ЕСІМНІҢ ДЕ ЕСТІСІ, ЕСЕРІ БАР...
Ұлттан ұлтты ажырататын негізгі белгілердің бірі адамның тегі мен есімі екені белгілі. Ғалымдардың тұжырымы бойынша адамның тағдыр талайы да көп жағдайда оның есіміне тікелей байланысты болады екен. Сол себепті, халқымыз есім қоюға ерекше мән беріп, сәбидің есімін қоюды елге сыйлы, әулетке қадірлі үлкен кісілерге жүктеуді жөн санаған.
Сәби есімінің дұрыс болуына, баланың өсіп-жетілуіне кері әсер етпеуіне ең бірінші кезекте – ата-анасы жауапты екені бәрімізге түсінікті. Сондықтан да әрбір ата-ана есім қояр алдында жауапкершілікті сезінулері керек. Өйткені, ата-ананың негізгі міндеті балаға тек дұрыс тәлім-тәрбие беру ғана емес, мағыналы есім қою болып табылады.
Сан ғасырлық тарихы бар Ислам дінінде есім қоюдың маңыздылығы кеңінен айтылған. Тіпті, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) шариғат қағидаларына қайшы келетін есімдерді қоюға қатаң тыйым салғаны жөнінде де нақты деректер бар. Ал, дін өкілдерінің айтуынша, Алла Тағаланың 99 есімін адамға қою дұрыс емес. Мысалы үшін, «Алла» дегеннің орнына Абдулла, «Рахман» дегеннің орнына Абдурахман деп қойған дұрыс. Бұл аударғанда Алланың құлы, Рахманның құлы деген мағына береді. Бір жағынан асыл дінімізге деген құрметтің, баланың болашағына деген игі ырымның және Ұлы Жаратушыға деген шексіз махаббаттың белгісі болса керек.
Өмірі өнегеге толы ата-әжелеріміз әйелдің бойына бала біткеннен бастап оған жақсы есім қоюды ойластырып жүрген. Есім дегенде жәй есім емес, батыр, ақын, жыршы, күйші, әнші, ғалым болсын деп атақтылардың есімін өз баласына азан шақыртып қойған. Есім қоюға ерекше мән берген халқымыз ырым мен дәстүрді берік ұстанған. Сәби есімін белгілі бір сөздің киелі күшімен де байланыстырған мысалдар кездеседі. «Баланың атын ұлық қой, көтере алса ұлық болсын» деген аталы сөз бар. Жұртшылық болмаса да ұқсап бақсын деп Абай, Шәкәрім, Шоқан, Ыбырай, Бауыржан секілді ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімін көптен қояды. Осы ретте, текті халқымыз қандай дана, қандай данышпан болған деп ойлаймыз.
Халық арасында нәрестеге пайғамбарлардың, батырлардың және т.б ұлы адамдардың есімін берсе, балаға ауыр болады, ауырып қалуы мүмкін деген де пікір бар. Тіпті, кейде балаға аса атақты тұлғалардың есімін қою оның жетілуіне кері әсер етеді екен. Мәселен, студенттік кезеңде бізбен көршілес тұрған отбасы дүниеге келген сәбиіне «Сырым батыр» деп ат қойды. Отарлау саясатына қарсы шыққан батыр, әйгілі шешен болған Сырым батырдың есімін иеленген нәресте аталған есімді «көтере» алмады. Аурушаң болды. Көрші үйге дәрігерлер көп келетін. Сонда көпті көрген ақсақал: «Сырым деп қою керек еді. Сырым батыр деп бірден қойған соң ол есім нәрестеге ауырлық етті» деп өз ойын білдірді.
Қазір жаһандану кезеңі. Бүгін болған елеулі жаңалық әп сәтте әлемге таралып кетуі ғажап емес. Былтыр әлеуметтік желілерде мына бір оқиға кеңінен талқыланды. Қазақтың қаракөз келіншегі жаңа жыл қарсаңында туған баласына «Ёлка» деп ат қойыпты. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Бұл бір. Ал, Сіз Куртка деген есімді естідіңіз бе? Жо-жоқ Құртқа емес... Куртка! Таң қаласыз. Мына бір оқиға тіптен ақылға сыймайды. Нарық заманында өзінің білімі мен біліктілігі жоқтығынан жұмыссыздықтан қажыған бір азамат ұлына «Дағдарыс» деп ат қоямын деп оқталыпты. Сондағысы өзінің мәселесін ұлының есіміне тікелей тану болғаны ма?! Ал, одан не өзгереді? Керісінше, өсе келе сәбиге ыңғайсыздық тудырмайды ма. Мұны естіген бір көкеміз «Заманақыр жақындағанда әлі «Ақырзаман» деп қоятын пенделер табылады» дейді. Ойланарлық жағдай.
Жақында республикалық басылым беттерінен жаға ұстатарлық бір мақала оқыдым. Соңы кісі өлімімен аяқталған оқиғаның басты себебі, бірінің есімін бірі лақап атымен атағанынан болыпты. Яғни, көңілді кештердің бірінде жолдас жігіті танысын көптің көзінше «тапал» десе керек-ті. Бойы аласа жігіт бұған намыстанып, арада реніш пайда болып, төбелеске ұласыпты. Оқиғаның немен аяқталғаны жоғарыда айтылды. Аталған мақаланы оқып отырып, терең ойға қалдым. Сонда деймін-ау, жолдас жігітін шын есімімен атай салса, несі кетер еді?...
Бүгінде өз атының мәні мен мағынасын білмей жүргендер де көп. Себебі, жас отбасылар сөздің мән-маңызын ұғынбай тұрып сәбиге сәнді есім беруге құмар. Жаңа заманның талабына сай жаңашаланып жатқанымыз жөн де шығар, бірақ балаңызға ат қойғанда абай болған дұрыс. Қарапайым мысал, қазіргі таңда әп-әдемі Жанарымыз «Жанара», Анарымыз «Анара», Әселіміз «Аселя» болып айтылып, жазылып жүр. Мұны жастарымыздың батысқа еліктеуі деп түсіндірейік, ал кейбір ата-аналардың орысша, тіпті, соңғы кезде еуропаша есімдер қоюды әдетке айналдыра бастағанына не дейміз? Осыдан келіп Жасмин, Земфира, Диля, Диана, Даяна, Саяна, Алсу, Анжелина, Ангелина, Алмира, Элеоноралар қаптап кеткені жасырын емес.
Ат таңдау, ат қою – жеңіл-желпі қарайтын дүние емес. Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Сол себепті, балаға ат қою туралы Пайғамбарымыз (с.а.у) жеткен даналықта: «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру» делінген. Олай болса, қазақилығымызды сақтай отырып ұлыңыз ұялмайтын, қызыңыз қысылмайтын ат қоя біліңіз. Ең бастысы Сіздің балаңыз ертең есімінен мін іздейтін болмасын. Балаңыздың ел алдында еңсесін тік ұстап жүруі оған берілген атына байланысты екенін ескеріп, құлаққа жағымды, айтқанда әсерлі болатындай ат таңдау құқы Сізге бұйырса сан рет санадан өткізуді ұмытпағайсыз. Мүмкін сол кезде түсініксіз есімдерден арылатын шығармыз. Тағы бір айта кететін жәйт, «болмаса да ұқсап бақсын деген ниетте» ұлылардың атымен аталатын азаматтар сол атқа лайық болуы керектігін де ұмытпаған жөн.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі