Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтарға азық болған қайырымдылық

Алаяқтарға азық болған қайырымдылық

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Иә, шынында, қайырымдылық жасау – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халқымыздың қанында бар қасиет. Қазіргі таңда елімізде мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылыққа үлес қосып жүрген ізгі жандардың қатары көбейіп келеді.

Көктемгі су тасқыны кезінде елі­міздің түк­пір-түкпірінен жиналып, көмек қолын созған қаншама еріктілер мен жомарт жандар соның айқын көрінісі деуге болады. Мәдениет және ақпарат министрлі­гінің мәліметінше, елімізде ресми түрде тіркелген мыңнан астам қайы­рымдылық ұйымы бар. Жағдайы төмен отбасылар мен жәрдемге мұқтаж жандарға қол ұшын созатын қорларға мемлекет те ба­рынша қолдау білдіріп келеді. Алай­да олар­дың беделіне жеке пайдасын ғана ойлайтын қоғамды жайлаған алаяқтар нұқсан кел­тіріп отыр. Нәтижесінде, қарапайым ха­лық қайы­рымдылық іске кү­мәнмен қарап, се­німін жоғалтуда.

Халықаралық қайырымдылық индексінде Қазақстан 142 елдің ішінде 113-і орында тұрғанын айта кетейік. Елімізде ресми тіркелген 100-ден аса қайырымдылық қор бар. Оның ішінде, ұйымдар жұмыс істейді. Жылағанға жұбаныш, құлағанға демеу болып көмектескісі келетін жандардың бол­ғаны жақсы. Алайда түрлі қор­ларды ашып, халықтан жиналған қаражаттың қаншалықты қажетіне жұмсалып жатқаны бізге беймәлім. Соң­ғы 1 ай ішінде елімізде бірнеше қордың заң­сыз түрде қаржыны өздерінің бас пайдасына жұмсағаны анықталды.

Нақтырақ айтқанда, тексерістер бойынша қайырымдылық қордың есепшотындағы жинаған қаражат қымбат көлік, зәулім үй, бағалы бұйымдар және шетелдегі демалыстарға жұмсалғаны анықталды. Қайы­рымдылық қорлардың жұмысына күдікпен қарап, алғаш күмән тудырған «Асар-Уме» қайырымдылық қоры болды. Көп уақыт өтпей жатып Қаржы мониторингі агенттігі «Біз біргеміз Қазақстан» қайырымдылық қоры құрылтайшыларының бірі – қордың қомақты қаржысын жымқырды деген күдікке ілініп, екі айға қамалғанын хабарлады. Мұнан кейін басқа да жеке азаматтардың және көпшіліктің сеніміне кірген әлеуметтік желіде қайырымдылық жасаумен танымал болған бірнеше азаматтың алаяқтық іс-әрекеттері әшкере болды. Бұл әзірге бергі жағы ғана. Әлі де тексеріліп жатқан қайырымдылық қоры жетерлік.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт соңғы уақытта елімізде мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау мақсатында қаржы жинайтын еріктілер көбейді. Ең сорақысы мұндай еріктілердің кейбірінің артында алаяқтардың жымысқы іс-әрекеттері әшкереленуде. Еріктілер көбінде ауыр дертке шалдыққан сәбилерге қаржы жинаумен айналысады. Әлеуметтік желілерге сәбидің видеосын жүктеп, диагнозы туралы және белгілі бір реквизит жазып қояды. Нәтижесінде, бұны көрген қарапайым халық иманындай сеніп, көрсетілген реквизитке өзінің қалауынша қаражат аударады. Ал шындығында ауыр дертке шалдыққан бала не өмірден өткен не құлан таза айығып кеткен болып шығады. Бүгінде жағдайды теріс пиғылда пайдаланатын алаяқтардың қызметіне қатысты алаңдаушылық туындайды. Бұл адамдар өзгелердің аяушылық сезімін оятып, қаржылай көмек жолдауы үшін қолынан келгенше түрлі амал-тәсілді қолданады. Қайырымдылықты қар­жы көзіне айналдырып, ауруға шалдық­қан адамдардың есебінен халықтан ақша тауып жүрген алаяқтардың қулығына құрық бойламай тұр. Себебі бұндай жағдай тек әлеуметтік желілерде ғана емес, сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшелерде, саябақтарда, автобустарда, адам көп шоғырланған жерлерде кездеседі. Өзін қайырымдылықпен айналысатын ерікті ретінде таныстырып, баланың еміне деп қаржы жинап жүрген алаяқтар да бар. Кейбір анықталған қылмыстық іс-әрекеттер бойынша мұндай еріктілер жалдамалы болуы да мүмкін екен. Яғни, алаяқтар жас студенттерді, жасөспірімдерді ерікті ретінде жұмысқа алып, күнделікті аз-маз ақысын төлеп отырады. Ал жалдамалы еріктілер көбінде алаяқтардың мұндай қитұрқылығынан мүлдем хабары болмайды. Бұның артында алаяқтардың үлкен тобы тұруы әбден мүмкін. Қаншама өзгенің қайғысын өз пайдасына айналдырған алаяқтар осылайша оңай олжаға ие болып, қалтасын қалыңдатуда. Сауапты іске деп қор ашқандар мен аударым үшін жеке есепшотын пайда­ланғандардан есеп алудың бірыңғай үлгісі көрсетілмегендіктен, аңқау елдің арамза молдалары мұқтаж жан­дардың материалдық және қар­жы­лық жағдайын қажетіне пайдаланып, сауапты істен үлесін алып, енді біреулері жиналған ақшамен жағ­дайын жасап жатыр. Шындығында бұндай жолмен ақша тауып, қайырымдылық жасап жүрген кейіп танытқан алаяқтардың барлығын анықтау мүмкін болмай тұр. Мұндай мысалдарды тізбелей берсек, қайырымдылықтың айналасында түрлі қитұрқылықтың барын байқаймыз. Себебі қолданыстағы заңда қайырымдылық жасаушыларға есеп беру міндеттелмейді.

Бұдан бөлек, қазір не көп, блогер көп. Соңғы уақытта көпшілік блогер қайырымдылық үшін қаражат жинауды әдетке айналдырды. Ал бұлардың барлығы заң жүзінде тексеріліп, халыққа нақты есебін береді деп айта алмаймыз. Жағдайы жоқ отбасылар мен сырқат адамдарды жағалап, жағдайын жасап алған соң, қарасын көрсетпей кететін блогерлер де жоқ емес. Дегенмен барлығына бірдей топырақ шашуға болмайтынын да ескерген жөн. Себебі, барлығы бірдей алаяқ деген сөз емес. Шын ниетімен қайырымдылық жасап жүрген қайырымды жандардың да бар екенін ұмытпаған абзал. Ортамызда «қайырымдылық істесең, қайырымын өзің аласың» дейтін жаны жомарт адамдар да аз емес. Бүгінде ел басына күн туа қалса да, Үкіметтен бұрын үйдегі затын тасып, көмекке мұқтаж адам­дардың қамына қабырғасы қайы­сатын адамдар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатады. Жетім мен жесір­дің жағдайына қарай­ласып, қайырым­дылыққа деп қалта­сындағы соңғы тиы­нын беруге асығатын адал жүректі адамдардың барын айтпай кетуге болмас. Бірақ осындай жомарт жандардың жинап берген жылуының барлығы бірдей мұқтаждарға жете бермейтіні өкінішті.

Сұрауы бар ақшаны сауапты іске жұмсамайтын, пайыздан пайда көруді ғана ойлайтындарды опық жегізу үшін не істеу керек? Бұл үшін қайырымды жандардың сауатын ашу маңызды. Сондықтан желіде кездескен кез келген жарнамаға сеніп, блогерлердің қалтасын қампай­тып, алаяқтарға алданбау үшін қайырым­дылық қорын жеті рет тексеру артықтық етпейді.

Соңғы жаңалық бет­теріндегі қайырымдылық қор­лардың алаяқтығы аясындағы дауларға байланысты бұдан былай жекелей адамдардың қор ашып, көпшіліктен ақша жинауына тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде тек әкімдік бекіткен қайырымдылық қорлары ғана қаражат жинайды. Қайырымдылық туралы заңға осы сынды түзетулерді қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі қарастырып жатыр. Қорлар айналасындағы дау-дамайдан кейін министрлік арнайы жұмыс тобын құрған. Қайырымдылық қорлары айналасындағы дау ушығып тұрғаны белгілі. Қоғам белсенділері қазірден жалпы елдегі қорлардың барлығын сүзгіден өткізу керек деген бастаманы көтеріп жатыр.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
30 қараша 2024 ж. 118 0