Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекше есімдер

Ерекше есімдер

Студент болып жоғары оқу орнына түскенде алғашқы сабақтардың бірі өз есімімізді талқылаумен басталған еді. Әркім өз атының қандай мағына беретінін, ерекшеліктерін талқылайтын. Сөйтсек, бұл – жыл сайын бірінші курстықтарға қайталанып берілетін тапсырма екен.

Расында да тілді тану, айналаны түсіну – өз есіміңнің астарына үңілуден басталса керек. «Адамның есімі – жарты ғұмыры» деген тәмсілді алға тартсақ, адам тағдырында оның есімінің алар орны ерекше. Сондықтан ата-ана баласына ат қойып, айдар тағуда сақ болғаны абзал.

Кейінгі кезде жаңа туған сәбиге ат таңдау барысында үлкен мәсе­лелер де кездесіп жүргені жасырын емес. Әрине, қандай есім беру – әркімнің өз құқығындағы дүние. Десек те, мән-мағынасы біздің танымнан алшақтау есім қойып, шетелге еліктеу байқалады. Жалпы ат қойғанда оның мағынасына аса мән беру керек.

Елімізде ерекше есім иелері жетерлік. Статистикалық деректерге сүйене отырып, әр жылы ең көп қойылған есімдер тізімі жарияланып отырады. Оған сәйкес, елімізде Әмина, Асылым, Әлихан, Әли есімдері жиі қойылатынын аңғаруға болады. Сондай-ақ ел көлемінде Қазақстан, Атазаң, Астана, Елбасы, Теңге, Тәуелсіздік есімдері де кездеседі.

Бауыр еті баласына елде жоқ ерекше есім берген жандар да бар. Ондай ілуде бір кездесетін есім иелері біздің ауданымызда да жетерлік. Біз есімімен ерекшеленген кейіпкерлерді іздедік. Нәтижесінде өзгеше есімді кейіпкерлерімізбен танысу бұйырды. Біздің сауалымызға келіп түскен жауаптардың ішіндегі ең ерекшесі – Бриллиант есімді сұлу қыз болды. Қазіргі таңда №36 мектеп-лицейдің 6-сыныбында оқитын қыз баланың есімін әкесі Алмат қойған екен. «Қызымның есімі ерекше болсын деп, ат қою барысында көп іздендім. Арнайы ерекше есімдер жинақталған кітаптан іздедім. Нәтижесінде Бриллиант есімі көңіліме қонымды болды. Қызым жақұттай жарқырап жүрсін, сұлу бойжеткен болсын деп Бриллиант деп азан шақырып, ат қойдық» дейді алғашқы кейіпкерімнің әкесі. Бриллиант қыз бүгінде ата-әжесі мен ата-анасының қолғанаты, бауырларының қамқор әпкесі. Өскенде атақты дизайнер болып, сән саласында еліміздің атын асқақтатуды арман етеді.

Одан кейін біздің ауданымызда бірен-саран кездесетін Ақсалы Алтынбекқызы есімді қыз бала тұрады. №35 мектеп-лицейдің 4-сыныбында оқитын ақылды Ақсалының есімінің қойылу тарихы да ерекше. Әпкесінің айтуынша, Ақсалыға аяғы ауыр кезде анасының түсіне үлкен енесі кіріп, туған қыз балаға өзінің есімін беру керегін айтып, аян берген. Солай Ақсалы атанған қыз бала қазіргі күні қатарластарынан оза шауып, ақылдылығымен, даралығымен ерек­шеленіп келеді. Ал әулет келіндері кішкентай Ақсалыны «енем аттас» деп есімін тура атамай, ерекше құрмет көрсетеді екен.

Біздің назарымызды ерекше аударған есімдердің бірі – Беназир. Екі жасқа енді толатын кішкентай бүлдіршіннің атын әкесі Нұрбек қойған екен. «Парсы тілінен аударғанда «теңдессіз» деген мағына беретін есімді үш ұлдан кейін дүниеге келген қызымызға бердік. Қылығы тәтті балапанымыздың ғұмыры қуанышқа толы болсын дейміз» дейді кішкентай Беназирдің ата-анасы.

Ал сіз Ғабдиман деген есімді естідіңіз бе? Біздің ауданда осындай айдары бар ұл бала бар. Әкесінің аты – Руслан. «Шынайы, құрмет­ті, иманды деген мағыналарға саятын Ғабдиман есімін ағасы Мәди Бекмағанбетов арнайы қойды. Бұл мағынаның берер мәні зор. Ұлымыз қазір №131 мектептің 5-сыныбында оқиды. Ер жеткенде құқық қорғау қызметкері болуды арман етеді» дейді Ғабдиманның ата-анасы.

Қойылу тарихы ерекше есімдердің бірі – Үмбі-Гүлсім. Үмбі-Гүлсім Нұрлыбекқызы – бүгінгі таңда аудандық емхананың жалпы тәжірибелік маманы. «Үмбі-Гүлсім – менің нағашы әжемнің аты. Біз ол кісіні Үмбіш деп атап кеткенбіз. Ол кісі – Бабай ишанның кіші қызы. Менің аяғым ауыр кезде әжем науқастанып жатқан болатын. Көңіл сұрай барған маған «Менің атым Пайғамбар (с.ғ.с.) құрметіне қойылған, шын есімім – Үмбі-Гүлсім, Алла жазса, қыз бала дүниеге келеді. Есімін Үмбі-Гүлсім қой» деп өсиет еткен еді. Содан ата-енемізден, үйдегі үлкендерден рұқсат алып, тұңғышымыздың атын Үмбі-Гүлсім қойдық. Бірақ Гүлсімнің нағашылары енеміздің атын тура атамайық деп Үмбісін айтпай, Гүлсім деп атап кеткен» дейді анасы Ләззат Палымбетова.

Аудан көлеміндегі ерекше есімнің бірі – Ережеп. Әдетте Рамазан, Оразбек, Оразбай аттары жиі кездескенімен, Ережеп есімін көп кездестірмейміз. 1993 жылдың ережеп айы желтоқсанға тура келсе керек. Мұсылмандардың қасиетті айында дүниеге келген ер баланың атын сол айдың құрметіне үлкендер Ережеп деп қойған екен. Ережеп Есенкелді есімді азамат бүгінде Айдарлы ауылдық округінде қоныс теуіп, ауданымыздың жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келеді.

Жалпы байқағанымыз бірді-екілі ғана кездесетін ерекше есімдер ауданымызда да көп екен. Қысқаша бірнешеуіне тоқталғанымызбен, бұндай ерекше есімді жерлестерді көптеп кездестірдік. Олардың қатарында Ханзада, Гүлденерайым, Жаңабай, Минуара, Нарханым, Шархан, Тұрсын Әли Жамал есімдерін ерекше атап өтуге болады.

Ғалымдардың пайымдауынша, қойылған есім адам өміріне әсер етеді. Бір күннің ішінде есіміңізді қанша рет естісеңіз, сонша рет ол сіздің тағдырыңызға әсер етеді. Есімдер де күнделікті қолданыстағы сөздер сияқты кезең-кезеңмен өмір сүріп, заманына сай жаңарып, ескіріп отырады. Сондай-ақ заманында қойылған кісі есімі сол кезеңнен хабар беріп, шежіредей сыр шертеді. Сондықтан жаңа туған сәбиге ат қойып, айдар таққанда ұлттың ұлылығын, халықтың даналығын паш ететін әдемі есім таңдаған абзал.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: aimak.com.kz
14 қыркүйек 2024 ж. 329 0