Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім бәйтерегі

Білім бәйтерегі

Мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда... Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» депті Міржақып Дулатұлы. Ел ертеңі, болашақтың бас­тауы бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде теңіз – мектептің, кеме – білімі зор маңызға ие. Білім мен ғылымның ғасыры делінетін қазіргі кезеңде тәрбиеші – ұстазға да артылар жауапкершілік жоғары.

«Білім» бетінің кезекті шығарылымы №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп­ке арналмақ. Кентпен іргелес жатқан О.Мәлібаев елді мекенінде орналасқан білім ордасы сексен жылдан бері ұрпақ тәрбие­сіне үлес қосып келеді. Жиырма жыл­дан кейін ғасыр тойын тойлайтын мек­теп тарихы неғұрлым тереңде болса, онда білім алған ұрпақ пен еңбек еткен ұстаз­дар туралы да тереңнен сыр шертуге болады. Ұстаздық жолда қырық жылдық тәжіри­бесі бар ұлағатты ұстаз, ардақты ана Алтын Нұртаевамен пікірлесіп, білім ордасы туралы сыр шертуін сұрадық.

– 1975 жылы тұрмыс жағдайына байланысты №131 орта мектепке ауыстым. Ұстаздық жолдағы жалпы еңбек өтілім 41 жылды құраса, 40 жылын бүгін сіз бен біз сөз етіп отырған білім ордасында өткіздім. Яғни атаулы білім ордасының өткені мен бүгіні көз алдымда десем, артық айт­қандық емес. Жас маман болдық, білікті басшы, тәлімді ұстаздардың тәр­бие­сін алдық. Білгенімізді, жинаған тәжіри­бемізді кейін жас буынмен бөлістік. Біз жұмыс жасағанда бір директор, бір оқу ісінің меңгерушісі болатын. Оқу ісінің меңгерушісі Пірназар Көзейбаев ағай тәрбие ісін де, үйірмелерді де бір өзі алып жүрген екен-ау. Сол кісінің бір дауыс көтеріп ұрысқанын көрген емеспіз. Қаба­ғы­­мен ықтыратын. Сондай-ақ Ұлбосын Ералиева, Жұмакүл Мұханова, Күнила Баймұратова, Жұмакүл Көшербаева, кейінгі толқын Гүлшат Қалмағанбетова, Айман Әбілдаева сияқ­ты ұлағатты ұстаздармен етене араласып, түсіністікпен, сыйластықпен жұмыс істедік. «Қырық бес жыл ұстаздық етсең де, қырық бес минуттық сабаққа дайындықсыз барма» деген. Көрнекі­лік құралдарын қолдан дайындап, әр сабақ­қа ерекше ынта-ықыласпен баратын едік. Үлгерімі төмен оқушыны үздік оқушыға қосып, тәрбие мен білімді тең ұқтыруға жұмыс жасадық. Шүкір, мектеп түлектері елімізге елеулі, халықтың қамы үшін түрлі салада жұмыс істеуде. Біз шәкірттерімізбен мақтанамыз. Өзіміз оқытқан оқушылар сәлем беріп, жағдайымызды сұраса-ақ мар­қа­йып қаламыз. Бүгінгі білім беру саласында жаңашылдық, өзгеріс баршылық. Білім ордасы жаңарып, жасарып, білікті мамандар заман талабына сай жұмыс жүргізуде. Зейнет демалысына шықсақ та, күні бүгінге дейін мектеп өмірінен қол үзген емеспін. Тірлі іс-шараларға құрмет­теп шақырады. Құрметті қонақ етіп, ақыл-кеңес, бата беруімізді сұрайды. Біз үшін қазір бала-шағамыздың, келешек ұрпақ­тың ортасын­да солардың жетістігіне қуа­нып, ел-жұрт­қа тілеулес болып отырудан асқан бақыт жоқ, – дейді ұлағатта ұстаз-ана.

Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы бүгінде жаңаша кейіп алып, жанданып келе жатыр. Ұстаздар қауымы әркез білімін жетілдіріп, білім беруде ұтымды тәсілдерді салаға енгізсе, соған сай оқушылар да түрлі деңгейдегі байқау­ларда топ жарып, жоғары оқу орнына түсіп, ұстаз бен ата-ананың үкілеген үмітін ақтап жүр. Орта мектеп 2005 жылы қазіргі ғимаратына көшірілгенін де айта кету орынды. 2016 жылы желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі білім ұясына берілді. Биылғы оқу жылында 310 балаға білім беріп отырған киелі орданы 2021 жылдан бастап білікті маман Айнұр Әлиева басқаруда.

– Мектептің сыйымдылығы – 240 орын­дық. Биыл 310 оқушы тәлім алса, 54 мұғалім қызмет етуде. Мұғалімдеріміздің 52-сі жоғары білімді, 2-еуі арнаулы орта білімді педагогтар. Білім ордасы қаншама түлектің алтын ордасына, ыстық ұясына айналған. Талай ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ел дамуына өзіндік үлес қос­қан мектебімізде оқушының білім алуына жан-жақты жағдай жасалған деп айтуға негіз бар. Арнайы оқу кабинеттері мен кітапхана, спорт залы, акт зал мен асхана секілді оқушы қажеттілігін өтейтін арнайы құрылымдар жасақталған, – дейді мектеп директоры бізбен әңгімесінде.

Айта кетейік, биыл №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп «Білім бәй­терегі» аталымымен қоса бір миллион теңгенің сертификатын жеңіп алған болатын. Әрине бұл жетістік – ұстаз бен оқушы еңбегінің бірлескен жеңісі. Осы ретте мектепте түрлі буын ұстаздары бірле­се жұмыс жасайтынын айтып өту керек. Үлкендер жағы кейінгі буынға білгенін үйретсе, жас­тар білім саласына жаңаша леппен енуде. Жұмагүл Нұрымова, Жазира Оразалиева, Сапура Оспанова, Айгүл Нұрышева, Уәлихан Таңсықбаев – мектептің бетке ұстар ұстаздары деп айтуға болады.

Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады. Білікті ұстаздардан білім алған оқушылар да осал емес. Республикалық, пәндік олимпиадалардан жақсы жетістікке жетіп жүрген оқушылар баршылық. Әлішер Әділбекұлы, Қалданазиз Ибрайм, Мирас Үсенов, Айару Есенгелді, Мейіржан Сламбеков, Дәулет Жұмабеков, Нұрдәулет Қайратұлы, Нұрасыл Дәуітбаевтардың есімін ерекше атап өтуге болады. Білім ордасының оқу­шы­лары тек білім сайыстарында ғана емес, мәдени іс-шаралар мен спорттық сайыстарда да белсенді. Мектепте «Футбол» спорттық үйірмесі, «Балауса» би үйірмесі, «Көңілашар» домбырашылар үйір­месі, «Өнерлі өрендер» хор үйірмесі, «Шебер қолдар» ағаш өңдеу үйірмесі, бастауыш сыныптар арасында «Көркем жазу» үйірмесі жұмыс жасайды. Сондай-ақ оқушылар дарынын өз қызығушылығы негізінде түрлі бағытта шыңдап жүр. Оқушы­лардың бос уақытын тиімді өткізуі маңызды. Осы ретте мектепте «Мектеп парламенті», «Өркен» дебат клубы, «Таңшолпан» мектеп театры, «Оқуға құш­тар мектеп» жобаларымен бірге «Жеткін­шектің жеті жарғысы», «Балалар кітап­ханасы», «Ұрпаққа аманат», «Ұлттық мек­­теп лигасы» жобалары жұмыс жасайды.

Сексен жылдық тарихы бар мектеп тари­хы мен жетістігін бір мақалаға түгел арқау ете алмаймыз. «Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім дең­гейі­­мен өлшенеді» деген. Білім тірегі – мектеп болса, оның жүрегі – ұстаз бен оқушы. Ұстазы талапты, шәкірті талантты білім­нің қара шаңырағынан берідегі жүз жылдық пен әрідегі мыңжылдықтарда ел ертең­дері сапалы тәрбиемен сусындай бермек.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
09 сәуір 2024 ж. 325 0