Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Буллинг: әлімжеттік пе,әлде әдет пе?

Буллинг: әлімжеттік пе,әлде әдет пе?

Бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі. Бала тәрбиесі – қай кезде де жауапты, маңызды іс. Өкінішке қарай соңғы уақытта жасөспірімдер тәрбиесі ақсап тұр. Олай деуімізге себеп – күніне неше түрлі жантүршігерлік оқиға мен жағдайларды естіп жүрміз. «Ал біз білмей, көрмей жүргеніміз қаншама?», «Неліктен қазір балалар арасында буллинг мәселесі белең алып тұр?», «Қазіргі жастар неге қатыгез болып барады?» деген сұрақтар қоғамды алаңдататыны рас.


БУЛЛИНГТЕН ТӨНЕР ҚАУІП ҚАНДАЙ?

Жалпы буллинг бұл – агрессия немесе күш көрсету арқылы өзгені қорлау, кемсіту, қорқыту, қоқан-лоқы көрсету, өз үстемдігін жүргізу, әлімжеттік жасау. Буллинг күш көрсету немесе сөзбен қорлау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Көп жағдайда бұл әлсіз әрі қорғансыз адамға қарай бағытталады. Себебі дәрменсіз адамға күш көрсету оңайырақ. Буллингтің құрбаны болған жәбірленушінің ауыр психологиялық зардап шегетіні айтпасақ та белгілі. Бұл жағдайға тап болған бала басынан түрлі жағдайларды өткеруі мүм­­кін. Атап айтқанда, уайымдау, суи­цид туралы ойлау, қорқыныш сезіну, күйзеліске түсу, өзін жалғыз сезіну, сабақ үлгерімінің төмендеуі. Психологтардың айтуынша қатыгездік үлкен адамдарға қарағанда көбінесе балалар арасында көп кездеседі екен. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда әрбір бесінші жасөспірім – буллингтің құрбаны. Ал сорақысы –елімізде буллингтің нақты статистикасын анықтау мүмкін емес. Оған себеп мектеп әкімшілігі өз мәртебесіне нұқсан келетінін қаламағандықтан көп жағдайда жасырып қалуға мәжбүр. Ең қорқыныштысы – осы. Бұдан бөлек қорлаудың құрбаны болған жеткіншектер бұл жағдайды ұят деп санап, намыс көріп, ешкімге күлкі болғысы келмегендіктен ішіне жасырып қалады. Ал осы жасырып қалғанның сал­дары­нан өз-өздеріне қол жұмсап, қан­шама бала жазықсыз қыршыннан қиылды. Дер кезінде дабыл қағып, заң бойынша тиісті шаралар қолданбаса әлімжеттіктің азаятын түрі жоқ. Керісінше, небір сұмдықты құлақ естіп жүр. Бала тәрбиелеп отырған ана ретінде бұл мәселе әр ата-ананы мазалайтыны анық деп айта аламын.

ӘЛІМЖЕТТІК ЖАСАЙТЫН КІМДЕР?

Педагогтар мен психолог­тар­дың ар­­­найы жүргізген тәжірибесіне сәй­кес, буллингке ұшырайтын балалар көбіне­се нашар оқитын, физикалық әлсіз, отбасылық жағдайы төмен, сырт келбетінде немесе денсаулығында ақауы бар, ата-ана қарауынсыз қалған, бас­қа жақтан жаңадан көшіп келгендер екен. Психологиялық зерттеулер бо­йынша әлімжеттік көрсететін балалар ата-ана тарапынан махаббат, жылулық, сүйіспеншілік пен қамқорлықтың болмауы және отбасындағы жиі жанжалдың орын алуы салдарынан осындай жаман іске баратын көрінеді. Сонымен қоса отбасыда зорлық-зомбылық көріп өскен бала агрессияға бейім келеді.

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

Буллинг ұғымын бастапқыда қоғамда қауіпті мәселе ретінде бағаламай, онша мән берілмей, байқалмаған еді. Екі адам арасындағы жай ғана ерегіс деп қана қабылдады. Ал бүгінгі күні осындай үлкен мәселеге айналады деп кім ойлаған. Қазіргі уақытта буллингтің жасөспірімдер арасында көп болуының тағы бір басты себебі – ашық интернет жүйесі және әлеуметтік желілер мен технологиялардың жаңа деңгейге шығуы. Қазір он оқушының тоғызында смартфон бар.

Ал ата-аналар болса көбінесе жұмыстың қамымен жүретіндіктен баласының ұялы теле­фонын тексеруге де уақыты бола бер­мейді. Әлеуметтік желілерде көбіне балалар­ға арналған қатаң шектеу жоқ. Шектеу болған күннің өзінде де өзін үлкен адам ретінде көрсете салу оп-оңай, ешқандай қиындығы жоқ. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде неше түрлі түзу жолдан тайдыратын, адамның ойын бұзатын, теріс бағыттағы топтар өте көп. Жас жеткіншектер қызығушылықпен он­дай топтарға кіріп көруге әуес келеді. Тексеру барысында ондай топтардың басым бөлі­гінде жас жеткіншектер тіркелген екен. Ата-аналар балаларын күнделікті қадағалап отырмағанның салдары осындай болады. Бала­ның ұялы телефонын тексеру барысында қандай желілерге кіргенін, қандай топтарға тіркелгенін және кіммен хат алмасқанын ата-ана үнемі бақылауда ұстауы қажет. Сонымен қоса ата-ана баламен үнемі ашық сөйлесіп, досындай әңгімелесіп отыруы керек. Бала тек ата-ананың ғана емес, сонымен қоса мектеп әкімшілігінің, сынып жетекшісінің және мектеп психологының да үнемі қадағалауында болуы тиіс. Бала қауіпсіздігі үшін ата-анадан кейінгі бірден-бір жауапты – мектеп әкімшілігі. Баланың мінез-құлқының өзгеруін, бойындағы өзгерістері мен ерекше белгілерін ата-ана мен мұғалім байқауға тырысуы керек. Осыған сәйкес мектепте ең бірінші бала тәрбиесіне аса көңіл бөліп, әлімжеттіктің алдын алу үшін түрлі жұмыс пен іс-шаралар жүргізіп, балалармен психологтар әркез байланыста болып, басты назарында ұстағаны жөн. Мектептегі буллинг бұл – өте қиын мәселе. Дегенмен бұл мәселе бойынша ата-аналар, мұғалімдер, тәрбие ісінің мамандары, психологтар бірлесе отыра балалармен қарқынды әрі жүйелі жұмыс жасаса, бұндай жағдайлардың алдын алуға болады. Ата-аналар балаларына өзгені қорлаудың болмайтындығын, дұрыс еместігін әркез ескертіп, түсіндіріп отырғаны абзал.

БАЛАБАҚШАДАҒЫ СҰМДЫҚ ЖАЙТ

Соңғы уақытта буллинг жағдайлары мектептерде ғана емес тіпті балабақшада да орын алып жатыр. Әлеуметтік желіде балабақшадағы балалардың бір баланы аяу­сыз ұрып-соғып, төмпештеп жатқаны көрініс тапқан жаға ұстатарлық видеолар тарап жүр. Бүлдіршіндердің бұндайға баруының басты себебі – отбасындағы тәрбиеден. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі салғырттығының соңы осындай жаман іске әкеліп отыр. Бұдан бөлек ата-ана құлағының тыныштығы үшін балаға ұялы телефонды беріп қояды. Баласының не істеп, не көріп жатқанында шаруасы жоқ. Қазіргі балалар түрлі атыс-шабыс ойын­дарды ойнауға әуес. Ал ойын баласы сол ойындардағы жауыздықты, қатыгездікті кө­ріп, сана­сы бұзылады.

БУЛЛИНГКЕ ҚАТЫСТЫ ҚАНДАЙ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Ағымдағы жыл­дың 21 ақ­пан күні балалар мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған заңнамалық түзетулер мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақса­тын­да бірқатар норма қарастырылды. Кәме­лет­ке толмағандарға қатысты неме­се отбасында әкімшілік, қылмыстық құқық­бұзушылық жасаған адамдардың мінез-құлқына ерекше талаптар қолданылады. Атап айтқанда, сот шешімі бойынша олардан медици­налық ұйымдардан психологиялық көмек талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ зорлық-зомбылық деректерін уақытылы анықтау үшін уәкілетті органдардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламаларға ден қою мүмкіндігі қарастырылған», – деп нақтылады Мәжілісте. Сонымен қоса ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің өткен жылдың 21 желтоқсандағы бұйрығымен Баланы жәбірлеудің (буллинг) алдын алу ережесі бекітілді. Құжат ресми жарияланған күннен 10 күн өткеннен кейін күшіне енеді. Қағидаға сәйкес, білім беру ұйымы әкімшілігінің келісімі бойынша баланы жәбірлеудің алдын алу жөніндегі жұмысқа ата-аналар жұртшы­лығының, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйым­дардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері тартылады.

БУЛЛИНГ ҚҰРБАНЫНА ҚАНДАЙ КӨМЕК БЕРЕ АЛАМЫЗ?

Егер де бала буллингтің құрбаны болғанын білсеңіз, ең бірінші сабырлық сақтап, оны кінәламай, баламен ашық сөйлесу қажет. Жәбірленуші ең бастысы жақынының қолда­уын күтеді. Оның жалғыз емес екенін түсін­дір­ген жөн. Болған оқиғаны қайта-қайта сұрай бермей, көңілін басқа жаққа бұрып, ұмыт­тыруға жәрдем беріп, демеу керек. Қоғам мәселесі – баршаға ортақ. Сол себепті бұл түйіткілді мәселенің алдын алуға сіз бен біз болып біріге атсалысуымыз керек.


Осыған орай, облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігінің жанынан жұмысшы тобы құрылып, күнделікті жас­өспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары ұйым­дастырылуда. Рейд жұмыстары барысында жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Деген­мен де, түнгі беймезгіл уақытта ата-аналары немесе заңды өкілдерінсіз оқушылардың жүруі толас­тамай тұр. Демек бұл жерде ата-аналардың бақылауы мен қадағалауының жеткіліксіздігі байқалады. Жыл сайын кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзұшылық, суицидтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бекітілген ведомствоаралық жос­пар аясында мектептерде кездесулер өткізілуде. Ағымдағы жылдың ақпан айын­да аудан әкімінің салалық орынбасары Д.Байдушевтің төрағалығымен жұмысшы топ құрылып, барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйым­дастырылуда. Аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің басшысы, аудандық прокуратура, аурухана және полиция қызметкерлерінің, ардагер ұстаздар, әкелер кеңесінің төрағасы, аналар кеңесінің төрайымдары және ата-аналар комитетінің төрағаларының қатысуымен жоғары сыныптың ер және қыз балаларымен бөлек өткізілді. Кездесу барысында ер балаларға патриоттық бағытта насихат жұмысы жүргі­зіліп, нашақорлықтың, буллинг пен кибер­буллингтің, суицидтің және түнгі жүріс, топ­тық төбелестің, лудомания, электроны вейп және нашақорлық, әлімжеттіктің алдын алу бағытында түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ал қыз балалармен әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік мәдениетін қалып­тастыру және олардың бойын­да үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын жөнінде түсін­дірілді. Ел ағалары оқушыларды жігерлі сөздерімен қанаттандырып, саламатты өмір салтын ұстануға, еркін ойлы шығармашыл азамат болуға шақырды.


Алтынай Қайратқызы
Фото: aikyn.kz
27 ақпан 2024 ж. 426 0