оқиғасымен бөліскен ол бастапқыда қатарластары жаңа есімге үйренісе алмай, қызық көргенін, десе де тылсым жағдайдан кейін өмірі бір қалып­қа түскенін жасырмады.

Одан бөлек есімін өзгертуге адам денесіне шығатын қалдың да әсері болады. Бұндай жағдайда Қалдыгүл, Қалдан атанып кеткен таныстар әрбір адамда бар шығар. Осындай бір кейіпкеріміздің негізгі аты Ұлбосын болған екен.

– Қазақ танымына сай келесі бала ұл болсын деп ниеттеп менің есімімді Ұлбосын қойған. Бірақ кішкентай күнімде денеме үлкен қал шығып, үлкендер жағы есімін ауыс­тырса қалдың өздігінен қайтатынын айтты. Содан бәрі Қалдыгүл деп атай бастады. Туу туралы куәлікте атым Ұлбосын, бірақ айналамдағының бәрі мені Қалдыгүл деп таниды. Солай жеке куәлік алатын кезде «ақыры бұл есімімді ешкім білмейді ғой» деген оймен атымды біржола ауыстырып алдым. Солай Ұлбосын болып туылып, төлқұжатты Қалдыгүл болып алдым, – дейді кейіпкеріміз. Бүгінде Қалдыгүл отбасылық кәсіпті өркендетіп, аудан тұрғындарын тілді үйіретін балық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

– Балаға есім ата-аналарының немесе баланың өзге де заңды өкілінің келісімі бойын­ша беріледі. Баланың он алты жасқа толған мерзіміне дейін ата-анасының екіжақты өтініші бойынша баланың есімін өзгертуге, сонымен қатар оған берілген текті өзге ата-ананың тегіне өзгертуге рұқсат беріледі. Ал он жастан бастап баланың аты немесе тегін өзгерту үшін заңды өкілінен бөлек баланың өз келісімі де қоса сұралады. Адамдардың аты-жөнін ауыс­тыруына түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Десек те, атыңызды ауыстырғыңыз келсе болды, ауыстыра беруге рұқсат деген сөз емес. Бұл мәселе де заң аясында қарастырылады. Бізде көбіне бала туылғанына бірнеше апта, ай өткеннен кейін ата-анасының қалауымен ұқсас есімге ауыстырып, туу туралы куәлігін өзгертіп алатын жайттар кездеседі, – дейді АХАЖ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ


15 қараша 2025 ж. 45 0