Тағылымды тарихтың шежіресі
«Тіршілік тынысы» газетінің 9500-ші нөмірінің жарық көруі – басылым тарихындағы айтулы белес. Мыңдаған нөмірдің әрқайсысының артында елдің тыныс-тіршілігі, халықтың қуанышы мен мұңы, еңбек адамдарының өнегесі, қоғамдағы өзгерістер мен уақыттың шежіресі жатыр. Сондықтан 9500-ші нөмір – тұтас бір дәуірдің айнасы, талай буынның маңдай терімен қалыптасқан тағылымды тарих.Газет – қоғам мен халықты байланыстыратын алтын көпір. Қай кезеңде де баспасөздің басты міндеті – елдің сөзін сөйлеп, жұрттың көкейіндегі ойды жеткізу, қоғамдық мәселелерді көтеру, жақсы бастаманы насихаттау, елдік құндылықты дәріптеу. Осы тұрғыдан алғанда, «Тіршілік тынысы» талай жыл бойы аудан жұртының қуанышын да, өзекті мәселесін де оқырманға жеткізіп, ел өмірінің жылнамасына айналды.
Газет бетінде жарияланған әрбір мақала, сұхбат, очерк пен ақпарат – белгілі бір кезеңнің тынысын танытатын дерек. Бір қарағанда, күнделікті жаңалық болып көрінетін дүние уақыт өте келе тарихтың құнды құжатына айналады. Бүгінгі ұрпақ кешегі елдің қандай болғанын, халықтың қандай еңбек атқарғанын, ауыл-аймақтың қалай дамығанын газет тігіндісінен де біле алады. Демек, басылым – тек бүгіннің үні емес, ертеңге қалатын рухани мұра.
Осы орайда газет өндірісінің өзіндік қырларын да айта кеткен жөн. Оқырман қолына тиген әр нөмірдің артында журналистің ізденісімен қатар, редактордың талабы, фототілшінің еңбегі, беттеуші мен корректордың мұқият жұмысы, баспахана мамандарының жауапкершілігі бар. Қаламмен жазылған дүниенің қағазға түсіп, оқырманға жетуі – бір адамның емес, бірнеше маманның ортақ еңбегінің нәтижесі.
Мен газет саласында еңбек еткен аға буын өкілдерін ерекше құрметпен еске аламын. Ардагерлер – тұтас бір кезеңнің куәгерлері.
Олардың тәжірибесі, еңбекке деген адалдығы, кәсіби жауапкершілігі кейінгі буынға үлгі болып қала береді. Редакция мен баспахана ұжымында ұзақ жыл еңбек еткен мамандар газет ісінің қалыптасуына, оның оқырман алдындағы беделінің орнығуына өз үлестерін қосты.
Бүгінде технология өзгерді, газет шығару үдерісі де жаңарды. Алайда баспасөздің негізгі миссиясы өзгерген жоқ. Ол – халықпен бірге болу, елдің сөзін жеткізу, қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қосу, жақсылықты жария ету және кейінгі ұрпаққа тағылымды тарих қалдыру.
«Тіршілік тынысының» 9500-ші нөмірі – осы дәстүрдің жалғасы. Нақты межеге жету – газет ұжымымен бірге осы басылымның қалыптасуына атсалысқан барша ардагерлердің, журналистердің, баспахана қызметкерлерінің, еңбек адамдарының және газетке қолдау көрсеткен оқырман қауымның ортақ жетістігі деп білемін.
Газет ғұмыры – ел ғұмырымен сабақтас. Осы айтулы белеске орай «Тіршілік тынысының» әр жылдардағы ардагерлеріне, журналистері мен техникалық қызметкерлеріне, қазіргі редакция ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Әрқайсысының еңбегі – газет тарихының бір бөлшегі.
Мүсілім ҚАЛМҰРАТҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
редакция бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы









