Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

№ 30 газет

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Жақсы сөз мұратқа жеткізеді

Жақсы сөз мұратқа жеткізеді

Кей күндері түсімде атам өсірген бау-бақшаның ішінде ерекше рахатқа бөленіп жүргендей сезінемін. Ол кісінің мені мейірлене иіскеп, қытығымды келтіретін аппақ сақалы, тонының ішіне қарай қымтаған құшағы, маңдайынан шыққан аңқыған иісі мұрныма келгендей болады. Атам Омар – ерекше жаратылған, еңбекқор, балажан кісі еді. Оны бүкіл әулетіміз «көке» деп атайтынбыз. Біздің үйді ағайындар «үлкен үй» деп осы уақытқа дейін қадір тұтады.

Ол Тереңөзек қыстағындағы Ғани Мұратбаев көшесінің басында, «Майжарма» каналы мен темір жолдың қиылы­сатын жерінде орналасқан болатын. Есіктің алдындағы бау-бақшада жемістің түр-түрі өсетін. Әсіресе, сап-сары тәтті шабдалы, қызыл-ақ түрлі жеміс беретін тұт ағаштары есім­де қалыпты. Тұт ағашының жуан бұтағына мініп, жемісін теретін едік.

Қоржынға ұқсаған үйіміз кішкене болғанымен, бүкіл ағайын-туыс, бауыр­­­ларымыз осы үйден табылатын. Қазір ойланам, «үйдегі берекенің ізін салып кеткен Омар көкем мен Бақтыгүл әжеміз екен ғой» деп. Бау-бақшамен қатар үйде мал, құс асырап күтетінбіз. Есіктің алдында жаздай сегіз қанатты қараша үй тігілетін. Күнде кешкісін үйдің керегесіне жабылған киіздің іргесін көтеріп, айналасына салқын су сепкеннен кейін жер­ден ерекше салқын хош иіс шығып тұратын. Үйдегілер кешкі астың қамына кірісіп, сауын сиырлар өрістен келіп, абыр-сабыр болып жататын. Үйдегі әр­қайсымыздың өздерімізге тиіст­і ат­қаратын жұмысымыз болатын. Малға қарау, бақшаны арам шөптен тазарту, жоңышқа ору, оларды суғару. Келсаппен күріш түйіп, қол диірменмен талқан тарту, иін ағашпен су тасу. Тынбайтын тіршілік әйтеуір. Ең соңында самаурынға тесік шелекке толтырып тамызық отын дайындау жұмыстарына дейін үйдегі ойын балаларына бөлініп қойылған. Кей күндері осы ата-ананың бақылауындағы жұ­мыс­тардың бірі болмаса бірі орын­далмай қалғандай болса «бар болғырлар», «мың болғырлар» деп әжемнің ұрысқан дауысы естіліп, тәртіпке шақырып жататын. Ондай кезде кінәлі болсақ атамның артына тығылып қорғанатынбыз. Сол тіршілік үлкен еңбектің бастауы екенін кейін ес жиып, балалы болғанда түсіндім. Бала үй тіршілігін ойнап жүріп істейді, сонымен өседі екен. Осы «бала еңбегін пайдалануды мүлде жойып алған жоқпыз ба?» деп ойлаймын кейде. Ол кезде бала болып даладан үйге жылап келсең, өзіңді кінәлап «бар бәле өзіңнен» деп қуып шығатын. Ұрысатын. «Жақсы сөз мұратқа жеткізеді» деп қазақ атамыз айтқандай, ұрысқан сөзде де үлкен мән бар екен деп кейде ойланам. Сондықтан болар біз үйде қарғап-сілеген дауыстарды естімей өстік. Осы күндері бала-шағаға лағнет айтып жатқандарды жиі естіп қалып жүреміз. «Жексұрын», «атаңа нәлет», «иттің баласы» деп ашуға булығып, зәрін төгіп-төгіп алатыны жасырын емес. Бұл сөздерді ата-анасы жаман болсын деп айтпайтыны түсінікті. Алайда қай-қайсысын алсақ та, мағынасы қарғысқа барып тірелетінін бағамдай білмейміз. Сондықтан отыз тістен шыққан сөз­деріміз дұға, бата есебінде кететінін ескерсек, былапыт, бейпіл сөздерден аузымызды алыс ұстағанымыз жөн. Қарғыс ұрпағымыздың өміріне балта шабады. Сіз аңдамай сөйлеген кей сөзден талай жан, талай ұрпақ қан жұтып, қайғы шегіп, расымен оңбай кетуі мүмкін. Сол себепті өзгені қарғап-сілегенше, оларға жақсы дұға тілеген әлдеқайда тиімдірегін біліп, үлкен кісі­лер салт-дәстүрмен тәрбиеленіп, тілін қатаң бақылаған.

Үйдің жұмысын орындаған соң арасында ойнап, он тиын табылса балаларға арналған киноға баратынбыз. Сырдария кинотеатры ол кезде алаңда шамамен қазіргі «Алтын сағат» орналасқан жерде болатын.

Көкем барлық нәрсеге байыппен қарап, істеген жұмыстары тындырымды еді, жарықтық. Біздің үйдің бар ауыр тасымал жұмыстары көкемнің арбаға жегетін көк айғыр есегінің мойнында. Ол кездері жеке көліктің жоқ кезі. Үкіметтің көлігі қолға тие бермейді. Дария бойына бақша егеміз, Шағырлыдан малға шөп орып тасимыз. Көкем қалың шеңгелді жерді кетпенмен аршып, сол шеңгелмен борсықтың тұмсығы батпайтындай қылып бақ­шалық жерді қоршалайтын. Піскен қауын-қарбыздарына тиіп кетсең, қақ айырылып, адамның құшағына симай жататын. Бүкіл ағайынның балалары бақшаға қолғабыс жасауға барғанда, қауынның тәттілігінен ауыз­дары уы­лып жара-жара болып жүретіні есімде. Жердің құнарлығынан ба, әлде төккен тердің арқасы ма, бақша өнімі де жоғары болатын. Сол кісінің арқасында азық-түліктің басым бөлігін қазір байқасам өзіміз өндіреді екенбіз.

Қазір зейнетке шыққан замандас­тарымыз отбасылық қажеттілікке өз үлесімізді қосып жүрміз бе? Жарықтық көкем әжем барда ағайын-туыстың балалары үйге сыймай, қоржын там­ның төрінде орналасқан жалғыз кереуеттің астына дейін айқасып, бір көрпені жамылып, тартысып жататын­быз. Қазір ағайынды айтпағанда өз бауырларың шақырмасаң келе бермейтін заман болды ғой. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Мал қонысын іздейді, ер туы­сын іздейді». Бұл дана сөздерді атам қазақ айтып кеткен. Кешегісін ойлап, болашағын болжап отыратын бабаларымыз ұрпағына осындай аталы сөз қалдырған. Ағайынның татулығын ұлағат еткен. Бауырлардың бір-біріне бауырмал болуын баса айтқан. Туыстық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсіндірген. Тіпті «Туғаныңмен сыйласпасаң кең дүниеге сыймассың» деп те ескертеді. Ол кезде Тереңөзекте «найман төбе» жақта ауыл базары болды. Қазіргі өрт сөндіретін мекеменің маңайы. Сол жерде бөтелке қабылдап, шамға керосин, кір сабын сататын «Қара ноғай» деген кісінің дүкені болды. Ол кісі қай кезде барсаң да қолындағы қалайы ұзын шөмішімен керосинді сапырып отыратын. Ауыл балалары жексенбі күндері керосин алуға кезекке тұратын. Үлкен­дер демалыс күндері сол базарда кездесіп, мал саудасына делдал болып, әңгіме-дүкен құрып қайтатын. Кейде атам есегіне мінгестіріп мені де алып баратын. Сол жерден әулетіміздің үлкендері Жақан, Оразбай, Сақыбай, Осахан, Кішкенебай аталарымызды көретінмін. Көбіне сол кісілер біздің үйге келіп, қонақ болып әрісі Құраннан, берісі қызықты қисса, аңыз әңгімелерді айтып отыратын. Біз үлкендердің қолдарына таласа су құйып, батасын алып қызық әңгімелерін босағада отырып тыңдап өстік. Біздің замандастарымызды алдымыздағы үлкендеріміз осылай еңбекпен қоса салт-дәстүрді көрсете тәрбиеледі. Соңғы он-он бес жылдың төңірегінде біз баламызды қалай тәрбиелеп жүрміз?! «Үйден шықпай, ғаламтордың төңірегінде еңбексіз аяп тәрбиеленген баламыз бір күні өз бүй­регімізді тесіп шықпай ма екен?» деп те қорқамын кейде. «Оқушыларды мектептің алдындағы ауланы сыпырып, көркейтіп көгалдандыруға, ағаш етуге пайдалануға болмайды» деген теріс заң шығарғанына қалай күйінбейсің?! Қазақта еңбексіз өскен адамды «Тәрбиесіз жетім» деп атаған екен. Сонда біз кімді, қалай тәрбиелеп, қай жаққа бара жатырмыз, ағайын! Сіз қалай ойлайсыз?

Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден

03 мамыр 2025 ж. 270 0