Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Танымал болған есімдер

Танымал болған есімдер

Елімізде жыл бойына ең көп қойылған есімдер белгілі болды. Оның ішінде ер балалар үшін Әлихан, Омар, Әмір, Алдияр, Айсұлтан, Алан, Әли, Нұрислам, Мұхаммед, Хамза есімдері жиі қойылған.

Ал қыз балаларға ең көп қойылған есімдер қатарын Медина бастап тұр. Одан кейін Айша, Айлин, Асылым, Сафия, Томирис, Раяна, Әмина, Аяла, Айым деген аттар көп қойылған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың қорытындысының 2022 жылғы деректен аса айырмашылығы жоқ. Аталған есімдер әлі күнге сәнде. Ал соңғы он жылдың қорытындысына сүйенсек, ұл балалар арасында Әлихан, Әмір және Нұрислам есімдері, қыздар үшін Айша мен Әмина есімі танымалдыққа ие.

«Адамның есімі – жарты ғұмыры» деген тәмсіл бар. Халқымыз жаңа туған сәбиге ат беріп, айдар тағуға ерекше мән берген. Асыл дініміз ата-анаға баласының алдында үш нәрсені міндет етеді. Олар: туғанда жақсы ат қою, дінге тәрбиелеу, үйлендіру.

Шариғат заңы бойынша, жаңа туған нәрестеге үш күннің ішінде азан шақырып ат қойылу керек. Басқа дүниеде жан мен тән адасып қалмас үшін сәбидің құлағына өз атын үш рет айқайлап айтудың маңызы зор. Қазіргі жантану ілімінің айтып жүрген бұл тұжырымдарын атам қазақ сонау заманда-ақ «азан шақыру» деп атап, айдар таққан.

Әдетте балаға есім таңдағанда ұлы тұлғалардың ныспысын ырымдап беріп жатады. Ондағысы сол адамға ұқсасын, жолын берсін деген ниет. Мысалы, Қазақстанда Абай атын иеленгендер көп. Сондай-ақ тұлғалардың тегімен бірге бір есім етіп қою да кездеседі.

Әрбір ата-ана баласына есім қоярда үлкен жауапкершілікті сезіну керек. Ғалымдардың пайымдауынша, қойылған есім адам өміріне әсер етеді. Психологиялық, магиялық, басқадай жақтарды былай қойғанда, бір күннің ішінде есіміңізді қанша рет естісеңіз, сонша рет ол сіздің тағдырыңызға әсер етеді. Мысалы есіміңіз Айгүл, Әйкерім, Айкөркем болса, сізді әр шақырған сайын көркемделіп, сұлулана түсесіз. Ол үшін тек әр адам өз есімінің мәні мен мағынасын түсініп, соны барынша қабылдай алуы керек. Яғни, адамды көркем есіммен атаған сайын оның жан дүниесі де соған сай көркемделе түседі.

Кісіге қойылатын есімдер заманға сай өзгеріп отырады. Еліміздегі халықтың ішінде есімі ерекше жандар көп. Оның ішінде Қазақстан, Астана, Елбасы деген тұрғындар да бар. «Естімеген елде көп» деген осындайда айтылса керек. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еліміз аттастар саны 32-ні құрайды. Яғни осынша адамның аты – Қазақстан. Қызық па? Онымен қоса, 86 Теңге, 26 Астана, 67 Елбасы деген есімді иемденген тұрғын бар екен. Сондай-ақ еліміз бойынша бір адамның аты – Атазаң, бір кісінің есімі – Тәуелсіздік екен. Ару-Астана деген де жалғыз есім кездеседі.

Есімдер де күнделікті қолданыстағы сөздер сияқты кезең-кезеңмен өмір сүріп, заманына сай жаңарып, ескіріп отырады. Сондай-ақ заманында қойылған кісі есімі сол кезеңнен хабар беріп, шежіредей сыр шертеді. Сондықтан да балаңызға ат қойып, айдар таққанда ұлттың ұлылығын, халықтың даналығын паш ететін әдемі есім таңдағаныңыз абзал.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Н.Нұржаубай
06 қаңтар 2024 ж. 532 0