Өміршең басылым
Қарағандыдағы Е.Букетов атындағы университетті бітіріп, Алматыда әскери міндетімді өтеп келген кезім. Ауылда он шақты күн ғана болып, Орталық Қазақстанға жұмыс іздеп қайта бардым. Бара сала «міне жұмысың» деп күтіп тұрған ешкім жоқ, бір айға жуық қара жұмысқа кірісіп кеткенбіз. Сол сәтте елдегі Бейбіт ағам хабарласып, «аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне тілші іздеп жатыр» деді. Туған жерге қызмет ету арманым еді, мүмкіндік туғанда бірден келісе кеттім.Қасиетті қарашаңырақ Тереңөзек кентінің орталығында орналасқан. Кірген бойда сол жақта газеттің шығуына атсалысқан қарымды қаламгерлер мен баспа ісі майталмандарының суреттері ілулі. Жаңа жер, жаңа орта.
Бас редактор – Сәуле Сұлтанқызы. Ақ жарқын, жылы жүзді, келген бойда жұмыстың барысын түсіндіріп, ұжыммен таныстырды. Мүсілім Қалмұратұлы, Шаһарбек Нұрсейітов, Бибісара Жанәлі, Нұргүл Сарқыншақова, Ақтөре Ибрагимұлы, Балтабай Ордабеков, Аружан Мұханбетқали, Роза Тұрғанбекова, Гүлмира Махамбетжанова, марқұм Гүлсім Әлжанова секілді бірлігі жарасқан ұжыммен тез тіл табысып кеттік.
Былайғы жұртқа газет, баспа ісі аса қиын жұмыс емес сияқты көрінеді. Әр жұмыстың өзіндік қиындығы болса, газет жұмысының ауыртпалығы одан екі есе. Өйткені, қырық мыңға тарайтын басылымда халыққа сапалы ақпарат жеткізу, қоғамдық-саяси мәселелерді қозғау, танымдық, тарихи дүниелерді жариялау, сұхбат алу жүрдім-бардым қарайтын дүние емес және екінің бірі ондай тәуекелге бара бермейді. Ал біз жастар толқыны алдымызда ақылын айтып, қателерімізді жөндеп, баспа ісін меңгерткен Сәуле апай, Мүсілім, Шаһарбек ағайлардан тәжірибе жинақтап, сол тәуекелге бара білдік.
Газет жұмысы қиын болса да қызық. Бір күні бір күніңе ұқсамайды. Іс-шараларға қатысу, ел аралау, эксклюзив жаңалықтар, еңбек адамдарымен кездесу және тағы басқа жұмыстар уақытыңның қалай тез өткенін сездірмейді. Осы газетте жүріп ел, облыс, аудан жаңалықтарын елге таныттық, сол арқылы пісіп, жетілдік. Бүгінде түрлі қызметте жүргеніміздің түп негізі осы басылымда басталған тынымсыз еңбекте жатыр.
Редакция ұжымында жүріп парасаттылық, мейірімділік, адалдық, әділдік, мейірбандық қасиеттер бойымызда жетілді. Бас редакторымыз Сәуле Сұлтанқызы «Ұжымдағы әрбір қызметкердің тауығының аяғы қисаймасын» деп жанашырлық танытып, қате-кемшіліктерімізді өз жауапкершілігіне алып отырды. Осындай қамқорлық болғанда газет ісін алға жетелеуге бар күш-жігерімізді салдық. Сол үрдіспен сүйікті газетіміз әр кезеңде өзіндік жаңашылдықпен жарыққа шығып келеді.
Бүгін аудандық басылымның 9500-ші саны оқырманға тарауда. Ғасырға жуық уақыт басылым аудан тарихымен біте қайнасып келеді. Бүгінгі белес, ертеңгі тарихты таспалайтын газеттің өмірі өміршең екені сөзсіз. Сондықтан жаңалықтың жаршысы бола білген «Тіршілік тынысы» газеті оқырманды жақсы жаңалықтармен сүйіншілей берсін.
Газеттің жарқын белесі құтты болсын!
Ердос БЕРКІНБАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Сырдария ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық бөлімінің басшысы










