Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемнің әр күні – жылға азық

Көктемнің әр күні – жылға азық

Көктем шығып, көк көтерілгелі өңірлерде көктемгі дала жұмыстарына дайындық қыза түсті. Жаһанның тынысын тарылтқан жұқпалы індетке қарамастан биыл да ауданда науқанға әзірлік уақытында бастау алды. Ал оның барысы қандай? Осыған тоқталып өтсек.
 Қазіргі таңда егістік жерлерді егінге дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жер тоңы жібігенде несібелерін жерден көру үшін диқандар қызу еңбекке кірісіп те кеткен. Шаруашылықтар егін егу жұмыстарына қамданып, тұқым, тыңайтқышты әзірлеп, техникаларын да сайлап алған.
Биылғы жылы аудан бойынша бекітілген сызбаға сәйкес 33407 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Оның ішінде Сыр елінің басты дақылы – күріш 21667 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдері «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арқылы жасалып, күріш дақылын сәуір айының 25-нен кейін егу жоспарланып отыр. Бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес, егіс көлемдерін тұрақты суаруға 897,0 млн текшеметр су лимиті бөлінген. Каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары толығымен орындалып отыр.
Күріштен басқа дақылдарды егу жұмыстары жос­парлы жүзеге асуда. Бүгінгі күнге 1150 гектар жаздық бидай, 2852 гектар жаңа жоңышқа, 54 гектар мақсары, 92 гектар арпа егіліп, 6815 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, күтімге алынған.
Жоғарыда атағанымыздай, шаруашылық құры­лымдары егіске қажетті тыңайтқышты алуға ер­те қамданған. Бүгінгі күні шаруашылықтарда ми­нерал­дық тыңайтқыштардың 10862 тоннасы және арам­шөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің 6081 литрі алынған.
Көктемгі дала жұмыстарына техникалардың сай болғаны жөн. Өйткені егін науқанында техниканың бұзылса, жұмыс қарқыны бәсеңдеп қалатыны сөзсіз. Сондықтан мұндай кезеңде әрбір техниканы еш ақаусыз дайын болғаны керек. Осы күндері көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 346 трактор, 197 трактор тіркемесі, 83 соқа, 44 дән сепкіш және 66 жүк көлігі қатысуда. Көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан техникаларға қажетті 2850 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Жалпы, жұқпалы індет салдарынан ахуал құбылып тұрғанына қарамастан, ауданда көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Ал шаруалардың еңбегінің нәтижесін уақыттың өзі көрсетеді. Ең бастысы еңбек етуге барлық мүмкіндік бар.

Ердос Беркінбаев 
14 сәуір 2020 ж. 688 0