«Таза Қазақстан»: Қызылордада экологиялық мәдениет пен тазалыққа бағытталған ауқымды сенбілік өтті
Бүгін облыс көлемінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат еткен игі шараға өңір жұртшылығы белсенді қатысты.Тазалық акцияларына қала және аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еңбек ұжымдары, жастар және еріктілер ат салысты. Сенбілік барысында көшелер, аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылып, аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтар жиналып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды.
Тазалық шарасы – тек айналаны күл-қоқыстан арылту ғана емес, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырып, табиғатқа деген жанашырлықты қалыптастырудың маңызды тетігі. Өйткені туған жердің көркеюі мен қоршаған ортаның таза болуы – баршаға ортақ міндет.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, аббаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басынан бері тазалық шараларына барлығы 450 499 облыс тұрғындары, ардагерлер, еріктілер және мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.
Нәтижесінде 12 508 тонна қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 510 скверлер мен парктер, 256 тарихи-мәдени ескерткіштер, 1019 әлеуметтік нысандар, 3002 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 332 су объектілері мен 33488 көшелердің бойы тазартылды. Оған 548 техника жұмылдырылды.
Тазалық пен тәртіп – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің, қоғамның мәдениеті мен ортақ іске деген жанашырлығының көрінісі. Туған өлкенің көркеюі тек бір реттік науқанмен шектелмей, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы маңызды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, елді мекендердің тазалығы мен көркін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданатын болады.










