Нар тұлғалы азаматтар шыққан
9500-ші газет. Сонау 1939 жылдан бергі уақытқа салсақ, аз мерзім емес. Арадағы 87 жылдық өмір өткелінде талай тарихи оқиғаның куәсі болған газетте небір «мен атайын, сен тұр» дейтіндей тұлғалардың еткен еңбегі, төккен тері жатыр. Уақытпен үндескен басылым сол жылдардағы дәуір үнін, айналадағы болып жатқан оқиғаларды, атқарып жатқан жұмыстарды елге жеткізуші жалғыз құрал болғандығы тарихтан белгілі. Міне, сол жылдарда ауданның құрылуымен бірге аудандық «Сталин жолы» газетінің де алғашқы нөмірі жарық көріп, өз оқырмандарымен қауышқан болатын.Газет редакторлары қатарында Серғазы Абдуллаев, Баймахан Уызбаев, Әбілда Құрманаев, Смайыл Ақжігітов, Шілдебай Оңғалбаев, Айтбай Қойшыбаев, Жұмағали Елеуов болды. Осы жылдарда редактор үшін Шілдебай Оңғалбаев пен Бәкір Өтеповтер де қол қойған. Содан кейін Болатбек Аманбаев, Смағұл Маханбетов, Ізхан Досмағамбетов, Абызбай Маханбетов, Қуаныш Татанов, Тынышбек Дайрабаев, Келдібай Уәйісов, Тұрғанбай Болғанбаев, Асқар Кіребаев, Нұрлыбек Ғизатов болды. Өзім басылым ұжымын 2001-2019 жылдары басқарғанымды ойлы оқырман жақсы біледі. Ал менен кейін Ақтөре Ибрагимұлы, 2024 жылдан бері Аружан Мұханбетқали бас редактор болып қызмет атқаруда.
Қазаққа белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов бір естелігінде алғашқы туындылары аудандық газетте жарық көргенін айтса, сатирик, ақын, жерлесіміз Асқар Тоқмағанбетовтің де тағдыры газетпен байланысты. Төлепберген Тобағабылов аудандық «Еңбек туы» газетінде жауапты хатшы болғандығын біреу білсе, біреу білмейді. Қазақтың ақын қызы, Қазақстан республикасы әнұраны авторының бірі – Жадыра Дәрібаева мен ақын Қайырбек Асанов та алғашқы туындылары аудандық басылымда жарық көргенін, оны мақтан тұтатынын газетке берген сұхбаттарында үнемі еске алып отырады.
Мені де газетке жетелеп әкелген балалық арман болатын. Сол арман 43 жылдық еңбек өтіліне айналды. Осы жолда жүріп талай қиын күндерді бастан өткердік. Қиын күндер дейтінім – ол кезде редакцияға бюджеттен қаржы бөлінбейтін, сондықтан өз күніңді өзің көруге тура келетін. Ол үшін шаруашылық жағалап, тиражды көбейтуге жұмыс жасалды. Ұжым болып, ел жағалаған күндер, газет жұмысы тоқтап қалмауы үшін төккен тер аз болмады. Солай бола тұра газеттің беделі артты, оқырманның сүйікті басылымына айналды. Бұл жолда газет редакторының орынбасары Болатбек аға Аманбаев, жауапты хатшы Мұхтар аға Сақтапов, Сұлтан Қожаниязов, бөлім меңгерушілері Келдібай Уәйісов, Серік Әлімбетов, Бекнияз Шертаев, Балашбек Шағыров, Мейрамбек Шілдебаев, Алтынбай Дәуренбеков, Дәметкүл Құмақбаева сынды мықты-мықты қаламгер газеттің негізгі тірегіне айналды.
Негізі журналист қауымы үшін ақпарат жинап отырудың маңызы өте зор. Баспасөз төңірегінде жүргендер күнделікті газет-журналдарды оқып қоюмен шектелмей, сондағы керек хабарларды, мақалаларды өзінің алып жүрген саласына қарай жинақтап жүрсе, олардың күндердің күнінде, әйтеуір бір тақырыпқа түрткі болары анық. Сонау сексенінші жылдары «Комсомольская правда» газетінде «На краю земли» деген айдармен КСРО мемлекетінің әр қиырынан әртүрлі қысқа хабарлар берілетін. Онда не жазылмайды дейсің, «Біреудің бақшасында салмағы 20 келі тартатын қарбыз өсіпті» немесе «Біреудің итіне операция жасапты» деген сияқты хабарлар болатын. Екі мыңыншы жылдары аудандық газет бетіндегі «Шалғайда жүрген бір түлек» атты айдар осындай ізденістің жемісі. Ондағы мақсат – ауданымыздан түлеп ұшқан, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан ақын-жазушылар, ғылым мен өнер жолында жүрген жерлестерді, атақты спортшылар мен дәрігерлердің, ұстаздардың есімдерін дәріптеу болатын. Бұл – сәтсіз де болмаған сияқты. Бір қуаныштысы, осы бір үрдіс әлі күнге жалғасып, талай есімі елге белгілі тұлғалар аудан жұртшылығымен, газетпен қуана қауышуда. Одан бөлек, газеттің кішкентай оқырмандары үшін «Рауан» атты бет те ұйымдастырылды. Онда мектеп оқушыларының шығармашылығына орын беріліп жүр.
Қазір тұтас қоғам өзгерді, онымен қоса өмір сүру салты да өзгерді. Осыған орай уақытқа үн қосқан басылым жұмысы да мүлдем жаңаша сипат алып, біздің орнымызға медиа саласына жаңаша сипат беретін ұрпақ келді. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «халықтың hәм көзі, құлағына» айналған басылым жұмысын жаңаша сипатта жалғастырып жатқан журналистер қауымына шығармашылық табыс тілеймін!
Сәуле ЕРІМБЕТ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
балымының 2001-2019 жылдардағы
бас редакторы








