Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемнің әр күні жылға азық

Көктемнің әр күні жылға азық

Қыс бойы тыныққан диқандар ерте көктемде егістік танапқа шықты. Жылдағыдай егін егу жұмыстарына дайындық басталып, несібесін жерден іздейтіндер науқандық жұмысқа кірісіп кетті. Мол өнім алу осы кездегі еселі еңбекке тікелей байланысты еке­нін олар жақсы біледі.

Диқандар үшін өткен жыл оңай болған жоқ. Су тапшылығы орын алып, егінге қауіп төнді. Десе де Ы.Жақаевтың ізбасарлары мол өнім алып, рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Биыл да өткен жылғы су тапшылығының орын алу қаупі жоғары. Осыған байланысты егістік көлемін азайту көзделіп отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәлімет бойынша биыл 32659 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленген. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 20600 гектар жерге орналастырылмақ. Сыр салысы өткен жылы 21126 гектар жерге егілген болатын. Одан кейін осы жылы жаздық бидай 692, мақсары 105, соя 28, дәндік жүгері 70, көкөніс, бақша дақылдары 835 гектар жерге егілмек. Сонымен қатар мал азығындық жаңа жоңышқа 2578 гектар және ескі жоңышқа 7751 гектарды құрайды. Яғни былтырғы жылға қарағанда биыл егіс көлемі азайды.

Жылдағы үрдіспен аудан шаруашылықтары егінге қажетті тұқымды ерте сайлап алды. Мәселен, биылғы жылдың егісіне 5200 тонна күріш тұқымы дайын. Оның 5,2 пайызы отандық сорттар болса, 94,8 пайызы ресейлік сорттарды құрап отыр. Атап айтқанда, отандық сорттар бо­йынша 270 тонна «Сыр сұлуы» себілсе, ресейлік сорттардың 4094 тоннасы «Лидер», 836 тоннасы «Янтарь» тұқымы.

Бүгінгі күнге аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1785 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 555 гектар жаңа жоңышқа, 520 гектар жаздық бидай егілген. Негізінен, ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдері «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арқылы жасалып, басты дақыл – күрішті сәуір айының 22-нен кейін егу жоспарланған.

Егінге керекті тыңайтқыштар да науқандық жұмыстар басталмай тұрып түсірілген. Биылға қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 12401 тоннаны құрайды. Есепті кезеңде шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштардың 9135 тоннасын сатып алған. Қалған бөлігі егін егі барысында толықтырылмақ. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы бо­йынша биылға арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің қажетті көлемі 16505 литрді құрайды.

Әрине, егін егіп, оны ысырапсыз жинап алу техникалардың күшімен жүзеге асырылады. Қазіргі науқандық жұмысқа шаруашылықтардың техникалары сақадай сай. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарына 354 трактор және 197 трактор тіркемесі, 85 соқа, 47 дән сепкіш пен 63 жүк көлігі қатысуда. Оларға қажетті 2701 тонна дизель оты­ны бөлінген. Жеткізіп беруші оператор ретінде «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС бекітілген.

Көктемгі дала жұмыстарын ерте бастаған еңбеккерлер ең әуелі су жолдарын тазартты. Қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша шаруашылықаралық каналдардан 27000 текше метр, ішкі су жолдарынан 168100 текше метр топырақ шығарылған. Сондай-ақ 13 су құрылысы, 27 гидробекет және 13 су тартатын қондырғы жөнделген. Осы кезде де аудан көлеміндегі каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жалпы, биылға бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес, егіс көлемдерін тұрақты суаруға 900 млн. текше метр су лимиті бөлініп отыр.

Ауданда көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. «Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, еңбеккерлер науқандық жұмыстарды сәтті аяқтап, ала жаздай су тапшылығынан аман болса, биыл да биік межені бағындырады деген сенімдеміз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
30 наурыз 2021 ж. 527 0