Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№19 газет

15 наурыз 2025 ж.

№18 газет

08 наурыз 2025 ж.

№17 газет

04 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Көктемгі егіске дайындық қалай?

Көктемгі егіске дайындық қалай?

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралып, талқыланды.

Ең алдымен 2025 жылы егілетін егіс көлемі және ротация жұмыстары туралы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт хабарлама жасады.

– 2025 жылы аудан бойынша жалпы 33912 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Биылғы жылдың күріш егісіне қажетті минералдық тыңайтқыштың 10600 тоннасының 6170 тоннасы сатып алынды. Қалған қажетті өнімдерге сұраныс жолданып қазіргі таңда күтілуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы бойынша биылғы жылы арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің барлық қажетті көлемі 16500 литрді құрап отыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы – 780 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысатын болады. Оның ішінде: 376 трактор, 196 трактор тіркемесі, 98 соқа, 47 дән сепкіш, 63 жүк көліктері дайын. Үкімет тарапынан көктемгі егіс және дала жұмыстарын 2900 тонна және күзгі егін жинау жұмыстарына 2730 тонна қажетті жеңілдетілген дизель отынына шаруашылық құрылымдары «Gosagro.kz» веб-порталы арқылы өтінімдерін тапсырды. Бүгінгі күні дизель отынын жеткізіп беруші операторды таңдау жұмыстары жүргізілуде. Каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жалғасуда, – деген бөлім басшысы жоспарланған ауыл шаруашылығы дақылдарына жекелей тоқталып өтті.

Одан кейін хабарламашыға сұрақтар қойылып, мәселе жан-жақты талқыланды. Айта кетейік, қазіргі таңда егін егу науқанына қызу дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы ретте аудан басшысы науқандық жұмыстарды сапалы ұйымдастыру қажеттігін тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова жұмыспен қамту саласы бойынша 2025 жылға жоспарлар мен көрсеткіштер туралы баяндады.

– Ұлттық жоба аясында барлығы 22 жоба бекітіліп, 235 жұмыс орнын ашу жоспарланса, 2024 жылға 248 жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысы әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 499 жұмыс орнын ашу белгіленсе, 2024 жылға 446 жұмыс орны ашылды, – деген бөлім басшысы бұдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек пен қайырымдылық іс-шаралары, мүгедектерді қолдау бойын­ша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Өз кезегінде баяндамашыға сұрақтар қойылып, мәселе кеңінен талқыланды. Жиын соңында аудан басшысы талқыланған мәселелер төңірегінде нақты тапсырма беріп, орындалуы қатаң қадағаланатынын жеткізді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 наурыз 2025 ж. 204 0