Еңбек пен ерлік жолы
Ауданның Шіркейлі ауылын атасаңыз, Жаңабай Азаматовтың есімі қоса аталады. Азаматовтың атын шіркейліліктер шығарса, ардақты азамат олардың абыройын биікке көтерді. Биыл туғанына 113 жыл толған Ж.Азаматов шаруашылықты ширек ғасырға жуық басқарып, кезінде Шіркейлінің атағын бүкіл Қазақстанға танытты. Ол жылдары елді мекенді «Делегаттар мен депутаттардың» немесе «Директорлар дайындайтын ауыл» деген атаумен қоса айтатын. Шаруашылық «Еңбек Қызыл Ту орденді» Шіркейлі атанды. Күріш егудің алдыңғы қатарлы шаруашылығы болған ауылдың берекесі тасып, абыройы асқақтады. Міне, дара тұлға, елдің ертеңін ойлаған, көрегенділік танытқан азамат Жаңабай Шөкенұлының ұрпаққа тағылым болған іргелі ісі уақыт өткен сайын санада жаңғырып тұруы заңдылық.
Ардақты азаматтың өмірбаянына зер салсақ, Жаңабай Азаматов 1913 жылы Тереңөзек ауданының «Қызыл Ту» колхозында дүниеге келген. Ол 1929-1930 жылдары бастауыш класты бітіргеннен кейін Қызылордадағы педагогикалық техникумға оқуға түседі. 1934-1939 жылдар арасында «Қызыл Ту» мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып, білімді шәкірттер даярлауға атсалысады. 1939-1941 жылдары Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитеті әскер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1941-1944 жылдары Отан соғысына қатысып, ротаның саяси жетекшісі болды. Соғыстан кейінгі жылдары Сырдария аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Жаңақорған аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1948-1951 жылдары жоғары партия мектебінде практикалық қызметін теориялық біліммен толықтырды. 1950-1955 жылдары Сырдария аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тереңөзек аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасы, Аламесек машина-трактор станциясында партбюро хатшысы болып қызмет етті. 1955 жылдан 1983 жылға дейін үздіксіз туған ауылында колхоз бастығы, кеңшар директоры болып 30 жылдай ел басқарған.
Ел тарихында 1956 жылы ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, колхоздар құрыла бастағаны белгілі. Сол кезде Талап, Қызылту, Құрайлы және Қызыл жалау колхозы бірігіп, «Қызыл ту» колхозы құрылды. Колхоз төрағасы болып іскер азамат Жаңабай Азаматов тағайындалды.
Ж.Азаматов өз естеліктерінің бірінде: «Қызыл Ту» колхозын қабылдап алғанымда колхозшылардың ауыр тұрмысын көрдім, ақша жоқ екен. Бар болғаны 100 отбасы тұрады, 365 гектар жерге күріш егеді. Егіске себетін тұқымды Жаңақорғаннан алдырдым. Соны егіп, мол өнім алып алғашқы астықпен елді тойдырдық» деп жазды. Ұйымдастырушылық қабілеті мол Жаңабай Азаматов колхоздың табысын тасытты. Жаңақорғаннан сатып әкелген 250 центнер бидай тұқымы мол астықтың бастауы болған еді.
Ауылдың байырғы тұрғындары Жаңабай Азаматов Шіркейлі бойына келісімен ұзындығы 25 шақырымдық Бесөзек арнасын қаздыртуды қолға алғанын айтады. Бұл арна елге, жерге құт-береке әкелді. Шаруашылық 1966 жылдан бастап күріш егудің шебері атанды. Совхоз бірнеше мәрте ескерткіш Қызыл ту алып, аты республиканың «Алтын кітабына» жазылып, Бүкілодақтық халықшаруашылық жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атанды. 1967 жылы «Қызыл Ту» колхозы Шіркейлі совхозы атанады.
Шіркейлі кеңшарын басқарған Ж.Азаматов ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын алдыңғы кезекке қойды. Тұрмысын жақсартып, ауыл шаруашылығын, экономикасын өркендетуге бар күш-жігерін салған. Оның тұла бойында іскерлік қасиеттен бөлек, адамгершілік, адалдық пен жомарттық та табылатын. Саналы өмірі мен қызметін жемісті нәтижелерге бағыттап, ұтқыр ұйымдастырушы қабілетімен де дараланды. Соның арқасында есімі тек республикаға ғана емес, бүкіл Кеңес одағы көлемінде белгілі болды. Шағын ауылдың әлеуеті көтеріліп, шаруашылық өнім өндіруден жоғары көрсеткішке жетіп отырғаны бүгінде ел-жұрттың жадында.
Осыдан бес жыл бұрын ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтілгенде Сыр бойына белгілі қаламгер, ардақты азаматтың жерлесі Жеңісбек Мақсұтұлы естелік жазған еді. Естелікте:
«Биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл, ал ардақты тұлға Азаматовтың дүниеден озғанына – 25 жыл. Одан бері заман өзгермегенімен, адамдар өзгерді. Қазіргі қызмет бабында жүргендер – сол кездегі жастар. Аудан көлемі түгіл сол ауылдың өзінде ол кісіні білетіндер жоқтың қасы. Сондықтан мен «Жаңабай Азаматов кім еді?» деген сұрақты қысқаша деректермен толықтырайын» деп өзі білетін мәліметті айтып кеткен.
«1970-1980 жылдардағы газетте күнде Шіркейлі жайлы мақала жазылып, радиодан хабар таратылатын. Қазіргідей заманда Жәкеңнің есте қалатын бір естелігін айтайын. Жәкеңнің кезінде Жоғарғы кеңеске үш депутат Қазкенже Пірішова, Қызылқожа Майлықожаев, Бексұлу Синаева барған. Ал күрішші Балдырған Мұстафаева «Социалистік Еңбек Ері» атағын алғанда Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетіне мүше (пленум мүшесі) болатын. Отызбай Исабаев, Төлеу Қаражанов, Нұрылда Нақыпов, Марат Сақтаповтар шаруашылықтарға директор болса, шаруашылықта инженер-механик болған Кеңес Бошайбаевтар ауданда, кейіннен облыстағы «Қазсельхозтехника» атты мекемеге бастық болды.
Ол кісі Тәуелсіздікті көріп кетті. «Үлкен жүректің тоқтағанына» бір ғана емес, бақандай жиырма бес жыл зымырап өте шықты.
«Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ» деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, «өзіңіздің кешегі бақытты ұрпақтар ауылымызда өсіп-өркендеп жатыр» деп Жаңабай Шөкенұлын еске алдым» деп жазған қаламгер бүгінде өмірден өтіп кетті.
Әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы бар. Бірақ еткен еңбегі, жеткен жетістігі, көрген бейнеті мен зейнеті әрқилы қалыптасады. Жаңабай Азаматов ең алдымен кісілік келбеті жарқын, көңілі ашық, пейілі кең, жүктелген жауапкершілік пен міндетті мүлтіксіз іске асырған басшы, ұстанымы мықты маман ретінде танылды. Ол еңбек адамын жоғары бағалады. Ісіне адал, қызметіне ұқыпты ауыл азаматтарын жоғары көтеріп, шаруашылық озаттарының марапат төрінен көрінуіне атсалысты.
Бүгінде Жаңабай Азаматовтың әулеті үлкен әулет. Жұбайы Әсия апамен 11 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының арасынан профессор, мектеп директоры, инженер т.б. мамандық иелері шықты.
Ерекше болмысымен дараланған, жүрегі кең, білімі терең Жаңабай Азаматов өмірінің соңына дейін өз ұстанымына адал болып, тынымсыз қызмет етіп, өнегелі жолын қалыптастырды. Өңірдің дамуына қосқан еңбегі еленіп, халықтан жоғары бағасын алды. Оны үзеңгілес әріптестері асыл қасиеттерімен қатар, еңбеккештігі үшін құрмет тұтты.
Халықтың қамын ойлаған, ұлағаты мол азаматтың өмір жолы, еңбек пен ерлік жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Бибісара ЖАНӘЛІ










