Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 газет

28 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Қызғылт түсті құс

Қызғылт түсті құс

Бала кезімізде әжемізбен жұмбақ жасырып ойнағанды ұнататынбыз. Сонда әжеміз қазақтың тұрмыс-салтына байланысты көп жұмбақ жасыратын. Сондай жұмбақтың бірі есімде қалыпты. «Қызыл жыңғыл ішінде Қыздаркүл апам ән салар» деген жұмбақтың жауабын таба алмай «қораз, жалын, сиыр» деп неше түрліні айтатынбыз. Сөйт­сек, жұмбақтың жауабы қырғауыл екен. Әжеміз мұның себебін ертеректе айтыл­ған аңызбен байланыстыратын.

Аңыз бойынша Сыр бойында қыс жайлы болып, қызылсу ерте жүріпті. Қалың шеңгел, жиделі тоғай­да қызыл жыңғылдың иісі бұрқырап шығады. Сол тоғайдың, жыңғылдың арасында мекендейтін құс туралы жұмбақтың шығуы ауызекі айтылған әңгімеден қалса керек. Бұл жұмбақты Сыр елінің халқы ғана айтады, басқа жерде айтылмайды.

Қырғауылдың тоғайдағы тіршілігіне қарап, қыс айының жайлы немесе жайсыз болатынын болжаған. Мәселен, алдағы қыс жылы болатын болса, қырғауыл 20-ға дейін жұмыртқа салады, ал керісінше қыс суық болатын болса, 2-3 қана жұмыртқалайтын болған. Тоқшылықтың, берекенің белгісі санаған құсты халқы­мыз дәмді еті үшін де бағалаған.

Тауық тәрізділер тобына жататын қырғауылдың ең көп тараған жері – Сыр бойы. Іле аймағында да мекендейді. Өзен жағалауындағы тоғайлы, қамысты, құнарлы жерде, шөптің алуан түрі өсетін жерде кездеседі. Қоразының құйрық қауырсыны өте ұзын, қызғылт әрі қою жасыл, күлгін түсті болады. Мекиені қоңыр сұрғылт келеді. Ағаш басына қонақтап, жерде жүреді. Ұясын қалың қамыстың, бұтаның арасына, жерге салатын құс оны жасырып бүркеп қояды. Сәуірден шілдеге дейін жұмыртқалап, оны 24 күнде басып шығарады. Қорегі – өсімдіктер мен жәндіктер. Жұмыртқадан шыққан балапандары мамығы кепкен соң өз бетінше жемтігін іздейді. Аяқтары мықты болғандықтан топырақты қазып, жәндіктермен қорек­тенуге қабілетті.

Қырғауыл етін ұзақ уақыт аурудан сауыға алмай жүрген науқастарға шипа әрі қуат алатын азық ретінде береді. Қырғауылдың сорпасы мен еті қан азайғанда орнын толтыру үшін, ішкі ағзалар әлсірегенде, жалпы қандай да болмасын жарақат алғанда, жүйке жүйесін ретке келтіруге таптырмас дәрі десе де болады. Өзі сіңімді, қуаты күшті қырғауылдан жасалған сорпаны барлық адам пайдаланса болады.

Дайындаған
Бибісара ЖАНӘЛІ
29 маусым 2021 ж. 602 0