Қалдықтарды басқару тұжырымдамасы талқыланды
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері, қалдықтардың барлық түрін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Қала, аудан әкімдіктері, жөндеуден өткен көшелер мен көпір өткелдеріндегі асфальт жабындысының бұзылмауын қатаң бақылауға алыңыздар. Су, электр, газ желілерін тартқанда асфальтқа зақым келмеуі тиіс.
Қалалар мен елді мекендер аумағын абаттандыру қағидасының сақталуына жүйелі рейд ұйымдастыру керек. Экологиялық құқықбұзушылықпен күресте бейнекамералар тиімділігін көрсетуде. Учаскелік инспекторлардың бекітілген аумақтарын үнемі бақылап, белгіленбеген орынға қоқыс тастауға болмайтынын ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуі өте маңызды. Қоғамдық орындарды ластау фактілерімен күресте жаңа технологияларды кеңінен пайдалануымыз қажет.
Қалдықтарды жою, абаттандыру қағидаларын сақтау туралы түсіндірме жұмысын тұрақты жүргізіңіздер. Әсіресе, қоғамдық орындарды ластағандарды, белгіленбеген жерге қоқыс төккендерді анықтап, алдын алуды қатаң бақылаңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Тұжырымдама шеңберінде атқарылған жұмыстарды атап айтсақ, өңірде коммуналдық, өнеркәсіптік қалдықтарды басқару бағытында 23 кәсіпкерлік субъектісі бар. Жыл басынан бері жиналған 230 мың тонна коммуналдық қалдықтың 75 мың тоннасы, 103 мың тонна өнеркәсіптік қалдықтың 81 мың тоннасы өңделген.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында 98 млрд 700 млн теңгеге бағаланған 9 жоба, Қызылорда қаласында шетелдік компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










