Ертіс бойындағы алғашқы ұлт театрлары
1910–1920 жылдардан бастап Павлодар өңірінде алғашқы қазақ әуесқой театр үйірмелері құрыла бастады. Сол тұстағы өнер ұжымдарының бастауында Жұмат Шаниннің болғанын жергілікті архивтерде сақталған құжаттар дәлелдеп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.Кереку аймағындағы алғашқы театр қойылымдары туралы Жүсіпбек Аймауытұлының, Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның, Қалмұқан Исабаевтың жазбаларынан оқуға болады. Өткен ғасырдың 20-жылдары Павлодар уезі халқының үштен екісінен астамы қазақтар болса, Павлодар қаласының өзінде татарлар мен өзге де ұлт өкілдері аз емес еді. Олардың арасында жаңа өкіметтің іс-шараларымен байланысты партиялық жұмыс жүргізу қажет болды. Сондықтан 1920 жылы Павлодар уездік РКП(б) бюросы жанынан Жұмат Шанин басқарған «Қырсекция» құрылды.
Қысқа мерзімде секция мүшелерін қайта тіркеу жүргізіліп, олардың әрқайсысы қазақ тілінде салтанатты түрде ант берді. Жұмат Шанин 1921 жылғы қаңтар айындағы «Қырсекцияның» қызметі туралы есебінде былай дейді: «Уезде мынадай болыстарда ұяшықтар ұйымдастырылды: Ақсу – 26 адам, Алтыбаев – 6 адам, Қуатқан – 26 адам, Қараоба – 14 адам – барлығы 72 мүше мен партияға кандидаттар. Қалада екі спектакль көрсетілді, митинг ұйымдастырылды, мүшелер мен кандидаттардың бес жиналысы өтті. Жалпықалалық ұйым тізімінде үш толық мүше, 55 кандидат бар. «Қырсекция» меңгерушісі Шанин».
«Қырсекцияның» 1921 жылғы архив құжатында секцияға 19 адам мүше болғаны, оның ішінде Жұмат Шанин, Нұрғали Кадаленко, Әбікен Бектұров, Қажымұрат Айманов және басқаларының есімдері көрсетілген. Секция мүшелері шалғай аудандарға шығып, концерттер мен пьесалар қойған. Ауыл халқы көркемөнерпаздар қойылымдарын ықыласпен тамашалаған. Архив құжаттарына үңілсек, Алтыбаев болыстық РКП(б) ұяшығының хатшысы Байқат Әбдуалин 1921 жылы бес спектакль, 1922 жылы екі спектакль қойылғанын хабарлаған. Түскен 1700 рубль қаражат Поволжьедегі аштыққа ұшырағандарға көмек ретінде жіберілген.
«Қаныш аға осындай еді» кітабында (авторлары – Б.Аяпбергенов, Қ.Исабай) Қаныш Сәтбаев 1920 жылы қыркүйек айында Баянауылда сот болып тұрғанда Май ауданындағы үңгір аузында бір топ қыз-жігіттің алғаш рет дала қазақтарына «Еңлік-Кебек» пьесасын қойғаны баяндалады. Актерлердің ойнын бұған дейін көрмеген жергілікті халық Еңлік пен Кебектің садақпен атып өлтірілетін жерінде өре түрегеліп, сахнаға басып кіреді. Сөйтіп, Еспенбет би (Дайрыбай Шашкин ойнайды) бастаған «қарақшыларды» сабамақ болып тұрғанда, бағанадан бері «өліп жатқан» қос ғашық тіріліп кетеді. Мұны көрген жергілікті жылқышы жігіт сол жерде талып қалыпты.
Осы кезде Павлодар қаласында «Қырсекцияның» негізгі орталығы – Қазақ-татар театры жұмыс істеп тұрды. Өзін Майра Уәлиеваның шәкірті санаған татар ақыны, өлкетанушы Құсайын Рамазанов «Алғашқы қазақ театры» атты мақаласында: «Павлодардағы алғашқы қазақ ұлттық театрының іргетасы 1921 жылы қалана бастады. Сол кездегі қыспаққа толы қатал заман мен шариғат режімінің қатаң заңдарына қарамастан, Октябрь төңкерісінен кейінгі халық жаңа, жарқын өмірге деген үміті мен аңсарын білдіруге және сол өзгерістерді өз пайдасына бекітуге құлшыныс танытты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін халықтық күш-жігер алғаш рет оянып, жастар өз қалалық театрының сахнасына шықты. Театрдың құрылуына большевик Фалджан Абдуллиннің бастамасы негіз болды», деп жазады.
Театрдың режиссері әрі көркемдік жетекшісі болып И.Гайнуллин сайланады. Алғашқы айлардан бастап-ақ ұжым нағыз театрлық өмірмен тыныстай бастады. Труппа 20 адамнан тұрды. Репертуарды орындаушылар: И.Гайнуллин, орындаушы – Х.Зайнуллин. Сырнай мен ән – қазақ әншісі Майра Уәлиқызы. Скрипка мен актерлік шеберлік – И.Гайнуллин. Комсомолдар арасынан Т.Мырзабеков, Фаткуллин және Гонцов қатысады. Қазақтардан құралған труппада Ж.Шанин, Н.Кадаленко, Ш.Сүлейменов пен әнші Майра Уәлиқызы болған.
Сол уақыттағы театр труппасы қалада ғана өнер көрсетіп қоймай, Ертіс, Баянауыл, Екібастұз өңірлерін, тіпті Семейге дейін гастрольдік сапармен барған. Театр репертуары халық тұрмысынан алынған типтік ұлттық көріністерге, әзіл-оспақ пен сатираға толы қызықты пьесалардан құралып отырған. Репертуарда «Ғалиябану», «Тайыр мен Зухра», «Қаз қанаты», «Көгілдір шәлі», «Бақытсыз еркек», «Мазасыз күндер», «Каторжник», «Капитал құрбаны», «Соқыр музыкант», «Мұғалім», «Үш әйелмен тұрма» сияқты шығармалар болған. Көрермендер үшін ұлттық театр ерекше қызығушылық тудырған. Спектакльдерден түскен қаражат балалар үйлеріне, төңкеріс күрескерлеріне көмек көрсетудің халықаралық ұйымына, сондай-ақ мектептердің пайдасына аударылып отырған. «Уақыт өте келе жастар ескі наным-сенімдерді елемей, труппаға қыздар мен ханымдар жазыла бастады. Олардың қатарында З.Жафарова, Г.Мухатдинова, Г.Якупова, Х.Мақсұтова, Ш.Губаева, Р.Ахметова, Ф.Сағдутдинова, Б.Асылбекова, басқалары болды. Жас таланттардың дамуына, рөлдерді игеруіне және бейнеге ену шеберлігіне режиссер И.Гайнуллин мен Ж.Шанин зор үлес қосып, бар күш-жігері мен білімін жұмсады. Бұл жылдар сахна өнерін табандылықпен насихаттау жылдары болды, ал жолдас В.Шамсутдинов бастаған саяси-ағарту бөлімі театрға үлкен көмек көрсетті. 17 жыл бойы «Қырғыз-татар» театры өз міндетін абыроймен атқарып, тәрбиелік мақсаттарынан таймады», деп келтіреді Қ.Рамазанов.
Ал 1938 жылы облыстық қазақ театры ресми түрде құрылған уақытта аталған театр труппасының қазақ актерлерінің басым бөлігі соған көшкен. Архив құжаттарында театр жұмысына Жұмат Шанинмен бірге, Майра Уәлиқызы мен Иса Байзақовтың да белсене қатысқаны туралы деректер кездеседі. Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің 1968 жылғы санындағы Майра туралы мақаласында Рашида Камалитдинова былай деп жазады: «Қазіргі таңда қаламыздағы зәулім тұрғын үй құрылыстарының қарқынымен Ленин көшесі, 176 мекенжайындағы («Казгалантерейторг» базасы орналасқан) мезонині (төбесінде үйшігі бар) бар шағын үй мүлдем көзге түспейді. Павлодардың байырғы тұрғындарының жадында бұл үй жиырмасыншы жылдардың бейнесін қайта жаңғыртады. Осы жерде кезінде (ұзақ болмаса да) Қазақстанның әйгілі әншісі, өз әндері мен мәтіндерінің авторы Майра тұрған еді. Сол уақытта бұл үйде әдеби кештер, концерттік бағдарламалар мен драмалық қойылымдардың дайындықтары өткізіліп тұратын».
Ерекше атап өтерлік жайт, бұл үйде Жұмат Шаниннің кейіннен Қазақ драма театрының репертуарына енген әйгілі «Арқалық батыр» пьесасының алғашқы репетициялары өткен. Павлодардың жұмысшылар клубында осы пьесаны қоюға қатысқан кейбір өнерпаздар кейіннен 1936 жылы облыстық қазақ театры құрылғанда соған ауысады.
Павлодар облысы










