Михаил Шайдоров Қытайдағы Гран-при кезеңінде бесінші орынға тұрақтады
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Гран-при сериясының үшінші кезеңінде қысқа бағдарламаны бесінші орынмен аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша жапониялық Као Миура 102,90 балмен көш бастады. Екінші орынды тағы бір Жапония өкілі Шун Сато (101,97 балл) иеленді. Ал бейтарап ту астында өнер көрсеткен ресейлік Евгений Семененко 99,72 балмен үздік үштікті түйіндеді.
Мәнерлеп сырғанаушылар еркін бағдарламаны 8 қарашада орындайды.
Михаил Шайдоров Championat.ru басылымына берген сұхбатында 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткеннен кейін жаттығу мен жарыстарға қатысу бұрынғыдан қиындай түскенін айтқан.
«Олимпиада алтынынан кейін мұз айдынына шығу өте қиын. Жалпы жаттығуға барудың өзі ауыр. Кейде бәрін автоматты түрде істеп жүргендей боласың. Дегенмен Олимпиада медалі адамды іштей босаңсытуы мүмкін. Қайта жаттығып, жарысқа қатысуға бейімделу оңай емес. Бәлкім, Олимпиада маусымынан кейін әлі толық қалпыма келмеген шығармын», деген Михаил Шайдоров.
Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан тарихи алтын медаль жеңіп алды.
Бұл – Қазақстанның осы спорт түрінен соңғы 32 жылда қол жеткізген алғашқы жеңісі.










