Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі бекем, тірлігі көркем

Бірлігі бекем, тірлігі көркем

Ауданға қарасты Нағи Ілиясов атындағы ауылды аудан жұртшылығы ғана емес, респуб­лика халқы жақсы біледі. Әсемдігімен, әдемілігімен, таза­лы­­ғымен аты шыққан ауыл балаларына тәлім мен тәрбие беріп келе жатқан білім ордасы Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектеп тарихы жайлы қалам тербедік.

«Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жар­қын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келеше­гі – тұман» деп жазады Міржақып Дулатұлы. Ғасырдан астам тарихы бар ауыл мектебінде небір тұлғалар, азаматтар тәлім мен тәрбие алған. Бүгін­де ауылды көркейтіп, атын асқақтатып жүрген азаматтар осы қара­шаңырақтың табалдырығын аттаған. Бұл – ауыз толтырып айтарлық мақтаныш.

Өркениетке бет алған еліміздің болашағы білім беру саласымен тығыз байланысты. Жауапты міндеттерді жан-жүрегімен ұғынып, жұмы­ла көтерген ізгілік ұясының тарихы тым тереңнен бастау алады. Өткен ғасырдан сыр тартсақ.

1903 жылдың тамыз айында Түркістан өлкесі, Сырдария облысы, Перовск уезі, Кеңтүп болысына қарасты 4 ауылда Хан мектебі ашылады. Олай аталуының себебі, қазіргі Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылының бергі жағында «хан» деген қасиетті ағаш болыпты дейді. Соған сай хан деп аталған мектеп атауының терең астарлы мәні бар. Шын мәнінде, сол жерде бұрын егілген қызыл ағаш болған. Жазды күндері кескен жерінен қызыл сөл ағады екен. Діни адамдар бұл ағаштың жай ағаш емес екенін айтып, нәрімен, сөлімен халықты сусындандырып отырған, тамыры терең ағаштың құрметіне мектепті осылай атау­ды жөн деп тапқан.

1909 жылы Құлке қорғаны жанынан 10 бөлмелі Хан мектебі мен интернат салынып, 1911 жылы іске қосылған. Сол мектептің орны қазіргі Шіркейлі өзенінің сол жағасындағы Құлке төбесінің жанында. Осы жылдан бас­тап 4 жылдық орысша-қазақша мектеп болып қайта құрылады. 1935 жылы халық комиссарлар советі жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық оқу заңын енгізуіне байланыс­ты Қызылорда ауданына қарасты №6,7,8 ауылдардың ортасынан жетіжылдық болып қайта құрылып, «Құлымбетов» атындағы мектеп болып аталған. 1937-1938 оқу жылында мектеп «Шіркейлі» мектебі деп аталса, 1939-1940 оқу жылында мектептің аты өзгеріп, Э.Тельман атындағы жетіжылдық мектеп деп аталған. Сол жылдары 50 балалық қоғамдық интернат ашылып, онда 5-6 сынып оқитын оқушылар орналастырылған.

Тарихқа көз жүгіртсек, біздің мақаламызға арқау болып отырған білім ордасы ауданда алғаш құрылған мектептердің бірі. Бүгінгі ғимарат 1971-1972 оқу жылында пайдалануға берілген.

– Қазіргі таңда аудандағы озық оқу орда­сының бірі №132 мектебіміз Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі, «Ғасыр адамы» Түймебай Айтбаевтың есімімен аталады. Бұл мектепте «Ұлы Отан соғысы» ардагерлері Меңлібай Қаймолдаев, Алмат Наурызбаев, Сәдуақас Әлиев, Түймебай Айтбаев секілді азаматтардың ізі қалған. Өз кезегінде ұстаздық еткен аға буын мектебіміздің бүгінгі келбетін қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен. Қазіргі таңда 640 орындық мектебімізде 91 қызметкер жұмыспен қамтылуда. Оның ішіндегі 86 педагог маманның «Педагог-зерттеуші», «Педагог-сарапшы», «Педагог-модератор» санаттары бар. Мектепте ауқымды іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аудан мектептері арасында да жоғарғы көрсеткішке ие, – дейді мектеп директоры.

Жыл өткен сайын білім ордасының мате­риал­дық базасы нығайтылып келеді. Биыл мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстары мен оқушы, ұстаздарға демеуші­лер тарапынан әркез қолдау көрсетіліп отырады.

– Тарихы терең мекте­біміздің қабырғасынан ел­ге, қоғамға белгілі талай шәкірт түлеп ұшып, білік­ті ұстаздар шыңдалды. Олардың есімдерін бүгінгі ұрпақ мақтанышпен айта алады. Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов, Социалистік Еңбек ардагері Күләнда Абдраманова, облыс­тық мәжіліс депутаты болған қайраткер Алмагүл Божанова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Досқали Найманов, жазушы Танаш Дәуренбеков, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ибадулла Таутенов, ОІІБ-нің ардагері Серікбол Тұңғышбаев, «Абзал және К» толық серіктестігінің президенті Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, ірі басшылық қызметтерде ауданның дамуына өзіндік үлесін қосқан Балшекер Өтегенова, облыстық жедел жәрдем бөлімінің абыройлы ардагері Сағындық Шамшиев, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Айтбаева, журналист Несібелі Рахметова, Индира Ибраева, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мыңбай Үмітжанов және тағы да басқа түлектерді мақтанышпен атап өтуге болады, – дейді мектеп директоры.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Осы мектептің түлегі Абзал Жұмашұлы өзі білім алған мектепке әркез қолдау көрсетіп, қаржылық демеушілік көрсетіп отырады. Атап айтар болсақ, «Жылдың үздік мұғалімі», «Жылдың үздік оқушысы» аталымы бойынша анықтап және «Үздік аттестат» пен «Алтын белгі» иегерлеріне қаржылай сыйақы ұсынады. Бұл да болса жас өркенге алға талпыну үшін қолдау, қамқорлық деуге негіз бар.

ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Ал мектептің жүрегі – мұғалім. Аталған білім ордасы ұстаздары да іскер әрі ізденімпаз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашылдықты тез қабылдай білетін жас мамандар дөңгелек үстел, шеберлік сағаттарын жүйелі түрде өткізіп отырады. Қазыналы білім ордасына айналған орта мектептің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мақтанышына айналуды мақсат етеді. Білгенін балаға үйретуден жалықпайтын ұстаздар да елдің кемел келешегі үшін елеулі еңбек етуде. Қандай жетістік болса да, ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі. Ұстаздардың ұлағатты істеріне ата-аналар да дəн риза. Ел болашағын тәрбиелеуде, білім беру ісіне жаңашылдықты енгізуде, ұстаз­дардың білігін арттыруда, қоғамдық жұмыс­тарды белсене атқаруда білім ордасы алда талай белестерді бағындырарына сенім мол.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
12 қазан 2024 ж. 215 0