Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егістік даласында қызу тіршілік

Егістік даласында қызу тіршілік

Диқандар қауымы қызу еңбек үстінде. Бір сәтке де дамыл таппайтын дала еңбеккерлері таң атысымен Жер ананы мәпелеп, егін егуде. Олар бап-күтімі сай болған егін бітік шы­ғатынын біледі.
«Көктемнің бір күні – жылға азық» дегендей, ерте көктемнен бас­тап дала қосына асыққан диқаншылар Сырдың басты дақылын егуді аяқтауға жақын. Енді бір-екі күнде ауданның барлық шаруашылық құрылымдары өздеріне тиесілі аумаққа Сыр салысын толығымен орналастырып, суға бастырады деп күтілуде.
Жалпы, биылғы меже – 33407 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу. Оның негізгісін күріш дақылы құрайды. 21 667 гектарға егілетін күріштің бүгінде 20 046 гектары егіліп, 17 930 гектары суға бастырылды. Сонымен қатар жаздық бидай 1150 гектар, сұлы 93 гектар, сүрлемдік жүгері 10 гектар, картоп, көкөніс, бақша 820 гектар, жаңа жоңышқа 2852 гектар және ескі жоңышқа 6815 гектар жерге орналастырылады.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметі бойынша бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы құрылымдарында 6815 гектар ескі жоңышқаны тырмалап, 2852 гектар жаңа жоңышқа, 1150 гектар жаздық бидай, 92 гектар арпа, 54 гектар мақсары егілді.
Қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 12 950 тоннаны құрады. Қажетті тыңайтқыштың 12 950 тоннасы алынған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы бойынша биылғы жылы арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің қажетті көлемі 17 049 литрдің 11 021 литрі алынған.
Көктемгі дала жұмыстарына 346 трактор, 197 трактор тірке­месімен, 83 соқа, 44 дән сепкіш, 66 жүк көлігі қатысуда. Мемлекет тарапынан 2850 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, жеткізіп беруші оператор «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС арқылы шаруашылықтарға жеткізілуде.
– Биылғы жылғы бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруға, егіс көлемдерін тұрақты суаруға 897,0 млн текше метр су лимиті бөлінді. Каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары толығымен орындалған.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдері «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арқылы жасалып, күріш дақылын сәуір айының 25-нен бастап егу жұмыстары басталды, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек.
Айта кету керек, «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің мәлі­метіне сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін Шіркейлі магистралды каналымен – 61,11 текше метр, «Әйтек» магистралды каналымен – 29,25 текше метр, Елтай каналымен – 5,01 текше метр, Жүнісбек каналымен – 1,22 текше метр, Соркөл каналымен – 3,10 текше метр, аудан бойынша барлығы – 99,69 текше метр су жіберілуде.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
26 мамыр 2020 ж. 1 008 0