Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАБАҚШАДАН – МЕКТЕПКЕ

БАЛАБАҚШАДАН – МЕКТЕПКЕ


Бірлігі жарасқан Сәкен ауылында «Ақ көгершін» атты балабақша бар. Бұл балалардың сүйікті мекені екі қабатты жаңа еңселі ғимаратта орналасқан. Балабақша аудандық бюджет есебінен салынып, онда бүлдіршіндердің жақсы тәлім-тәрбие алуына, ой-өрістерін дамытуына барлық жағдай жасалған.
«Ақ көгершін» ұжымының ұйымдастыруымен «Қош бол сүйікті балабақшам» атты ертеңгілік өткізілді. Ертеңгілікті балабақшамен қоштасып, биыл мектеп есігін ашатын балалардың өздері жүргізді.
Біз бақытты баламыз,
Жетіліп ой-санамыз.
Бақшаменен қоштасып,
Мектепке кетіп барамыз.
Бал күндерді қиялдап,
Сағынамыз әлі-ақ біз,-деп жыр төгілтті балақайлардың бірі бал тілімен. Балалардың тәлім-тәрбие орталығы балабақшадан үйренгендері көп екен. Оңы мен солын танып, білім мен тәрбиеге сусындап, білім жолына қадам басқалы тұр. Мұның балалар мектеп есігін ашқанда көп пайдасы тиетіні анық. Ертеңгілікте балалар өнерлі екендіктерін танытып, ән шырқап, би биледі.
«Бар жақсымыз балаларға» деп балабақшадан көмегін аямайтын азаматтар да бар Сәкенде. Олар «Сейфуллин – Жер» ЖШС төрағасы Оңғар Саймағанбетов, «Құндыздымай» ШҚ төрағасы Бөлеген Рахметов, ауыл азаматы, кәсіпкер Мақсұт Әбілдаев және т.б. Ертеңгілік соңында балабақша меңгерушісі Ж.Байназарова ұжым, ата-аналар атынан демеуші ағайларға алғысын жеткізді.


Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
06 маусым 2018 ж. 1 388 0