Білімнің шамшырағы
Ауданда барша білім беру қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы айрықша орнын айшықтайтын кәсіби мереке кеңінен тойланды. Осы орайда, аудандық мәдениет үйінде білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұстаз – білімнің шамшырағы» атты мерекелік іс-шара өтті.Салтанатты жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, ұстаздарды мерекесімен құттықтады.
– Құрметті ұстаздар, ардақты ардагер педагогтер, қадірлі білім саласының қызметкерлері, баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мұғалім болу жай ғана мамандық емес, бұл – адам тағдырына әсер етіп, ұлт болашағына тікелей ықпал ететін қасиетті жол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мықты мұғалім – сапалы ұрпақтың тірегі» деген болатын. Бүгін осы залда отырған әрбір педагогтың еңбегі бір шәкірттің тағдырымен, бір отбасының үмітімен, елдің ертеңімен сабақтас. Мектеп – өскелең ұрпаққа білім беретін, тәрбие алатын қасиетті орта болса, мұғалім – сол ортаның жүрегі мен тірегі. Ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген қанатты сөзі ұстаз мәртебесінің мәнін айшықтап тұр. Ұстаздық тек мамандық емес, ол адамның бойына біткен парасатты таңдау, жүрекпен тыңдалатын өмірлік жол. Ұлы Абай «Адам бойындағы барлық жақсылық мұғалімнен дариды» деген болатын. Мұғалім мәртебесі мемлекеттік саясаттың ғана емес, қоғамның маңызды құндылығы. Мұғалімнің беделі төмен болған жерде білім де, тәрбие де болмайды. Қадірлі ұстаздар, өскелең ұрпақтың бойындағы ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, оның ертеңге деген көзқарасы мен ұстанымын қалыптастыратын өздеріңіз. Білімділер ғасырында ұстазды өз кәсібінің майталманы, ұлы мақсат жолындағы рухани жігерін, парасат қуатын арнайтын ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген аталы сөз бар. Ұлттың кемелділігі мен елдің еңсесін биіктететін – ұстаздың еңбегі. Сіздердің күнделікті сабақтарыңыз – ұрпаққа берілетін өмірлік азық. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс – бұл мәңгілік рухани сабақтастық. Сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық пен береке, шығармашылық шабыт, кәсіби және сарқылмас күш-қуат тілеймін! Шәкірттеріңіздің жеңісі еселеніп, еңбектеріңіздің жемісі молая берсін. Ұстаз деген ұлы есімге деген құрмет әрдайым биік болсын. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы абыройлы еңбектеріңіз әрдайым ел алғысына бөлене берсін. Ұстаз мәртебесі биік, мерейі үстем болсын! – дейді Еркебұлан Жақып.
Мерекелік іс-шарада білім саласында еселі еңбек етіп келе жатқан ұстаздар мен балабақша тәрбиешілері, өнер мектебінің ұстаздары арнайы марапатталды. Білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар марапаттау сәтінде ұстаздарды құттықтап, өз алғысын білдірді.
Өз кезегінде концерттік бағдарлама жалғасын тауып, ұстаздарға көңіл-күй сыйланды.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА










