Талқылау комиссиясы өтті
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің төрағалығымен «Мерейлі отбасы – 2023» байқауының аудандық кезеңі жеңімпаздарын анықтау мақсатында комиссия отырысы өтті. Түрлі саладан біріктіріліп, арнайы құрылған комиссия өкілдері аудан намысын облыстық кезеңде қорғайтын өнегелі отбасыны таңдады.
Дәстүрлі жобаның ұйымдастырылып келе жатқанына биыл оныншы жыл. Байқауға өнерімен өрге жүзген, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей болған өнегелі отбасылар өз жанұясын таныстыратын портфолио дайындап, өтінім беріп қатысқан. Қатысушылар арасында көпті көрген отбасылармен қатар жас шаңырақ иелері де бар.
Айта кетейік, биылғы «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінде кент және ауылдық округтерден барлығы он жеті жанұя өз құжаттарын өткізген. Оның ішінде үш отбасы жүлделі орындармен, қалған жанұялар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталатын болады. Жүзден жүйрік шыққан екі жанұя ғана байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алады. Жеңімпаздар Астана күніне орай ұйымдастырылатын аудандық іс-шарада салтанатты түрде марапатталатын болады.