Өмірі – өнеге, өлеңі – ұрпаққа аманат
Туған жердің тарихы – сол жерде ғұмыр кешкен адамдардың тағдырымен тығыз байланысты. Әсіресе елдің қиын кезеңін бастан өткеріп, маңдай терімен еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа өнегелі із қалдырған азаматтардың өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Сондай тағылымды тұлға Оразбек Бесбайұлы Бесбаев еңбек пен өнерді қатар алып жүрген, туған жерінің тыныс-тіршілігін жүрегіне жақын қабылдаған, елдің мұңы мен қуанышын өлеңіне арқау еткен азамат еді.Оразбек Бесбаевтың ғұмырына көз жүгіртсек, өткен ғасырдағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігін, халық басынан өткерген ауыр кезеңді, еңбек адамының болмысын және ұлттық құндылықтардың қадірін көруге болады. Оразбек Бесбаев осыдан 100 жыл бұрын сол кездегі Тереңөзек ауданына қарасты Қызылту ауылдық кеңесінің Майлықұм колхозында дүниеге келген. Әкесі – Бесбай, анасы – Жеңсік. Отбасында он бес перзент дүниеге келгенімен, сол заманның ауыртпалығынан он төрт бала шетінеп, Оразбек жалғыз аман қалған.
Бір отбасынан бөлек, сол кезеңдегі халық басына түскен қасіреттің айқын көрінісін аңғарамыз. Балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген Оразбек 1931-1932 жылдардағы зұлматтың зардабын көзімен көріп өсті.
Жастық шағы да жеңіл болған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Майлықұм мектебінің жетінші сыныбын аяқтағаннан кейін оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмай, еңбекке араласты. Шамамен он алты жасында паровоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Жасөспірім шағынан еңбекке араласуы оның кейінгі бүкіл ғұмырының негізгі өзегіне айналған еңбекқорлық қасиетін қалыптастырды. Соғыстан кейін туған ауылында еңбек жолын жалғастырып, есепшілік қызметке кірісті. Кейін бригада және бөлімше есепшісі, ауылдық кеңес хатшысы болып еңбек етті. Күріш және бақша шаруашылығына араласып, шаруашылық жұмысын ұйымдастыруға атсалысты. Ауылдық кеңес депутаты болып сайланып, елдің қоғамдық және мәдени өміріне де белсенді қатысты.
Өмірдің түрлі саласында қызмет атқарғанымен, Оразбек Бесбаев туған жерінен алыстаған жоқ. Аудандық газетке қызметке шақырылған кезінің өзінде анасы мен бағып-қағуына байланысты туған ауылынан кете алмағаны айтылады. Оның туған жері мен отбасына деген жауапкершілігін аңғартады.
Білімге деген талпынысы да ерекше болған. 1955 жылы Тереңөзек ауданындағы М.Калинин атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, толық орта білім туралы аттестат алды. Ал 1951 жылы Қызылорда облыстық ЛКЖО комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталып, саяси-ағарту бағытындағы насихатшылық қызметі бағаланды. Алайда Оразбек Бесбаевтың есімін ел жадында қалдырған басты қыры – оның ақындық өнері.
Ол жастайынан суырыпсалма ақындық қабілетімен танылды. Отырған ортасында өлең шығарып, әзіл-қалжың мен қағытпа сөзді ұшқыр оймен өрнектей білген. Жастық шағындағы шығармасының бір бөлігі сақталмағанымен, ақындық өнерге деген сүйіспеншілігі оның өмірінің соңына дейін жалғасты.
Оның көптеген өлеңі мен мақаласы облыстық және аудандық басылымда тұрақты жарияланып отырды. Газеттердің белсенді штаттан тыс тілшісі болған ақын шығармасында туған жер, еңбек адамы, ата-ана, табиғат, салт-дәстүр, адамгершілік, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі секілді өмірлік маңызы зор тақырыпты арқау етті. Беташар, арнау, мерейтойлық өлеңдер мен жоқтау жырларын жазды.
Оның шығармашылығына тән басты ерекшелік – халыққа жақындығы. Ақын ауыл өмірін сырттай бақылап жырлаған жоқ. Ол сол ортаның ішінде өмір сүрді, қарапайым еңбек адамдарының жанында жүрді, елдің қуанышы мен қайғысын бірге бөлісті. Сондықтан оның жырларынан ауылдың тынысы, туған жердің қадірі, адамның еңбегі мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет анық сезіледі.
Оразбек Бесбаев шығармашылығының ел көлемінде танылуына 1980 жылы болған оқиғаның да маңызы зор. Сол жылы оның бір топ өлеңі Қазақстанның халық ақыны Әбділда Тәжібаевқа жеткізіледі. Әбділда Тәжібаев ақын шығармашылығына жылы пікір білдіріп, оның бір топ өлеңінің республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялануына ықпал етеді. Осыдан кейін Оразбек Бесбаевтың шығармашылығы республика көлеміндегі оқырманға кеңірек таныла бастайды.
1987 жылы Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінің Құрмет грамотасымен марапатталуы да оның жергілікті ақын әрі белсенді қоғамдық тілші ретіндегі еңбегінің бағаланғанын көрсетті.
Уақыт өте қоғам да өзгерді. Тәуелсіздік жылдарындағы қоғамдық өзгерістер Оразбек Бесбаев шығармашылығына да әсер етті. 1990 жылдардың басында ол ұлттық сана, ел болашағы, жастар тәрбиесі, ар-ұждан және мемлекеттің келешегі туралы азаматтық өлеңдер жазды. Оның шығармашылығының тек өткенді суреттеумен шектелмей, заман тынысына үн қосқанын көрсетеді.
Ардақты ақынның отбасылық өмірі де өнегеге толы. 1947 жылы зайыбы Рәшпен шаңырақ көтеріп, екеуі он екі перзент тәрбиелеп өсірді. Үлкен отбасының берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген азаматтың артында бүгінде үлкен әулет қалып отыр. Он екі баладан 35 немере, 103 шөбере, 9 шөпшек тараған.
Ақынның көзі тірісінде өлеңдерін жеке кітап етіп шығару арманы толық орындалмады. 1997 жылы 71 жасында дүниеден өткен Оразбек Бесбаевтың бұл арманын кейін ұрпақтары жүзеге асырды. Олар ақынның қолжазбаларын жинақтап, сақтап, шығармаларын кітап етіп шығаруға күш салды. 2005-2006 жылдары ақынның бірнеше жинағы жарық көрді. Олардың қатарында «Бір сәтте жанарымнан жарып шықты», «Мың бір жапырақ», «Ағысы мол өмірсің», «Майлықұм – мәңгі мекенім», «Ел болайық» атты кітабы бар.
Ақынның көзі тірісінде орындалмаған арманының кейін ұрпақтарының қолымен жүзеге асқанын білдіреді. Осы арқылы қазақ поэзиясын тереңнен ұғынған ақынның шығармашылық мұрасы кейінгі буынға жетіп, туған жер тарихының бір бөлшегіне айналды.
– Жерлесіміз, ақын Оразбек Бесбайұлының өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі жол. Ол өмірінің ең қиын кезеңін бастан өткерсе де, елден іргесін ажыратпай, туған жерінде еңбек етті. Ауылдың шаруашылығына араласып, қоғамдық өмірге белсенді қатысты. Жүрегіндегі сөзін өлеңмен өрнектеп, туған жерін, еңбек адамын, ата-ананы, ұлттық салт-дәстүр мен адамгершілік құндылықтарды жырлады. Қазіргі таңда біз үшін осындай ел азаматтарының өмір жолын кейінгі буынға таныстырудың маңызы зор. Себебі Оразбек Бесбаевтың тағдыры арқылы ауылдың немесе тұтас бір дәуірдің тарихын тануға болады. Оның балалық шағы ашаршылық пен соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді, жастайынан еңбекке араласты. Соған қарамастан білімге ұмтылып, шығармашылықпен айналысып, елдің қоғамдық өміріне белсене араласты. Әсіресе оның туған жерге деген сүйіспеншілігі мен еңбек адамын қадірлеуі бүгінгі жастарға үлкен сабақ деп білемін. Адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы – оның жасаған игілікті ісі, тәрбиелеген ұрпағы және елге қалдырған рухани қазынасы. Осы тұрғыдан алғанда аяулы ақын ізінде үлкен әулетпен бірге құнды әдеби мұра қалды. Ақынның шығармаларының жарық көруі де – үлкен қуаныш. Мұндай мұра елді мекеннің тарихымен, халықтың рухани өмірімен бірге жасай береді, – дейді ауыл әкімі Нұрлан Құрманалиев.
Биыл туғанына ғасыр толған ақынның ғұмыры – бір қарағанда қарапайым ауыл азаматының өмір жолы секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның әр кезеңінен тұтас дәуірдің тынысын аңғаруға болады. Ашаршылықты көрген бала, соғыс жылдарында еңбек еткен жас, ауыл шаруашылығына араласқан еңбек адамы, қоғамдық іске белсене қатысқан азамат, елдің мұңын өлеңге қосқан ақын – осының барлығы оның біртұтас тұлғасын қалыптастырды. Туған жерінен алыстамай, бар ғұмырын елінің ортасында өткізді. Еңбегімен ауылға қызмет етті, сөзімен елдің рухын көтерді, өлеңімен ұрпаққа ой салды.
Бүгінде Оразбек Бесбаевтың есімі – туған жер тарихымен сабақтас. Оның шығармалары – өткеннің естелігі ғана емес, елдік пен еңбекті, адамгершілік пен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін рухани мұра.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










