Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

10 қазан 2026 ж.

№76 газет

06 қазан 2026 ж.

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Қасиетті қарашаңырақ

Қасиетті қарашаңырақ

Біздің кезімізде газетке қызметке тұру үлкен дәреже еді. Өйткені қоғамда жорналшыға деген қолдау мен құрмет ерекше болатын. Әрине оған ең бастысы, қабілетің сай болуы керек.

Ол кезде жоғары білімді жорналшының өзі қызметке бірден тұяқ іліктіре алмайтын. Шығармашылық қызметкерлер арасында бәсеке жоғары болатын. Сондықтан еңбек жолын қарапайым техникалық қызметкерден бастап барып штатқа кіретін.

Ал өзіме келсем, жоғары білімді мұғаліммін, мектепте сабақ беремін. Бірақ есіл-дертім, бала күннен қағаз шимайлағаннан кейін, журналист болу. Ауылда аудандық газетке кіру мүмкін емес. Алайда «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, бірнеше жыл қатарынан еңбек де­малысында өз об­лысымыздан болмаған соң, көр­ші облыстың бір ауданынан жур­налистік жұмыс таптым. Өз қабілетімнің жететініне сендім. «Нар тәуекел» деп 1985 жылдың 5 қыркүйегінде Ақтөбе облысы, Октябрь ауданының «Октябрь Туы» және «Знамя Октября» газетіне әдеби қызметкер болып журналистикада еңбек жолымды бастадым. Қатардағы тілшіден бөлім басшысы, редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Редакция партия ұйымының хатшысы болдым. 2000 жылы сынақ тапсырып, Мұғалжар ауданының әкімшілігіне мемлекеттік қызметке орналастым. Мемлекеттік қызметті 7 жыл абыроймен атқарып, 2007 жылы туған жерге оралдым. Осы жылдың 5 қыркүйегінен бастап аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне сектор меңгерушісі болып орналастым. Ал 2011 жылдан зейнеткерлікке шыққан 2020 жылдың 15 қарашасына дейін газеттің жауапты хатшысы болдым. Ұжым болып, газетті тартымды, жұрт қызыға оқитындай етіп шығаруға күш салдық. 2012 жылы газет аудан әкімдігінің қолдауымен түрлі-түсті офсетке көшті. Газет қабырғасында жүріп, өзімнің жеке шығармашылығымды да шыңдадым. 2009 жылдан бастап осы кезге дейін 12 кітап шығардым. Жазғыштар көбейген қазіргі заманда кітап жазу да, оны өткізу де оңай емес. Бірақ менің сол 12 кітабым да өтпей қалған жоқ, өз оқырмандарын тапты. Мен мұны мақтаныш үшін емес, туған жердің маған шабыт сыйлап, рухтандырғаны деп білемін.

Қандай да болсын редакция – қасиетті шаңырақ. Бұл өмірде жазудан асқан байлық, құдірет жоқ. Біз редакция қабырғасында осыны сезіндік. Біздің қасиетті де қара шаңырағымыз – аудандық газет бүгін өз оқырмандарына 9500-ші нөмірін ұсынып отыр екен. Сәттілік тілейміз! Аудандық газет – ауданның айнасы, тарихы. «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ол – ұжымдық насихатшы. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің абыройы артып, оқырмандары көбейе берсін деп тілеймін! Қазір ұжымда бірыңғай жастар еңбек етеді. Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Олардың қолынан шыққан газет елге сапалы, мазмұнды жетеді деп сенемін.

Шаһарбек Нұрсейіт,
халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» Сырдария аудандық филиалының төрағасы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

10 қазан 2026 ж. 42 0