«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Алтын той» иелері мен жас жұбайларға құрмет көрсетті

Іс-шараға шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелері мен жас жұбайлар құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Мерекелік жиынға «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі А.Ибрагимұлы, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Н.Болатбеков, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ж.Сәркеева, «Әкімдік» БПҰ төрайымы С.Бекжүнісова, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің маманы Ж.Бағдатқызы арнайы қатысты.
Іс-шарада AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі А.Ибрагимұлы құттықтау сөз сөйлеп, «Алтын той» иелері мен жас жұбайларға құрмет көрсетті.
– Құрметті «Алтын той» иелері, Сіздерді шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқан 50 жылдық мерейлі мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы – мемлекеттің ырысты ынтымағын, қоғамның береке-бірлігін нығайтатын құндылықтардың бастауы. Біз ұлттық және отбасылық құндылықтарға ерекше мән беріп, өздеріңіздей өсіп-өнген іргелі әулеттерді әркез құрмет тұтамыз. Сіздер ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, ұлағатты да парасатты отбасының тірегісіздер. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, атқарған қызметтеріңіз, отбасылық өнегелеріңіз жастар үшін зор үлгі. Ал, жас жұбайларды отбасылық өмірге қадам басқан қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер отбасылық өмірге қадам басу арқылы ата-аналарыңыздың сенімі мен үмітін ақтауға бел буып, екі әулетке қуаныш сыйлап жатырсыздар. Осынау қуанышты күндеріңіз баянды болсын, көтерген шаңырақтарыңызға шаттық ұялап, өсіп-өнген іргелі әулетке айналыңыздар. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт және отбасыларыңызға абырой-амандық тілеймін!, – деген Ақтөре Ибрагимұлы партия филиалының атынан құттықтау хат пен гүл шоғын табыстады.
Айта кету керек, Алтынбек Балжанов пен Оралкүл Болысбаеваның және Қабылбек Бөжеков пен Оразкүл Бөжекованың шаңырақ көтергендеріне биыл – 50 жыл толуда. Ал, Жалғас Сағатбеков пен Жұлдызай Талғатқызы, сондай-ақ Нұрхожа Сматов пен Жансая Ерханқызы шаңырақ көтеріп, неке куәлігін алуда.