Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада оқушыларға психологиялық қолдау көрсету орталығы ашылмақ

Қызылордада оқушыларға психологиялық қолдау көрсету орталығы ашылмақ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжілісте жауапты басшыларға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлімжеттіктің алдын алу туралы тапсырма берді.

«Өкінішке қарай, кейбір мектептерде жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік, зорлық көрсетуі, суицидке баруы тіркелуде. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізіп, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Олардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтыратын кез келген жағдайға тосқауыл қоюымыз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде бұл мәселеге тоқталып, «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.

Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Кейбір мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде кейбір мектепте оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» – деп алаңдаушылық білдірген болатын.

Өткен жылы қыркүйек айында «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылды. Биыл облыс орталығынан Психологиялық қолдау орталығы өз жұмысын бастайды. Жаңа орталықтар жұмысы балалардың ой-танымын арттыруға, спорттық қабілетін шыңдауға, жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Биыл өңірдегі 57 мектеп, 6 балабақшадағы бейнебақылау жүйесін талапқа сәйкестендіруге бюджеттен 456 млн. теңге қаржы бөлінді. Балаларды жайлы және қауіпсіз тасымалмен қамтамасыз ету үшін 30 автобус жаңаланды.

Өткен жылы көрші Ақтөбе облысында аудан орталығындағы олимпиадаға оқушыларды тасымалдаған автокөлік апатқа ұшырап, екі бала қайтыс болған еді. Осы жағдайды еске салған Нұрлыбек Машбекұлы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды міндеттеді.

                                                                           Фото:Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
29 қаңтар 2024 ж. 210 0