Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеміс ағашын баптаған

Жеміс ағашын баптаған

Ағаш егудің де өзіндік өнері бар. «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» деп бекер айтылмаса керек-ті. Саялы бақта сан жылдар бойы түрлі ағашқа күтім жасап келе жатқан Тереңөзекте бесаспап бағбан тұрады. Жексенбіде жеміс талдарын жайқалта өсірген Ырыстай Андабаевпен дидарласу сәті түсті.

Бүгінде шуақты көктемнің шырайын ашатын жеміс­ ағаштары гүл­деуде. Осы уақытта Ырыс­тай ақсақал бақ­шалық жерді қайта өңдеп, жеміс ағаштарын отыр­ғы­зуда. Ұзақ жыл бойы «Сырдария» өзенінің жа­ға­лауындағы «Узтоп» елді мекеніне қоныс тепкен Ырыс­­тай Андабаев көшет отырғызуды өзінің кәсібі санайды. Қазіргі уа­қытта кентте тұратын қария үйінің жанынан арнайы жер ашып, 10 түр­лі жеміс ағашын еккен. Сонымен бірге мал азығы жоңышқаны бір атыз жерге жайқалтып қойған. Еңбекқор азамат бақша өнімдерін өсіруге де машықтанған.

– Мен Қарағанды облысының ту­масымын. Киелі Сыр еліне, оның ішінде Тереңөзекке бала кезімде көшіп келдім. Дарияның етегіне қо­ныстанған біз ұзақ жылдар бойы бақшалық кәсіппен ай­налыстық. Отбасында жалғыз ұл болғандықтан мал және егін ша­руа­шылығына бейім болдым. Аны­ғын айтқанда 30 жыл бойы диқаншылық пен бағбандық кәсіп­ті қатар алып жүрдім. Тал егудің сан түрлі машақаты бар. Жеміс ағаштарының айрықша күтімді қажет етеді. Уақытылы суарып, әрбір жемісте кездесетін ауруларды анықтай білген дұрыс. Жеміс ағаштарының жергілікті ауа райына бе­йімделуі маңызды рөл атқарады. Мысалы, шабдалы ағашын қайбір жылдары отырғызып, жемісін жедік. Шабдалы суыққа төзбейді екен. Кейіннен қурап қалды. Бүгінде қара өрік, шие, ал­ма, жүзім, жиде, шабдалы, грек жаңғағы, сары өрік, алмұрт секілді жеміс ағаштарына күтім жасаудамын. Базардан алатын кө­шет­тер көбіне шықпай қалады. Сондықтан жемістерді дәнінен ек­кен дұрыс, – дейді Ырыс­тай Қалы­бай­ұлы.

Талай жыл аудандық орман ша­руашылығы мекемесінде қызмет еткен ақсақалдың есімі көпшілікке таныс. Ардагер ауданға қарасты орман-тоғай жерлерін қорғау бо­йынша қажырлы еңбек еткен. Бір жылдары ардалы азамат құрылыс, тамақ өндірісі саласында жұмыс істеген. Орман шаруашылығы саласынан зейнетке шыққан ол №9 бекетте орналасқан бақтағы тал­дардың шығуына себепкер бол­ған. Қария әңгіме барысында Сырда­рияның ауа райына Сыр талы төзімді екендігін тілге тиек етті. Осы уа­қыт­қа дейін бағбан қарт ізін салып кеткен бақта аудан бойынша егілетін талдардың тұқымдық қоры жасақталады.

Көркейту-көгалдандыру жұмыс­тарына бей-жай қарамайтын ең­бек ардагері көшеге тал отыр­ғыз­ғанымен оны малдардың жеп кететініне қа­па­лы. Ақсақал көше бо­йын­дағы қарықтарға қоршау жасап, арнайы маман бекіту керектігін айтады. 

Бақшалық жерлерін та­ныс­тыр­ған Ырыстай аға жүзімді қа­лам­шадан өсіріп шығаратынын айтып жеткізді. Сонымен бірге сексеуілдің тұқымын шашып, ауласында өсіргендігін көзіміз көрді. Ерте көктемнен бастап ақсақал қызанақтың тұқымынан көшет да­йындауда.

Зейнетке шықса да, ежелгі кә­сібінен танбайтын Ырыс­тай Андабаев өмірлік жары Ақзай­раш Тұр­ма­хановамен 4 перзент тәр­бие­леп өсірді. Олардан 10 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Айта кетейік, кәнігі орманшы еселі еңбегі үшін «Сырдария ауда­нының 90 жылдығы» мерекелік ме­далімен марапатталған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ



19 сәуір 2022 ж. 399 0