Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЙНАУЫНА ҚАЗЫНА, ТАСЫНА ТАРИХ ТҰНҒАН

ҚОЙНАУЫНА ҚАЗЫНА, ТАСЫНА ТАРИХ ТҰНҒАН


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасын жүзеге асыру аясында өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз турын ұйымдастырды. БАҚ өкілдерінен жасақталған топ таңмен таласа Шиелі-Жаңақорған бағыты бойынша жолға шығып, аталған аудандардың тарихи жерлерінің қыр-сырына қанығып қайттық.
Бұл сапардан күткеніміз орындалғандай. Сапар барысында көптеген мұраларды кездестірдік. Тарихшы ғалымдар мен музей қызметкерлері тарихи орындардың бірқатарымен таныстырып, олардың өзіне тән ерекшеліктері туралы баяндады. Мың естігеннен көріп, көңілге түйген бір бөлек қой. Ендеше, тарқатып айтайық.

САУЫСҚАНДЫҚ
Петроглиф, яғни жартастарға сурет салу өнері қола дәуірінде дами бастаған деседі.. Ондағы суреттердің негізгі мотивтері – антропоморфтық фигуралар. Олар жартастағы суреттер арқылы айналада болып жатқан құбылыстарды, өздерінің білімі мен тәжірибесін, өздері жөніндегі мәліметтерді символдар арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізе білген. Қойнауы қазына, тасына тарих тұнған мұндай жер Сыр өңірінде де бар.
Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылынан 50 шақырымдай қашықтықта орналасқан үлкен Қаратау жотасының оңтүстік батыс сілеміндегі Сауысқандық шатқалында жартастарға салынған суреттердің ірі шоғыры бар. Ол 500 гектар аумақты алып жатыр.
- Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастардың бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден басталған. Мұндағы петроглифтердің барлығы әртүрлі сюжеттер мен композицияларға біріккен сан алуан тұрмыстық, діни танымдық, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатыр, - дейді жол бастаушымыз, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов.
Петроглифтер 8-10 мың сюжетті құрайды. Ең көрнекті сюжеттер қатарына қолдарына шоқпар ұстаған ер адам бейнелері тұр. Көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, мал терісін жамылған бейнелер қола заманындағы діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғұрыптық тұстарын көрсетеді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен арнайы қаулы қабылданып, жартастағы бейнелер кешенінің қорғау аймағы бекітілді. ЮНЕСКО-ның алдын ала республикалық тізіміне енгізілді.





СЫҒАНАҚ
Қазақ даласының үш хандығының астанасы болған Сығанақ әлемнің барлық көне жазбалары мен карталарында көрініс табады. Бұл дегеніңіз бүгінгі қазақ ұлтының рухын асқақтатып тұрған дерек көздері емес пе?! Қазақстандағы 100 қасиетті орынның тізіміне Сыр өңірінен 12 ескерткіш енгізілді. Соның бірі – Сығанақ.
Ежелгі шаһардың орны Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылының батысында 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Ең алғаш көзге бірден көрінетін үлкен қырат, үйіліп жатқан ежелгі қаланың қорғандарының орны. Қорғанның солтүстік беті жермен жексен болып шөгіп кеткен.
Қала ертеректе еліміздің үлкен мәдени ошағының бірі болған. Х ғасырда ғұндар мен қаңлылар тайпасының, ал ХІ ғасырдың екінші жартысында қыпшақтар мемлекетінің шығыс бөлігінің астанасы ретінде белгілі. ХІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы қазақ даласының ойран-топырын шығарды. Соның бір дәлелі осы Сығанақ. Кейін шаһар қайта қалпына келтіріліп, қала өмірі жандана түсті. Біртіндеп Сыр бойындағы саяси-экономикалық орталыққа айналды.
- Республикалық маңызға ие бұл ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының қатарында. Мұндағы қайта қалпына келтіру жұмысы аяқталған соң ашық аспан астындағы мұражай салынып, үлкен туристік орталыққа айналмақ. Сонда қазақтың тарихы мен бай мұрасы, рухани қазынасы туралы жас ұрпақ қана емес, шетелдіктер де етене таныса алады, - дейді журналист-зерттеуші Асан Сарқұлов.





P.S. Тарихи жерлерге жасаған сапарымыздың қорытындысында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған байқау нәтижесі жарияланды. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған «Қызылорда – екі ғасыр куәсі» байқауында І орынды "Сыр бойы" газетінің тілшісі Мөлдір Қалымбет жеңіп алды. Ал, ІІ орын "Ұстаз мәртебесі" газетінің тілшісі Айдар Сайлауов алса, ІІІ орынды "Халық" газетінің тілшісі Рыскелді Сәрсенұлы иемденді. Әріптестерімізге шығармашылық шабыт, қаламдарының мұқалмауын тіледік.

Фариза ОМАРОВА
27 маусым 2018 ж. 1 816 0