Көктемнің бір күні жылға азық
Биыл аудан бойынша 33407 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленіп отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 21667 гектар, жаздық бидай 1150 гектар, сұлы 93 гектар, сүрлемдік жүгері 10 гектар, картоп, көкөніс, бақша 820 гектар, жаңа жоңышқа 2852 гектар және ескі жоңышқа 6815 гектарды құрайды.
Биылғы жылдың егісіне 5200 тонна күріш тұқымы құйылып алынған болатын. Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдарында тұқымды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы құрылымдарында 2071 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 561 гектар жаңа жоңышқа, 350 гектар жаздық бидай егілген. Қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 12950 тонна болса, оның 9842 тоннасы алынған.
Соңғы жылдары ауданда техникалық жарақтандыру және машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы үш жылда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 3 млрд 613 млн теңгеге 85 дана және өз қаржыларының есебінен 19 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Яғни машина-трактор паркі бүгінгі күнге 25 процентке жаңартылып отыр.
Көктемгі дала жұмыстарына 346 трактор, 197 трактор тіркемесі, 83 соқа, 44 дән сепкіш, 66 жүк көлігі қатысады деп күтілуде.
Көктемгі егіс егу жұмыстарына 2850 тонна дизель отыны бөлініп, оператор болып «Нефть-Транс Қызылорда» ЖШС-і бекітілді.
Өткен жылғыдай ауыл шаруашылық тауар өндірушілері биыл да дала жұмыстарына қажетті дизель отынын сатып алуды автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы іске асырады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдері «Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арқылы жасалып, күріш дақылын сәуір айының 25-нен кейін егу жоспарланып отыр.
Сайып келгенде ауданның шаруашылықтары мен шаруалары көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып, мол өнім өсіруге қазірден негіз қалауда.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ