Энергия үнемдеу – шығынға апармайтын жол
Бүгін – Халықаралық энергия үнемдеу күні. Елімізде бұл маңызды күн «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен: «Энергия үнемдеу күні – 11 қараша» деген жаңа тармақпен толықтырылғаннан кейін атап өтілуде. Атаулы күн 2008 жылы оқушыларға арналған халықаралық білім беру жобасына қатысушылардың Қазақстанда өткен жыл сайынғы кездесуінде белгіленген болатын. Бұл іс-шара 1996 жылы Норвегияның табиғатты қорғау қоғамы бастамашылық еткен SPARE жобасының климаттың өзгеруі, энергетика және қоршаған орта мәселелеріне арналған еді. Міне, осы күн бірден Халықаралық мәртебеге ие болып, сол уақыттан бері жыл сайын мерекеленеді.Мақсат – тиімді пайдалану
Энергия үнемдеу мәселесінің маңыздылығы жыл өткен сайын аса түсуде. Бұл әлемде күн сайын электр энергиясына деген сұраныстың артуымен байланысты. Дегенмен энергия тұтыну деңгейі көбейгендіктен, табиғи ресурстың сарқылуы секілді оның теріс жағы бар екенін назарға салу мақсатында бұл атаулы күн халықаралық деңгейге жетті.
Жер жүзінде соңғы технологияның даму үрдісіне көз ілеспейді. Нәтижесінде адамдар түрлі тұрмыстық техниканы пайдалануда алдына жан салмайды. Қазір жаныңа қажеттінің бәрі бар. Гаджеттен бастап, компьютер, тұрмыстық техниканың сан алуан түрі бәрі-бәрі өмір сүруді жеңілдетуге бағытталғандай. Алайда бұл «жан рахаты» біз сөз еткелі тұрған энергия көзі болмаса жұмысын тоқтатады. Ал бір сәтке энергия көзі тоқтаса, өмір сүруден қалғандай күй кешетініңіз рас. Кез келген нәрсенің қадірі болады демекші, энергия көзіне ұқыптылықпен және үнемділікпен қарау арқылы бұл мәселенің шешіміне өз үлесімізді қосамыз. Яғни энергия тұтынуды азайту және тиімсіз пайдалануды қысқарту – энергия шығынын азайтуға жағдай жасау – әрбіріміздің міндетіміз. Себебі сарапшылар дүниежүзінде энергия тапшылығы айрықша сезілуде екенін айтып, дабыл қағуда. Энергетиктер әлем халқын қуат көзінің шикізаты азайып бара жатқандығына назар аудартуда. Тығырыққа тірелмеудің жолын іздеп, әзірге энергия көзін тиімді пайдалану мен үнемдеу жолдарын ұсынуда.
Расында жаңа ғасырдың алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – электр қуатын үнемдеу. Қуат көзінің жетіспеушілігінен ел экономикасы мен өнеркәсіптің дамуы тежейді. Еліміздің озық дамыған елдер қатарына кіруі, тұрмыс сапасы мен деңгейі энергия үнемдеу мәселесін шешумен байланысты. Әлемнің ақпарат таратушылары дамыған елдердің өзінде электр энергиясын үнемдеудің көптеген тәсілдері мен жаңа жобалары іске асып жатқанын айтуда. Сондықтан біздің елімізде де энергия үнемдеуде ауқымды жоба әзірлеуі қажет. Ал толыққанды энергияны пайдалану оның өндірісіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы көтерген мәселе – Атом электр станциясын салу бұл мәселенің шешімі екені сөзсіз. Халық тарапынан қолдау тауып, құрылысы басталған ірі станция ел экономикасын дамытумен қатар, электр қуаты өндірісін тәуелділіктен арылтары сөзсіз. Бірақ бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Сондықтан қоғам қолда барды ұқсатып, барынша үнемдеудің жолын қарастырғаны жөн.
Энергия көзі – шикізат
Кез келген қоғам өмірінің маңызды бөлігі саналатын электр энергиясын үнемді тұтынудың пайдасы зор. Соның бірі жоғарыда айтып өткеніміздей қоршаған ортаны сақтау факторы. Дамушы елдер тұрғындарға қажетті қуат көзін жеткілікті деңгейде өндіргенімен, электр энергиясын тұтыну деңгейі әртүрлі. Бұл сол елдегі кәсіпорындарға, ірі зауыт, фабрикаларға, өндіріс орындарының көп болуына байланысты. Ал дамыған елдерде ешқандай мәселе жоқ. Ол елдердің алдында қоршаған ортаға зиян тигізбейтіндей электр энергиясын үнемді пайдалану мақсаты тұр. Біздің елімізде энергияның негізгі бөлігі табиғи ресурстардан алынатындықтан негізгі шикізат көзін тиісінше үнемдеу мәселесі тағы бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда электр қуатының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, 3 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен, қалғаны судан өндіріледі. Өз кезегінде көмір, мұнай және газ қайта қалпына келмейтін пайдалы қазбаларға жататындықтан, энергия беруші ресурстар бір күні сарқылатынын есте ұстауымыз керек. Шын мәнінде электр энергиясын өндіру аса қымбат, сонымен қатар қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Мәселен, көмір жағу арқылы өндірілетін қуат көзі қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді. Бұл онсыз да экологиясына қауіпі көп аймақтар үшін тиімсіз болғандықтан, мамандар өзге де озық тәжірибелі жобаларды қарастыруда. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елордада өткен халықаралық көрмеде энергия көзі ретінде бірнеше жоба ұсынылды. Табиғи ресурстардан бөлек, күн, жел, су т.б. қуат көзін шығаруға мүмкіндіктері зор екені көрсетілді. Десек те бұдан шыққан энергия толық қажеттілікті өтемейтіндіктен, энергияны үнемдеу мәселесі маңыздылығын жоймақ емес.
Мемлекеттің қыруар қаражаты елдегі кәсіпорындар мен халыққа қажетті электр энергиясына жұмсалады. Әсіресе, қыс айында электр энергиясын тұтыну деңгейі артады. Бұл қарапайым тұрғындарға да қатысты. Яғни адамдар ең алдымен энергияны үнемдейтін құрылғыларды пайдалануды үйренгені жөн. Ондай құралдарға көп қаражат кеткенімен жоғары технологиялық және экологиялық таза өнімнің энергия үнемдеудің мүмкіндігі зор. Қазір халық көп шоғырланған үлкен қалаларда адамдар энергияны үнемдейтін жүйелері бар және жарықтандыру мен электр құрылғыларын қашықтықтан басқаруға арналған қолданбалары бар «ақылды» үйлерде тұрады. Бұл адам өмірін өте ыңғайлы етеді, әрі жайлы өмір сүрудің кепілі.
Үнемдеуді әдетке айналдырыңыз
Бала кезімізде ата-анамыз электр энергиясын үнемдеу туралы көп айтатын. «Жарықты өшіріп жүру – қуатты үнемдеудің негізі» деп. Сондықтан бұл жақсы әдетке қалыптасу арқылы үнемдеуге атсалысып жүргенімізге қуанатынбыз. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Тәулік бойы қуат көзін өшірмейтіндер көп. Қарапайым мысал, ұялы телефон қуаттағышы түні бойы тоққа қосылып тұрады. Ал телефон небәрі 1-2 сағатта қуатталатындықтан, артық уақыт қуаты бекерге жұмсалады. Сондықтан төменде айтылған бірнеше кеңес сіздің және отбасыңыздың энергияны үнемдеуге көмегі тиері сөзсіз.
Ең алдымен кез келген адам үйден шығарда жарықты сөндіріп жүруді әдетке айналдыруы керек. Бұл – өте қарапайым ереже. Десе де бұл ережені қаперімізде ұстауды ұмытып кетіп жатамыз. Босқа жанып қалған жарық қоршаған ортаға зиян келтіреді. Сол үшін де бөлмеден шыққан кезде жарықты өшіруді ұмытпаңыз.
Екіншіден, қазір қуат үнемдеуші шамдар шығып жатыр. Үйіңіздегі кәдімгі шамдарды энергияны үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстырыңыз. Олар ең алдымен бірнеше есе ұзағырақ қызмет етеді және электр энергиясын айтарлықтай аз тұтынады. Қуат үнемдеуші шамдар қатты қызбайды, сол себепті энергия тек жарықтандыруға жұмсалады. Үшіншіден, тұрмыстық техниканы пайдалану ережелерін сақтау қажет. Пайдаланбаған кезде құрылғылар мен қуаттағыштарды тоқтан ажыратып жүріңіз. Әсіресе энергияны көп тұтынатындар: электр плитасы, ас үй құралдары. Өйткені токқа қосылған кез келген құрылғы істеп тұрмаса да электр қуатын тұтынады. Жаңа құрылғыларды сатып алғанда, қуат үнемдеу жағын міндетті түрде сұрап алыңыз. Сонымен қатар ескі сымдарды ауыстырыңыз. Тозығы жеткен сым электр энергиясын тұтынудың жоғарылауына әкеледі. Оны ауыстыру арқылы сіз өрт қауіпсіздігін де сақтайсыз. Және ең маңызды ереже – аптасына бір күніңізді теледидар, ноутбук, смартфонсыз өткізуге дағдыланыңыз. Оның орнына жаяу серуендеу, кітап оқу, отбасыңызбен және достарыңызбен сөйлесу, спортпен айналысу әлдеқайда тиімді екенін біліңіз.
Түйін. Қазақ қоғамында үнемшілдік, қажетсіз шығынға жол бермеу секілді қасиет бұрыннан бар, қалыптасқан. Ысырапшыл болмай, үнемшіл болу кедейліктің алдын алады. Бұл біз айтып отырған энергия үнемдеуге де қатысты. Сондықтан артық шығынның алдын алып, қуат көзін барынша үнемдеу арқылы ел мүддесіне қызмет етсек, табиғи байлығымызды сақтауға үлес қосқанымыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөз









