ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ
Асыл дінімізде мұқтаж жанға көмектесудің сауабы мол екені айтылады. Өзіңде барды өзгемен бөлісу, сондай-ақ, қайырымдылық жасаудың шарапаты шексіз екені түсінікті. Тіпті, қайырымдылық жасасаң ол еселеп қайтады. Бұл тұрғыда, дана халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді. Бұған қатысты қасиетті Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады.Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» делінген.
Қасиетті Рамазан айында сырдариялықтар қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырды. Сол ізбен жақында аудандық «Мұсылмандар» мешіті жамағатының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті. Аудандық мешітте өткен игі істе ауданның бас имамы А.Асқаров қайырымдылық жасаудың сауабын айтты. Жамағат әркез тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп келе жатқанын жеткізіп, бұл да соның бір парасы екенін атады.
Игілікті шараның аясында 62 отбасы қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Қайырымдылықтың игілігін көргендер өз алғыстарын жаудырды.
Е.БЕРКІНБАЕВ