Облыстық кезеңге жолдама алды
Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Аталған байқаудың әуелі аудандық, кейін облыстық кезеңі өтіп, әр өңірден жеңімпаз атанған отбасылар республикалық деңгейде марапатталады. Биыл ауданымызда ұлттық байқауға қатысуға ниет білдірген отбасылар жылдағыдан көп болды.
Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушевтің төрағалығымен кезекті комиссия отырысы өтіп, онда ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алған отбасылар анықталды. Комиссия қарауына 18 жұмыс келіп түсті. Әр отбасының дерегімен танысып, жетістігі мен өнегелі істерін бағалаған комиссия мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, ортақ тақырыпта пікірлесті. Аудан әкімінің орынбасары ұлттық байқаудың идеологиялық мәні мен мазмұны ерекше екенін айтып, көпбалалы және адал еңбекті ту еткен отбасыларға ерекше басымдық беру қажеттігін атап өтті.
– Байқаудың аты айтып тұрғандай, бұл жерде отбасының мерей-мәртебесі бағалануы қажет. Ал кез келген отбасының мерейі, мәртебесі, даңқы маңдай термен, ізденіспен келген адал еңбекпен ұштасады деп ойлаймын. Сондықтан еңбекқор отбасыларға мән бергеніміз дұрыс. Сондай-ақ ұлды ұяға, қызды қияға қондырған көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмауы қажет. Комиссия сондай-ақ ұсынылған құжаттардың сапасына, қатесіз жазылуын да ерекше назарда ұстауы тиіс, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Комиссия мүшелері Ұлмекен Жаналиева, Жеңісбек Төрәлиев, Мағрипа Жүсіпбекова, Жанар Жұмабаева байқауға ұсынылған құжаттардың сапасы жыл сайын артып келе жатқанына тоқталса, Ғалия Жаңабаева, Мақсұт Қаратаев, Бейбіт Смайлов, Ерлан Әбілдаев ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алуға мүмкіндігі бар бірқатар отбасыларды айтты.
Талқылаудан соң ашық дауысқа салынып, шіркейлілік Есенхожаевтар мен шағандық Сарыбаевтар отбасы облыстық кезеңге жолдама алса, қалған отбасылар аудандық кезең қорытындысы бойынша марапатталатын болды. Марапаттау іс-шарасы мен ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің өтетін уақыты қатысушы отбасыларға қосымша хабарланады.
А.СЕЙІЛОВ