Азан шақырып қойған атты өзгертуге бола ма?
Сізге өзіңіздің есіміңіз ұнайды ма? Иә, шалыс оқымадыңыз. «Азан шақырып қойылған соң, оның ұнап-ұнамағаны кімге керек?» деп отырсаңыз, назар салыңыз. Бұл мәселе «Неке және отбасы туралы» кодекспен реттеледі.
Есімнің ұнамағаны үшін емес, кейде өзгертуге тура келетін жайттар бар. Қандай да бір себептерге орай елімізде жыл сайын орта есеппен 12 мың адам аты-жөніне өзгеріс енгізеді екен. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Т.Уәли айтып өтті. «Әділет министрлігі ел азаматтарының аты, тегі, әкесінің атын өзгерту туралы арнайы статистика жүргізбейді. Алайда біздегі мәліметке сәйкес, жыл сайын орта есеппен 12 мың адам аты-жөніне өзгеріс енгізеді» деді ол.
Бұл мәселеге кейбіреулер есімінің ұнап-ұнамауына емес, басқа да себептер бойынша келіп жатады. Ол ата-ананың екеуінің де тектерін ауыстырған кезінде баланың әкесі атын өзгерткен жағдайында туындауы мүмкін. Балаға есім ата-аналарының немесе баланың өзге де заңды өкілінің келісімі бойынша беріледі. Баланың он алты жасқа толған мерзіміне дейін ата-анасының екіжақты өтініші бойынша баланың есімін өзгертуге, сонымен қатар оған берілген текті өзге ата-ананың тегіне өзгертуге рұқсат беріледі. Ал он жастан бастап баланың аты немесе тегін өзгерту үшін заңды өкілінен бөлек баланың өз келісімі де қоса сұралады.
Қазіргі таңда жеке куәлікке «тегі», «немересі» секілді қосымшалар, руы немесе басқа да анықтаманы қосып жазу бойынша мәселелер қоғамда көптеп кездеседі. Айта кетейік, «Неке және отбасы туралы» кодексте жеке тұлғаның тегін «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» және т.б. сөздерді қосып жазуға рұқсат берілмейтіні бекітілген.
Адамдардың аты-жөнін ауыстыруына түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Мысалы біреулер күйеуге шығып, жолдасының тегіне өтсе, біреулер керісінше, ажырасып, туған әкесінің тегіне өтуді қалайды. Бұдан бөлек өз есімінен ұялатын, аты өзіне ұнамайтын жағдайлар да кездеседі. Десек те, атыңызды ауыстырғыңыз келсе болды, ауыстыра беруге рұқсат деген сөз емес. Бұл мәселе де заң аясында қарастырылады. Тегін ауыстыруға рұқсат етілетін бірден-бір себеп – тұрмыс құрып, жолдасының тегіне өту болса, одан кейін аты не тегі жағымсыз естілетін, ұятты сөз кездесетін немесе айтуға қиын жағдайларда ғана бұл өтініш қанағаттандырылады. Сондай-ақ неке құрғанда өз тегінде қалып, кейін балаларымен бір фамилия алу мақсатында жұбайының тегіне өтетін жағдайлар да кездеседі. Айтпақшы, хирургиялық жолмен жыныс ауыстырған жағдайда да аты-жөнін өзгерту мүмкіндігі қаралған. Бұл үшін ең алдымен тиісті органдарға өтініш бересіз, сіздің өтінішіңіздің қаншалықты орынды екені содан кейін ғана белгілі болады.
Сонымен қатар ата-ана баласына бөлек жазылатын, қосарланған есім беруге құқылы. Десек те ол екі сөзден аспауы шарт. Ал егер әкесінің аты да қос сөзден тұрса, екеуінің біреуі ғана қос сөз ретінде қалып, екіншісі біріккен сөз түрінде беріледі. Кәмелет жасына толмаған баланың әкесі тегін ауыстырса, баланың да құжаты өзгеретін болады. Ал кәмелет жастан кейін жеке тұлға ретінде өз рұқсаты ескеріледі.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ