Қойшы мен алма ағашы
Қойшы қарт қойларын өрістетіп, жайылымға жайған сайын дөңге жақын өскен бір алма ағашының түбіне барып дем алатын. Егер жеміс піскен мезгіл болса, алма ағашымен тілдесіп:
– Қане, балам, қарттың алмасын бере ғой, – дейтін.
Сөйткенше болмай дәмі тіл үйіретін, иісі аңқыған, балбырап піскен бір алма жерге топ ете түсетін. Қарт болса, кішкене бәкісімен әлгі алманы асықпай тілімдеп кесіп, өзімен бірге ала келген торсығындағы айранымен қоса сәл жүрек жалғағаннан кейін әкесінен қалған Құранын баппен қолға алып, жайлап оқи бастайтын.
Қойшы қарт бұл алма ағашын осыдан жиырма жыл бұрын отырғызған кезде жиі-жиі суарып, намаз алдында беті-қолын шайған дәрет суының қалғанын да ырымдап соның түбіне төгетін. Қарт жүзін шайған судың шарапаты тиді ме, әйтеуір, алма ағашының тамыры тез жан алып, аз уақытта-ақ бой көтеріп, жеміс бере бастады. Қойшы қарт ол кезде жас болғандықтан қай әдемі алмаға көзі түспесін, кішкене ғана ұмсынып қол созғаны жетіп жатыр еді. Алайда, одан бергі қаншама жыл ішінде қарттың бойы аласарып, белі бүгілді, ал алма ағашы барынша биіктеп, шынар ағашындай жайқалып кеткен-ді. Бірақ алма ағашы қаншама жайқалып өскенімен мәпелеп өсірген баланың аты бала емес пе? Оны баласындай көретін қарт ағаш бұтақтарын жай ғана сипап тұрып:
– Қане, балам, бүгінгі несібемді түсіре ғой, – дейтін.
Айтқанындай, көп пәлсінбестен бір алма түсуші еді. Бұл көрініс дәл осы қалпында бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан-ды. Тіпті, қарт сұрағанда алманың түспей қалған кезі болған емес. Ауыл адамдары болса, бұл таңғажайып құбылысты сырттай бірнеше рет байқап, қойшы қартты «әулиеге» балап қойғалы қашан.
Бір күні ағаш бұтақтары жеміске толып тұрса да қарт қолына ештеңе түспеді. Күткені орындалмай, кірпігі мен сақалы тарам-тарам жасқа оранған қарт үнсіз ғана алыстап қойларымен кетіп бара жатты.
Жеміс бергелі «баласы» қарттың көңілін еш қалдырып көрген емес еді. Мәпелеп өсірген баласына дәл осы жолы қатты көңілі қалды. Көңілі қатты құлазыған қарттың бойы бұл жолы шөкімдей болып, бұрынғыдан да аласарып, белі де бұрынғыдан бетер бүкшие түскендей.
Малдарын қайырып, ауылға бет алған қарт мешіттен әуелеп шыққан азанға құлақ түрді. Азан өте бір ерекше, әуезді үнмен оқылып жатқандай. Тіпті, астарынан өзгеше қуаныш та сезілетін секілді. Ақсақал бірден іркіліп, бойын жинап ала қойды. Қойшы қарт өмірге қайта келгендей күй кешті. Өйткені, есіне бір нәрсе түскен болатын.
Бұл жолы көзіне қуаныштан жас алып, балаша мәз болған қарт бірден әлгіндегі алма ағашына қайтадан жеткенше асықты. Келе сала оны айналып, кең құшағын төсей құшақтаған қарт:
– Айналайын, балам, жарығым! Ұмытшақ мені байғұсты ренжітпей тұрып-ақ білдірсең болмас па еді?! Бүгін Ораза айының алғашқы күні екен ғой?!..
«Ислам ғылымхалы» кітабынан
Фото: ашық дереккөзден